Оқушы жүр сенделіп, бос мектеп тұр сәнделіп
Оқушы жүр сенделіп, бос мектеп тұр сәнделіп
117
оқылды

Ақтөбе облыстық Білім басқармасында былық шаш-етектен екен. Қоғам белсенділерінің үні естілгенінің арқасында осы са­ладағы біршама мәселе арнайы мониторинг тобының назарына ілікті. Соған байланысты тексеріс жүргізіліп, рас-өтірігі анық­талды. Бөлінген бюджеттің орынды жұмсалуы ғана емес, игілікке жарауы да маңызды. Білім басқармасы қара­жатты қалай игеріп отыр? Антикор неге наразы? Ақ-қарасын ажы­ратуға тырыстық.

Қымбат компьютердің «жыры»

Әлқисса, әңгіменің қайдан шық­­қа­нына тоқталайық. Сыбай­лас жем­қорлыққа қарсы қыз­мет­тің арнайы мо­ниторинг тобы ай­мақ­тарды ара­лап, қордалаған мә­се­лелерге құлақ тү­ріп жүреді. Ке­зекті іссапарды Ақтө­бе облысын­да жалғастырған топ бірін­ші Мәртөк ауданына ат басын бұ­рады. № 4 орта мектепте респуб­ли­калық және облыстық бюджет есе­бі­нен алын­ған компьютерлерде стан­дарт­­ты анти­вирустық бағдар­ла­ма­лар ор­натыл­маған болып шықты. Яғни, бұл дегеніміз компьютерлер кү­ні ер­тең «ауы­рып», артынша іс­тен шығуы әб­­ден мүмкін. Ол аздай, оқу про­це­сіне қа­жет бірден-бір бағ­дарлама — Microsoft Office та жоқ. Компью­тер­лерде Windows 10 опе­рациялық жүйе­сі де қо­сыл­ма­ған, кейбірінде мер­зімі өтіп кет­кен. Облыстағы арнайы мониторинг тобының мүшесі, тәуелсіз сарапшы Нәдір Мерғалиевтың айтуынша, аймақтағы қашықтан оқуға арнап алынған техниканың жағдайы мәз емес. «Техникалық параметрлері сәйкес келмейді. Бір компьютердің құны кей деректерге сүйенсек, 160 мың теңге. Мониторинг кезінде ондай компьютердің ірі ритейлдер желісіндегі бөлшек бағасы 87 260 теңге екені анықталды. Яғни, компьютерлерді бұдан да арзанға алуға болар еді», – дейді сарапшы. Бұл мәселеге қатысты Мәртөк ау­дандық білім бөлімінің басшысы Нұржан Әшімов былай деп жауап берді: «Ноутбуктер 2020 жылдың көктемінде сатып алынды. Арнайы рет бойынша аудандық білім бөлімі мектептерге үлестірді. Олар болса, оқушыларға таратып берді. Ком­плек­тациясы мен жабдықтамасы Білім министрлігінің техникалық сипаттамасына сәйкес келеді. Оқу­шылар еш кедергісіз қолданып отыр. Жалпы саны 175 ноутбук сатып алынып, үлестірілді. Ал ба­ғасына келсек, бүкіл әлем қа­шықтан оқып жатқан кезге сәйкес кел­гендіктен, ондай арзан бағаға алу мүмкін бол­мады». Қашықтан оқу кезіндегі осындай мәселеден бөлек, облыстық Білім басқармасының бос орындар мен байқауларды жариялап тұратын хабарландыру сайтының жаңар­тылмайтыны анықталған. Бұл болса, «бармақ басты, көз қыстымен» та­мыр-таныс арқылы жұмысқа ор­наласуға жолдың ашық тұрғанын білдірсе керек. Мониторинг кезінде беті ашылған проблема тым көп. Бұдан кейінгі мән беретін мәселе осыдан екі жыл бұрын жасалған келісімшартқа байланысты. 2018 жылы облыстық Білім басқармасы «Фирма «Казинтосервис» ЖШС-мен келісімшартқа отырады. Олар Білім басқармасын 5 000 дана жаб­дықпен қамтамасыз етуге тиіс болады. Кон­фигурация анализі нәтижесінде өзге дүкендерден сол конфи­гура­цияның орташа бағасы 149 мың теңге екені анықталған. Ал басқарма болса, 250 мың теңгеден қабылдайды. Бар­лық лот бойынша жалпы сома – 1 млрд 250 млн теңге. Ол аз болғандай, компью­терлердің конфигурациясы әлсіз болып шы­ғады. Әрі сервистік қызмет көр­сетілмейді екен. Ал негізі тех­ни­калық сипаттама бойынша, 36 ай сервистік қызмет тегін көрсетілуі керек. Яғни, осы үшін бюджеттен қыруар ақша тағы құртылып жатыр деген сөз. Бұл дерекке қатысты облыстық Білім басқармасына сұрау салдық. Сервистік қызмет көрсету аясында 5 мың дана компьютер алынғанын басқарма растады. Сон­дай-ақ 2018 жылы – 48,7 млн теңге, 2019 жылы – 600,7 млн теңге, 2020 жылы 600,6 млн теңге бөлінгенін айтып отыр. Үш жылға жалға алын­ған компьютерлердің ендігі тағдыры не болатынын сұра­ға­ны­мызда, ол жаб­дықтардың шарт мерзімі аяқ­талған соң мектептерде қалатынын білдік. Яғни, бір мезетте барлық соманы бөлу мүмкін бол­ма­ған­дықтан, үш жылға бөліп төлеу нұс­қасы қолданылған. «Ақтөбе қаласында компью­тер­лерге қызмет көрсететін сервистік орталық бар. Жалға алынған тех­никаға сервистік қызмет көр­сетуге қосымша шарттар жасалған жоқ. 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама шеңберінде оқу процесінде қол­­данылатын компью­­тер­лерге қойы­латын ең тө­менгі талаптарды әзір­­леп, өңірлерге жіберілген. Мұндай компьютердің бір бірлігі үшін баға – 267 мың теңге. Жалға алынған компьютерлік жаб­дықтың техни­­калық ерекшелігі – ми­нистрлік ұсынған компьютерлік тех­никаға қойылатын минимал талап­тарға сәйкес жасалған», – дейді об­лыстық білім Басқармасы өкілдері.

