Басқалардың KASPI BANK-тен несі кем?
Басқалардың KASPI BANK-тен несі кем?
262
оқылды

Kaspi bank-тің Kaspi.kz қосымшасы бірер сағатқа істен шығып еді, ел дүрлікті де қалды. Себебі жұрттың бірі аударым жасай алмай, енді бірі жолақысын төлей алмай шарасыз күйге түсті. Ол да ештеңе емес, «банкке кибершабуыл жасалып, қомақты қаржы ұрланыпты» деген қауесет жығылғанға жұдырық сілтегендей болды. Бұған Kaspigold-тағы шотынан ақшасын таппай қалғандардың дабылы қосылды. Ал бір азаматтар шотына миллиондар түскенін айтып мәз-мейрам.

Қысқасы, жарты күнде елді абыр-сабырға салған оқиға тұтас елдің қаржы жүйесі тоқырап қалғандай әсер қалдырды. Банктің баспасөз қызметі сабырға шақырды, техникалық ақау жойылып, түс ауа тіршілік бәз-баяғы қалпына түсті. Бірақ көкейімізде бірер сауал қалды.

Бірінші сауал: кибершабуыл болды ма?

Kaspi.kz ресми ресурстарындағы деректерге сүйенсек,  банктің мо­бильді супер-қосымшасын (бір­неше қосымшаның басын біріктірген бір қосымша ресми түрде осылай аталады) 8 милионнан астам қазақ­стандық қолданады.  Ал банкте 10 000-нан астам адам жұмыс істейді. 2017 жылы іске қосылған қосымша көмегімен клиенттер комиссиясыз төлем, туыстар мен жақындарға аударым, ірі интернет магазин, ең үлкен бонустық бағдарлама, жеке қаражатты басқару және тағы басқа да  қызметтерге жүгіне алады. Kaspi bank-тің баспасөз қызметі осынау супер-қосымшаның істен шығуына  техникалық ақау себеп болғанын ресми түрде мәлімдеді. Алайда бұл мәлімдемеге сене қоймайтындар бар екен. «Егер бұл, шынымен де техни­калық ақау болса, банк іс-қимыл жоспары бар бизнестің үздіксіз үдерісін  басқарудың тиімді жүйесін (ҮҚБЖ) іске қосар еді. ҮҚБЖ көмегімен кез келген ұйым маңызды бизнес-процестің өнімділігін қиындықсыз және қысқа мерзімде қалпына келтіре алады. Яғни, Kaspi қосымша жұмысын бір сағаттың ішінде қалпына келтірер еді. Өкінішке қарай, маңызды бизнес-процестердің өнімділігі жарты күннен кейін ғана қалпына келді», – дейді Telegram-дағы  RiskTakers_bot командасы. Бұл топ  банкке кибершабуыл жасалуы мүмкін деп те санайды екен. Сондықтан кибершабуылға қарсы тиімді киберқалқан болуы керек және оны тестілеуді тұрақты әрі жиі өткізіп тұру керек деп санайды. Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігі мұн­дай жағдай қайталанбауы және банк­тердің үздіксіз жұмыс істеуі үшін олардың барлығын қажетті рәсімдерден өтуін талап етуі қажет де­ген пікірде. Қаржыгерлер бүгінге дейін осы жағдайға байланысты мә­лімдеме жасамаған реттеушінің ұстанымын ұға алмай отыр. Ал банк секторы жөніндегі тәуел­сіз сарапшы Нұржан Бияқаев банк   мәлімдемесіне сенеді. «Сонымен бірге хакерлер ша­буылы да болуы мүмкін, себебі хакерлердің бір әдеті – тран­закция­ларды аңдып отырады. Ал бұл банк­тегі транзакциялар, қаржылық опе­рация­лар  өте ауқымды», – дейді ол.

Екінші сауал: техақау қор биржасына қалай әсер етті?

Банк қосымшасына кибер­шабуыл жасалуы мүмкін деп санай­тындар мұндай шабуылды банктің соңғы кезде еліміздегі екінші деңгейлі банктер рейтингінде көш бастауымен және жуырда ғана Лондон қор биржасына акциясын орналастыруымен түсін­діреді. Есте болса, 20 қазанда Лон­дон қор биржасындағы IPO кезін­де Kaspi.kz холдингінің иелері 25,7 мил­­лион бағалы қағазын 870 милл­ион долларға сатқан болатын, қо­сымша опция іске асырылғаннан ке­йін орналастырылған бағалы қағаз­дардың  жалпы саны 29,5 миллионға, ал оның жалпы құны шамамен 1 мил­лиард доллардан асты. Орталық Азия және Шығыс Еу­ропа экономистері мен қаржыгерлері тобының   Financial post Telegram каналында  Kaspi.kz-тің ғаламдық депозитарлық қолхаттары Лондон­дағы күзгі сауда-саттықта үлкен дина­мика көрсете алмағанын, белсенді сауда басталғаннан кейін 20 минут өткен соң баға ұсыныстарының 1,6% -ға аздап төмендеу дерегі тіркелгенін жазды. Бірақ бұл құлдырау ұзаққа созылмаған.  Ал әлгі аз ғана уақытқа құлдыраудың банк қосымшасының істен шығуына байланысы бар ма, жоқ па, айту қиын дейді. Тағы бір көңіл аударар нәрсе, шетелдік ақпарат құралдарында (Reuters, Bloomberg, Yahoo Finance және т.б.) ком­пания жұмысына қатысты  туындаған мәселе туралы еш ақпарат жарияланбаған.

