Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауын талқылау аясында «Nur Otan» партиясының Алматы қалалық филиалы этномәдени бірлестіктердің басшыларымен және мегаполис жұртшылығымен онлайн кездесу өткізді.
Партияның қалалық филиалының бірінші орынбасары Станислав Канкуровтың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ұлттық-мәдени орталықтар еліміздегі жалпыұлттық келісім мен бейбітшіліктің сақталуына өзіндік үлесін қосып келеді.– Ассамблея Қазақстан халқының тұрақтылығы мен бірлігін сақтауда ерекше рөл атқаруда. Партия үшін этномәдени бірлестіктермен тығыз қарым-қатынас жасау қашан да маңызды. Бұл бізге қоғамдағы орын алған түрлі жағдайлардан хабардар болып, қазіргі проблемаларды түсінуге және оларды шешуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Канкуров.«Ахыска» республикалық түрік орталығының, «Ильдаш» татар гуманитарлық даму орталығының және Қазақстандық дүнген қоғамының қатысушылары Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында ұлттық мәселелер көрші елдердегідей ешқашан өзекті болған емес деген пікірге келді. Бұл ретте жақында ұйымдастырылған «Мен өз Туымды мақтан етемін» акциясын қазақстандықтардың бірауыздан қолдауы – шетелдік фильмнің күмәнді жарнамалық компаниясына берілген жауап болғанын жиынға қатысушылар атап өтті.
– Жолдаудың төртінші тармағында Мемлекет басшысы қоғамдық келісімді нығайту бағытында үлкен бетбұрыс жасады. Жолдауда түрлі әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның күш-жігерінің нәтижесі делінген. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясы біздің бірлігімізді нығайтуда нақты шаралар қабылдау үшін саяси процестерге талдаулар жасап, этносаралық келісім мен дінаралық өзара түсіністікті нығайтуды белсенді жалғастыруда, – деп атап өтті Алматы қалалық мәслихатының «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Қали Сәрсенбай.
А.ЖАСАНҰЛЫ