Ескі қаланың мекенін іздеп келген кісі алдымен «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына» бас сұғады. Онда музей, мешіт және Хандар пантеоны деп аталатын 8 қырлы кесене-ескерткіш бар. Қабырғалар арасына Сарайшықта жерленген жеті ханға арнап құлпытастар қойылған. Олар:
Мөңке-Темір (1266-1282 жж)
Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312 жж)
Жәнібек (1343-1353 жж)
Әмір – Оқас (1440-1447 жж)
Қасым хан (1511-1518 жж)
Ших Мамай (1542-1549 жж)
Жүсіп (1549-1554 жж).
Ал ауыл іргесіне шыққан адам Жайық өзенінің иінінде жалпы көлемі 600х600 метр алаңқайда қазба орнын кездестіреді. Бұл үш орданың орталығы болған Сарайшық қаласының орны (бұл сөздің мәнін төменде жазамын). Мұнда көптеген қабырғалар қалпына келтірілген. Лай қабырғалардың жаңа екенін байқауға болады. Яғни, көне қаланың кескіні реконструкциялануда. Кәрі тарихты қойнына жасырған қаланың қабырғаларын қайта құйып, жаңалатып, оның тарихи мәнін жоғалтпаймыз ба деген күмән көкейде бірден оянады. Дегенмен шаһар дегеніміз жер астында үгітінді болып жатқаннан осылайша алыстан менмұндалап, бой көтергені дұрыс та шығар деп өз-өзіңді жұбатасың.
Жергілікті музей қызметкері Сарайшық қаласы Алтын Орда, Ноғай Ордасы және Қасым хан тұсында Қазақ хандығының астанасы болған деп мақтана мәлімдеді. Алайда Алтын Орданың орталығы Сарай-Бату, Сарай-Берке болғаны белгілі. Қала Жайықтың иінінде орналасқан соң жан-жағы сумен қоршалған. Нақ осы мекен бекер таңдалмағаны анық. Жаудан қорғануға ыңғайлы болған. Жайықты ол кезде Ұлысу деп атаған екен. Сарайшық туралы алғашқы жазба дерек қалдырған арабтың белгілі географ-ғалымы, Ибн-Батута «Біз Сарайшық қаласынан ат жеккен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжүк қаласына жеттік. Бұл «Ұлысу деп аталатын» үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен».
Қала Ноғай Ордасының да орталығы болғандықтан, мұнда ноғай халқының зираттары сақталған. Көбіне кірпіштен соғылған төмпешік болып келеді. Әдетте бір отбасының өкілін сол қорымға көмген екен. Ал кейінірек дәл сол отбасыдан басқа адам көз жұмса, кірпіштер алынып, жақын бауырының жанына жерленген және кірпіштер қайта қаланып, жабылған. Бүгінде зиратты қар-жаңбырдан қорғау үшін оның үстін темір конструкциямен жапқан. Себебі қорымның көпшілігі қазылған, ашық жатыр.
Деректерге сүйенсек, Сарайшықта бірнеше хан ордасын тіккен әрі Жібек жолының бойында жайғасқандықтан, ірі сауда орталығы ретінде мәлім болған. Сәйкесінше, мұнда хан сарайы, керуен сарайы, базарлар салынған. Алайда осыншама мұра қазіргі Жайықтың арғы бетінде тоғайдың астында қалған. Енді соншама мұра тоғай мен топырақ астынан қазылынып алына ма, жоқ па, белгісіз.
Мұнда алғашқы қазба жұмыстары 19 ғасырда жүргізілген. Сол кезде алтын, күміс, мыс әшекей заттар мен тиындар табылған. Ал 1950 жылы Сарайшықтағы зерттеу жұмыстарын Әлкей Марғұлан жалғастырып, қала 12 ғасырда салынған деген тұжырымға келеді.
Алайда 1990 жылы Жайық тасып, жағасына жайылған соң көне қаланың біршама бөлігі су астында қалған. Тек жақында ғана судан қоршау салынып, тарихи мекенді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліпті. Биыл қазан айының белортасында ғалымдар Сарайшықтан Қасым ханның зиратын тапқанын хабарлады. Дегенмен бұл әзірге болжам.
Сарайшықты жау да тонаған, табиғат та аямаған. Су шайған, жаңбыр мен қар да зиянын тигізген. Үгітілген қабырғаларда солардың ізі жатқандай. Сарайшықтың дәл іргесінде қазір ауыл тұр. Үйлері қаздай тізілген. Бұл да тарихи мекенге кішігірім қауіп сияқты. Адам келмесе де, ірілі-ұсақ мал жайылып, адасып, тұяғымен ескі қыштарды езуі де бек мүмкін. Себебі мұнда тәулік бойы күзетіп тұрған қарауыл жоқ.
Еуропаны шарлаған кісі ондағы көптеген тарихи ғимараттардың дін – аман сақталғанын байқайды. Талай империяны бастан кешірген Римдегі Колизейді аралауға болады. Немесе Англияның Йорк қаласында 11 ғасырдағы қамал қасқайып әлі тұр. Олар несімен құнды? Аталған тарихи орындардың әр кірпіші көненің көзіндей. Әр елдің өткеніне куәгер. Осылайша, өзгелердің тарихи тұрақтарына тамсанамыз. Өкінішке қарай, талай ханға орда болған Сарайшықтай мұрамызды әлі де қалпына келтіргеніміз жоқ, жұртқа оның құнын, құндылығын толық жеткізе алмадық.