Француз ғалымдары диеталық сусындардың пайдасынан зияны көп екенін анықтады. Олардың айтуынша, құрамында қанты көп стандарт нұсқаның өзіндей денсаулыққа кері әсері бар деседі.
Бұл туралы зерттеу мақала Journal of the American College of Cardiology басылымында жарық көрді. Зерттеу жұмысының авторлары ондаған жыл бойы осы тақырыпты қарастырған. Тіпті, осы мақсатта 104 мың адамның күнделікті жай-күйін бақылауда ұстап отырған. Алкогольсіз сусынды қаншалықты ішетінін қадағалай отырып, зерттеуге қатысып жатқандарды шартты түрде үш топқа бөлген. Яғни, олар сусынды қаншалықты жиі ішетініне байланысты топтастырыпты. Ал өнімдерді болса, екі топқа бөліпті: тәтті және қолдан тәтті етілген, яғни жасанды жолмен қант қосылған. Екінші категориядағы өнімдерге құрамында бес пайыздан аз қанты бар және қантты алмастырғыштары бары кірген. Осы екі топтағы өнімдерді тұтынуына қарай зерттеушілер арнайы есеп жүргізіп отырыпты. Нәтижесінде, күнделікті тәтті және қолдан тәтті етілген өнімдерді ішетіндер кофе, шай немес су ішумен шектелетіндерге қарағанда 20 пайызға жиі ауырады екен. Ауырғанда да, жүрек ауруы, инфаркт, инсульт сынды қауіпті ауруға көп ұшырайды деседі. Тағы бір айта кетерлігі, осы тенденция сусындардың диеталық түрін ішетіндерде де, стандартты нұсқасын ішетіндер секілді жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдығуға бейім болғаны белгілі болып отыр. Негізі, диеталық сусындар мен олардың құрамындағы жасанды тәттілендіргіштерді көбіне көмірсуларды қолдануды азайтады деген оймен ішеді. Бірақ ғалымдар мен медицина мамандары жасанды тәттілендіргіштердің метаболизмді өзгертетініне алаңдап отыр. Өйткені олар қантты жылдам сіңіріп алады. Зерттеу жұмысын жүргізген автор Элой Чазелас «тәттілендіргіштер тәтті сусындардың орнын еш баса алмайды» деген нық сенімде.Жадыра АҚҚАЙЫР