Әп-әсем лагерь неге бос тұр?

2018 жылдың кем-кетігі мұ­­нымен бітпек емес. «Кірпішті» тұрғын үй массивінде жыл бойы үздіксіз оқуға мүмкіндік беретін «Әсем» лагері салынған. Мұны тіпті Ақтөбенің «Артегі» деп те бағалапты. 300 орын­дық лагерьдің екі жыл бұрын тамызда таңдай қақтырған ашылу салтанаты өткізілген. Бірақ 2018 жылдың қаза­нынан бері қаңырап бос тұрған кө­рінеді. Әу баста материалдық-тех­никалық ба­заны нығайту, жаңа жұмыс орын­дарын ашу, оқушыларға мол мүм­кіндік сыйлау сынды мақсаттар осылайша желге ұшқан. Мақсатпен бірге 800,8 млн теңге де кетті. Бұл деректерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мониторинг тобы­ның мүшесі Рафаэль Гасанов кел­тірді. Осыған орай, облыстық Білім бас­қармасынан жауап алдық. Жер­гілікті бюджет есебінен құры­лысы жүзеге асырылған жеке ла­герьдің оқу корпусы конкурстық не­гізде се­німгерлік басқаруға бе­рілген. мектеп 2019 жылдың 21 ақпанында облыстық Қаржы басқармасы мен Bilim Aktobe ЖШС арасында се­­­німгерлік басқару шарты жасалды. Сенімгерлік басқару шарты бойын­­ша бюджет қаражаты есебінен жыл бойғы лагерь қызметін ұйым­дастыру мін­деттемесі қарас­­­ты­рылмаған, сонымен қатар Білім басқармасы мен Bilim Aktobe ЖШС арасында қандай да бір келі­сім­шарттық міндеттемелер жоқ екен. Яғни, сенімгерлік басқару шарты дұрыс орындалмай отыр. Соның сал­­­дарынан әлгі ғимарат қаңырап тұр. Ал жалпы Ақтөбе қаласында мек­­тепте орын тапшылығы едәуір байқалады. Үш ауысымда оқитын мектеп саны да көп. Мәселен, жеке лагерь орналасқан «Кірпішті» елді мекенінің өзінде 480 оқушы оқитын жерде 1 200 оқушы білім алып жатыр. Басқар­мада­ғылардың ай­туынша, ғимаратты барынша тиімді пай­­далану үшін бір­неше нұсқа да ұсын­ған. Мысалы, ол жерге Ақтөбе об­лыстық маман­дан­дырылған фи­зика-математика мек­теп-интер­натын орналастыру туралы ұсыныс беріл­ген. Мектеп-интер­наттың қызметін ұйым­дастыру үшін Bilim Aktobe ЖШС-нің «Әсем» ла­геріндегі асхана мен жатақ­ха­насын ақылы түрде пайдалану нұсқасы да бар.

