Ел Парламенті биылғы жыл бюджетін қайта қарап, нақтылады. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында сенаторлар «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын құптады.
Республикалық бюджетті қайта нақтылау пандемиямен күрес жұмыстарын қаржыландыруға, мемлекеттің әлеуметтік міндеттерін орындауға, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мембағдарламалары аясында экономиканың нақты салаларын қолдауға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және индустриалды-инновациялық даму бағдарламаларын іске асыруға бағытталған. Сенат басшысы заңның еліміз үшін маңызы зор екеніне тоқталды.– Республикалық бюджетті нақтылау Президентіміздің биылғы Жолдауында айтылған әлеуметтік тапсырмаларды орындауға, экономикалық өсуді қалпына келтіруге және пандемиямен күресуге бағытталған. Шын мәнінде, биылғы жыл індетке байланысты оңайға тиіп жатқан жоқ. Соған қарамастан Президентіміз мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттерін орындау үшін бар мүмкіндікті жасауда, – деді Мәулен Әшімбаев.Оның айтуынша, құжатта әлеуметтік мәселелерді шешуге, экономиканың нақты секторларын қолдауға баса мән берілген. Сонымен қатар сенаторлар «Ұлттық қордан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңын өзгертті. Құжатта Ұлттық қордан 2020 жыл бюджетіне 4 триллион 770 млрд теңге сомасында кепілдендірілген трансферт қаражат алу белгіленген. Ұлттық банк төрағасының орынбасары А.Баймағамбетовтің мәліметінше, биыл Үкімет Қазақстанның ЖІӨ-сі -2,1%-ға кемиді деп күтуде.
«Бұл -2-ден -2,3% деңгейіндегі Ұлттық банктің жаңартылған болжамына сәйкес келеді. Қатарынан екі ай бойы инфляция 7% болды. Оған азық-түлік инфляциясы негізгі үлес қосуын жалғастыруда: ол биылғы қыркүйекте 10,8%-ды құрады. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,5%. Ақылы қызметтер бағасы соңғы айда 3,4%-дан 3,6%-ға дейін өсті. Реттелетін коммуналдық қызметтің 0,7%-ға, электр энергиясының 6,6%-ға қымбаттауы ақылы қызметтер инфляциясы жеделдеуінің негізгі факторына айналды», – деді Ақылжан Баймағамбетов.Яғни, Ұлттық банктің бағалауынша, азық-түлік өнімдері қымбаттауының сақталуы, теңгенің құнсыздануы және ақылы қызметтер инфляциясының жылдамдауы аясында инфляция 2020 жылы 8%-ға дейін шарықтамақ.
Елдос СЕНБАЙ