Үш апаттың біреуі – жылдамдықтан
Үш апаттың біреуі – жылдамдықтан
286
оқылды

Қазақстандағы әр үш жол апатының біреуі жыл­дам­дықты асыру салдарынан бо­лады. Бұл туралы Пре­зидент жанындағы Орталық коммуникациялар қыз­ме­тінде өткен баспасөз кон­ференциясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бас директоры За­мир Сағынов мәлім етті.

Оның айтуынша, 2019 жылы 100 мың адамға шаққанда 10,4 өлім тіркелген екен. Осыдан үш жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда көрсеткіш 41%-ға төмендеген. Елімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен туындайтын жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Ол 42% үлесімен көш бастап тұр. Жол апатының 30%-ы жылдам­­дықты асыру салдарынан бо­лады. Мал басып кету ке­сірінен соңғы бір жылда 104 жол апаты тіркелді. Салдарынан 140 адам жарақат алып, 36 адам қаза тапты. Женевада өткен Жол қауіп­сіздігі жаһандық ын­тымақ­тас­тығы кон­ферен­циясында қа­былданған «Жол қозғалысы қауіп­сіздігі» нұсқаулығына сәй­кес, жыл­дам­дық сағатына 10 ша­қырымға тө­мендесе адам өлі­мімен аяқ­та­латын жол-көлік оқиғалары 37%-ға кемиді. Осы саланы егжей-тегжейлі зерттей келе Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Үкіметке бірнеше ұсыныс енгізбек: бі­ріншіден, апат жиі орын алатын учаскелерде тіркеу камераларын орнатып, оны Әкім­шілік полиция комитетінің дерекқорымен бі­ріктіру, екін­шіден, автожолдарда орташа жылдамдықты анықтау тәсілін енгізу көзделуде. Үшіншіден, үй жануарлары жолға жиі шығып кетпеуі үшін нақты тетіктер енгізу қарас­ты­рыл­мақ. Төртіншіден, ха­лыққа жол­дың қателікті ке­­шірмейтінін тү­сіндіретін насихат жұмыстарын жиілету ұсы­нылады.

Е.СЕНБАЙ