Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында биылғы 9 айда ішкі істер органдары атқарған жұмыстың қорытындылары және Президент тапсырмаларын орындау барысы қаралды, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Шараға ІІМ қызметі мен полицияның аумақтық департаменттерінің басшылары және еліміздің барлық аймақтарының учаскелік инспекторлары қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер саласы қызметкерлерінің еңбекақысы төмен екенін айтты. Бұл көптен бері қордаланған мәселелерді бірі. Осыған орай ол Үкіметке 3 жылдың ішінде тәртіп сақшыларының еңбекақысын 30 пайызға көтеру туралы тапсырма берді.
Президент барлық мемлекеттік басқару жүйесіне үлкен сынақ болған COVID-19 пандемиясы кезінде полиция қызметкерлерінің ерекше еңбегін атап өтті.
– Қазіргі жағдайда дәрігерлермен қатар майданның алғы шебінде полиция қызметкерлері де жүр. Өйткені азаматтардың қауіпсіздігі ғана емес, олардың денсаулығы мен берекелі өмірі сіздердің жұмыстарыңызға тікелей байланысты. Сондықтан бүгінгідей күрделі жағдайда мемлекет індетке қарсы тұрғандардың барлығын қолдайды. Менің тапсырмам бойынша пандемияның бірінші кезеңінде карантин шараларын қамтамасыз етуге қатысқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне сыйақы төлеуге 6,6 миллиард теңге бөлінді. Жыл соңына дейін тағы да 11,5 миллиард теңге беріледі, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөз соңында жоғарыда аталған міндеттерді толық орындау қажет екенін айтып, ІІМ бұл жұмысты абыроймен атқаратынына сенім білдірді.