Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін табысты қорғап, кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті. Президенттің сөзінше, бүгінгі күні кәсіпкерлік ел экономикасының қозғаушы күшіне айналды деуге толық негіз бар, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
– Соңғы бес жыл ішінде шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 24 пайыздан 32 пайызға артты. Кәсіпкерлік саласында еңбек ететін азаматтардың саны 21 пайызға, яғни 2,8 миллионнан 3,4 миллионға дейін өсті. Қазір жұмыспен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Бұған мемлекет пен бизнесті байланыстырып отырған Ұлттық палатаның сіңірген еңбегі мол, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен «Атамекен» ҰКП-ның үйлесімді жұмысы еліміздегі бизнес ахуалға оң әсер етіп отырғанын да атап өтті. Биыл қайта реттеуді жалғастыруды, бизнес үшін рәсімдерді жеңілдетуді, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерін қысқартуды қарастыратын заң шығару бастамаларының сегізінші топтамасы қабылданды.
– Менің тапсырмам бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін «бизнеске адалдық презумпциясы» қағидаты заң жүзінде бекітілді. Бұл барша даулы және түсініксіз мәселелерді кәсіпкерлердің пайдасына шешуге мүмкіндік береді. Аталған заң шығарудағы өзгерістер тиісті сот тәжірибесінде қолдау табатынына сенемін. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап менің Жарлығыма сәйкес шағын және орта бизнесті үш жылға дейін тексеруден босату туралы мораторий күшіне енді. Нәтижесінде мұндай субъектілерді тексеру көлемі 8 есе қысқарды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкімет пен Қазақстандағы бизнестің үйлесімді жұмысының нәтижесінде пандемия кезінде денсаулық сақтау саласындағы және экономикадағы жағдайды бақылай алғанымызды айтты. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында дағдарысқа қарсы теңдессіз бірқатар шара қабылданып, кәсіпкерліктің 700-ден астам субъектісі салық төлеуден босатылды немесе олар үшін салық мөлшерлемелері төмендетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы белсенді жұмыс істей бастады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың ғимараттарында орналасқан шағын және орта бизнес субъектілері жыл соңына дейін жалға алу төлемдерінен босатылды. Сондай-ақ қатты зардап шеккен секторлар үшін бюджеттен тыс барлық қорларға аударымдар жіберу тоқтатылды. Аса қатты зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелері жылына 6 пайызға дейінгі мөлшерлемемен субсидияланады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық Банкке 2021 жылға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын ұзартуды тапсырды. Бұл ретте, жаңартылған бағдарламада бірінші кезеңді іске асыру барысында анықталған кемшіліктерді ескеру қажет.
– Бұл жерде өңірлерге бөлінетін қаражаттарды сапалы әрі тиімді бөлу жөнінде сөз болып отыр. Тікелей мағынасында ақшаны желге ұшыруға немесе «өз» компанияларына келісімшарттарды бөліп беруге жол берілмеуі тиіс. Қаражаттардың бір бөлігін микро несие беруге жұмсауға болады. Үкімет пен Ұлттық Банк 1 желтоқсанға дейін нақты ұсыныстар беруі тиіс. Ұлттық палата дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу мен оларды іске асыруда біршама қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. Медицина тілімен айтсақ, біз бірлесе отырып проблемаға дұрыс диагноз қойып, емдеудің қажетті шараларын қабылдай алдық, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, пандемия мен дағдарыс Қазақстанның алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Сондықтан мемлекет елімізде бизнес жүргізудің шарттарын жүйелі түрде жақсартуды жалғастыра береді. Президенттің тапсырмасы бойынша сапалы жаңа реттеушілік жүйе әзірлене бастады. Қолданыстағы барлық бақылау-қадағалау, рұқсат беру және басқа да реттеуші құралдарға үлкен әрі нақты тексерулер жасалады.
