Абайдың 175 жылдығына жасалған сыйдың шегі жоқ. Сондай ерекше тартудың бірі – силиконнан жасалған мүсін. Құдды тірі жан сияқты көрінетін мүсінді елордалық мүсінші жасап шығарған. Төрт айда дүниеге келген туынды желіде жағымды пікірлер жинады.
Айдос Есмағамбетов – Нұр-Сұлтан қаласында тұратын мүсінші. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың мүсінін силиконнан жасаған. Өзінің айтуынша, хакім Абайдың 175 жылдығына арнайы тарту қылған екен. Айдос жұмысын Instagram желісіндегі парақшасына жүктеді. Артынша белгілі пабликтерге тарап, мыңдаған лайк пен пікірге «көміліп» қалды. «Ұлы Абайдың мүсінін төрт ай жасадым. Шеберханада қанша ұйқысыз түндер өтті. Қателесіп, қайта жасап, соңында шыққан нәтиже» деп бөлісті мүсіннің видеосын қоса салған автор.
Желілердегі топтарға жарияланған жазбалардың соңы «Рақмет. Айнытпай жасапсың. Еңбегің жана берсін, бағалана берсін. Ұқсынсыз ескерткіштерді миллиондарға жасағанша, тегін жасаған сенің дүниең керемет. Қарасаң, көзің тоймайды. Ата-анаң, өзің, отбасың аман болсын» деген жылы лебіздерге толы. Расында, бұл жұмысты ол ешқандай да жергілікті бюджет қаражатына жасамаған.