Үшінші сауал: басқа банктер неге халықшыл емес

Әлгінде банк қосымшасын пайда­ланушылардың саны 8 миллионнан асқанын тілге тиек еттік. Ал Kaspi.kz АҚ басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе  Президентпен он­лайн кездесуі кезінде 42 500 теңге, кейін бір ай берілген 21 250 теңге әлеуметтік төлемінің  үштен екі бөлігі Kaspi.kz арқылы өткенін айтты. Бұл банк қызметін тұтынушылардың  басым үлесі аталған банкте екенін білдіреді. Әрине, еліміздегі басқа банктерде де қосымша бар, бірақ ешбірі Kaspi.kz қосымшасы сияқты танымал емес. Ал  Kaspi.kz командасы 8 млн тұты­нушыны бар-жоғы үш жылда жинап алды. Оған дейін бұл нарық бос тұрды. Өзге банктер бұл нарықты игеруге неге асықпады? Нұржан Бияқаевтың пікірінше, Kaspi.kz қосымша  қызметін елімізде алғаш    ұсынған банк. Сондықтан басқа банктер ол қызметті қайта­лағысы келмеді. Еліміздегі банк секторын зер­делеп жүргендер әр банктің өз бағыты барын айтады. Бұл, түптеп келгенде банк өнімдерін өзара бөлісіп алу арқылы монополияның орнауына ықпал етпей ме? Қаржыгер Жалғасбек Ақболат­тың пікірінше,  банк секторы нарық­тағы үздік ойыншының белгілі бір қызмет түрінде жалғыз болуы 28 қа­зан­дағыдай түсініксіз жағдайға алып келеді. «Әрине, егер банктердің деңгейі мен ауқымына қарасақ, нарықтың 40 пайызын жаулап алған Халық банкі топ бастауы тиіс. Алайда Kaspi bank  өз өнімдерімен алға шығып кетті. Осы тұста мына нәрсенің басын ашып алу керек, Kaspi bank бар, сосын Kaspi.kz бар. Екеуінің бағыты екі басқа.  Kaspi bank банк ретінде жұмыс істесе,  Kaspi.kz  – инновациялық жоба, яғни   қаржылық құрал. Міне, осы құралды пайдаланатын қазақ­стандықтар өте көп. Олар өзге банк­тердің дәл осын­дай қосымшасын неге жаппай қол­данбайды? Себебі Kaspi.kz   бас­қа банктерге қарағанда ың­ғайлы, тұты­нушы үшін жағдай жа­сай алған,  олар­ды жоғалтып ал­мау үшін сервисті же­тілдіруден жа­лыққан емес.  Нә­тижесінде, ықпал ету диапазоны кеңейді», – дейді. Ал бас­қа банктерге дәл солай жұмыс істеу­ге не кедергі? Қаржыгердің пікірінше, Халық банкке мемлекеттің қадағалауы ке­дергі. Өйткені акцияның белгілі бір бөлігі мемлекетте болса, ол банк­тің шұғыл шешім қабылдауы қиындай береді. Сондықтан өзге банктерге эксперттер пулын құрып, көп мәселені ашық талқылау қажет.    Түйін:

Бізде бизнес субъектілері арасында  халықтан кешірім сұрауға келгенде сараң бола қалатыны өте көп. Ал Kaspi bank қолайсыздықтар үшін кешірім сұрай алады. Тіпті, дүрбелеңде дүрмекке еріп, банк шотынан ақшасын шешіп алғысы келген клиенттеріне  «қолдау білдіргендері үшін»  алғыс айтты. Сөйтіп, 29 қазан мен 4 қараша аралығында Kaspi Gold және Kaspi Red арқылы Kaspi QR арқылы төлем жасаған   әр клиенті үшін 5 пайыздық бонус сыйлайтынын жариялады.   Мұндай қатынастан кейін қай клиент банкті тастайды дейсіз?..

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