Далада даңғарадай мектеп тұр

Осылай қаңырап тұрған даңға­радай ғимараттар таразының бір басында тұрса, екінші басында басқа мәселелер бар. Мысалы, Ақ­төбе кол­леджінің ғимараты 6 жыл бұрын апаттық жағдайда деп та­нылған. Бірақ қауіпке қарамастан, студенттер сонда оқып жатыр. Одан бөлек, Қобда ау­данындағы Жарсай ауы­­лында спорт зал жоқ. Зарығып күтіп жүргендеріне 11 жылдың жүзі бо­лыпты. Мони­торинг тобы «Шилісайдағы» мек­теп­ке барып, айналасы күзетпен қор­шалған ғи­мараттың сыртынан тамашалаған. Рафаэль Гасанов бұл оқу ордасының бүгінде бос тұр­ғанына наразылығын білдіріп, ви­деожазба да қалдырған болатын. Айналасында айтарлықтай үй де байқалмайды. Құдды ел ше­тінде қалған ғимарат секілді. Бұған қатысты басқарма былай деп отыр. «2017 жылы Ақтөбе қаласының әкімдігі «Ақтөбе қаласын дамытудың бас жоспары» негізінде «Шилісай-1» және «Шилісай-2» жаңа тұрғындар массивінде белсенді түрде халықты қоныстандыру жос­парланған. Осыған байланысты алдағы 3-5 жылда халық саны 3 000-нан астам тұрғынға, оның ішінде мектеп жасындағы балалар саны 1 500-ге дейін өседі деп күтіліп отыр. Шилісай кентінің «Шилісай-1» алабында 600 орындық мектеп салу жақын орналасқан мектептерде орын тапшылығының алдын алуға мүм­кіндік береді». 2017 жылы бюджет қаражаты есебінен «Ақтөбе қаласы Шилісай кентінің «Шилісай-1» т/а 600 орын­дық орта мектеп құрылысы» МС және ЖСҚ әзірленген. Тапсырыс беруші — «Ақтөбе қаласы құрылыс бөлімі». 2019 жылы құрылыс-монтаж жұмыс­тарына конкурс жарияланған. Мер­дігер – «НСК-Строй Баланс» ЖШС. Жобаны қаржыландыру былтыр басталған. Жалпы құны 1,4 млрд теңге, 2019-2020 жылдары – 700 млн теңге бөлінген. Басқар­маның айтуынша, 2021 жыл­дың желтоқ­санында пай­далануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Қала кеңейді, мектеп керек

Ақтөбеде аумағы кеңейген сайын мектеп тапшылығы тіптен сезіліп жа-тыр. Оған «Нұр Ақтөбе» атты жаңа шағынаудан құрылғалы тұр­ғындардың түсіріп жатқан арыз-шағымдары дәлел бола алады. Ба­лаларына мектеп сұрағандар жетіп артылады. Облыстық Білім бас­қармасы бюджеті 1,5 млрд теңге болатын мектептің құрылысы жүріп жатқанын айтып отыр. Мони­торинг тобының назарына іліккен бұл нысан «Нұр Ақтөбенің» 4-шағын­ауданында орналасқан. Бүгінде құ­рылыс 70 пайызға аяқта­лыпты. Негізі, жоспар бойынша 2019 жылы салынуы керек болған. Дегенмен мердігердің кешіктіруіне байла­нысты мұнда қоңырау үнін есту мүмкін болмай отыр. 900 орындық мектеп ғимара­тының қалған 30 пайыздық жұмысы жүргізіліп болса, осы жылдың жел­тоқсанында ша­ғын­­аудан тұрғын­дарына жақсы жаңа­лық сол болмақ. Білім басқармасы «Нұр Ақтөбенің» 1-шағынауданында тағы бір мектептің бой көтеретінін айтып отыр. Мұнда да 900 бала білім алатын болады. Бірақ бұл ғима­раттың құрылысы қарқынды дейді басқарма өкілдері. Өйткені мектепті пайда-лануға уақытынан ерте, яғни 2020 жылдың желтоқ­са­нында береді деп күтіп отыр екен. Байқасақ, мұн­дай мәселе шаш етектен. Қо­ғам­да дау тумаса, көз қиығы да са­лын­байтыны қиын. Әйтпесе, мін­детін дұрыс орындамағаны үшін заң жүзінде «сілкіп» алса да қауқар же­теді. «Бас­тысы бюджет бөлінді» деумен шектелуге болмас. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, тиімді жұмсау да – шеберлік. Біздің мақ­сат – мәселенің оң шешімін табуға жәрдемдесу.

Жадыра АҚҚАЙЫР