– Біз құқық қорғау және сот жүйелерін реформалауды бастадық. Реформа жедел, ашық және тиімді болуы тиіс. Бұл жұмысты өзім тікелей қадағалаймын. Мұндай күрделі, жабық жүйелерді, оның ішінде, бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғай отырып өзгерту қажет. Сондықтан «Атамекеннен» нақты ұсыныстар күтемін. Құқық қорғау органдарының барша қызметкерлері, инспектордан бастап генералға дейін елімізде қолайлы бизнес ахуалды қалыптастыру жұмысының толыққанды қатысушылары екендерін сезінулері тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Отандық өнім көлемін ұлғайту және қайта өңдеу өнеркәсібін қолдау мәселелері басты назарда бола бермек. Үкімет сатып алуды реттеу жөніндегі нормативтік-құқықтық базаны өзектендіруді бастады. Квазимемлекеттік секторды сатып алу жобасы бойынша жоба жүріп жатыр. Өңдеу өндірісіне шикізат жеткізу тетіктері әзірленуде. Отандық өнеркәсіп секторы үшін жаңа заңнамалық база дайындалуда. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу басталды.
– Қазір біздің өткеннен сабақ алатын, ауыл шаруашылығының бүгінгі жағдайын және болашағын дәлме-дәл анықтайтын, өз әлеуетімізді дұрыс бағалайтын мүмкіндігіміз бар. Алдымен пәрменді шаралар мен қолдау институттарын айқындап, дұрыс реттеу ортасын қалыптастыру керек. Содан кейін ғана қапысыз және басымдықтарды жыл сайын өзгертпей батыл алға жылжуға болады. Агроөнеркәсіп кешені бойынша бағдарламалық құжаттың әзірленуін тікелей қадағалап отыратын боламын. Бұл ретте шенеуніктердің де, кәсіпкерлердің де, сарапшылардың да пікірін тыңдаймын. Өйткені ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеретін кез жетті. Олай болмаған жағдайда біздің экономикамыз үшін өкінішке ұрындыратын теріс салдар орын алуы мүмкін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық компанияларды белсенді түрде сыртқы нарықтарға шығуға шақырды. Үкіметке Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп экспорттық әлеуеті бар салалар мен кәсіпорындарды анықтау тапсырылған. Мұндай жобаларға қаржыландыру жеңілдігі, экспорттық қолдау тетіктері, заттай грант беру секілді кешенді қолдау шаралары көрсетіледі. Қазақстан келер жылы шикізаттық емес экспорттың көлемін 29 миллиард долларға дейін арттыруды көздеп отыр.
Президент баяндамасында еліміздің экономикасын цифрландыру қарқынын сақтауға байланысты да ерекше көңіл бөлінді.
– Жақын арада жерге қол жеткізу секілді кәсіпкерлер үшін тағы да бір маңызды мәселе шешілуі керек. Менің тапсырмам бойынша Үкімет жер қатынастарын цифрландыру және отандық бизнестің ауыл шаруашылығына арналмаған жер ресурстарына қол жеткізуін жеңілдету жөнінде заң жобасын дайындады. Сондай-ақ заңда жер қатынастары мен сәулет саласында мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсету, жер учаскелерін беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарту, мемлекеттік актіні, жерге орналастыру жобасын алып тастау және басқа да бірқатар маңызды мәселелер қарастырылған. Үкімет жыл соңына дейін аталған заң жобасын Парламентке беруі қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді қолдау және қорғау ел дамуы үшін маңызды міндет екенін айтты. Сонымен қатар бұл Президенттің сайлауалды уәделері мен басымдықтарының бірі. Сондықтан ол ұлттық бизнесті дамытуға әрқашан баса назар аударады.
– Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдар бизнесті қолдауға байланысты міндеттердің тиісінше орындалуын қамтамасыз ететін болады. Алайда бизнес сектор да жаңа талаптарға тез бейімделуі керек. Кәсіпкерлер өз бизнесін жаңғыртуға назар аударуға тиіс. Бұл, ең алдымен, бәсекеге қабілетті болу, әрқашан жаңа бастамалар мен жаңа жобаларды іске асыруға ұмтылу деген сөз. Сонымен бірге біз табысты әділ бөлудің маңыздылығын да ұмытпауымыз керек. Кәсіпкерлерге жұмыс орындарын ашып, табысын ұлғайтуы қажет. Ең алдымен, бұл мемлекеттен қаржылай көмек алатын кәсіпорындардың міндеті, – деді Президент.
Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірлесіп жұмыс істеу арқылы ғана ел экономикасын қалпына келтіріп, дамудың жаңа деңгейіне шыға алатынымызды атап өтті. Президент «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да бүкіл қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың мүдделерін білдіретін беделді құрылым болып қала беретініне сенім білдірді.