Жамбылдықтар қазақ тілін мобильді қосымша арқылы меңгеруде
Жамбылдықтар қазақ тілін мобильді қосымша арқылы меңгеруде
313
оқылды
Жамбыл облысында бүгінде тілді оқыту курстары көбеюде. Жыл басынан бері 2232 азамат тегін курстан өтсе, өткен жылға қарағанда 767 адамға артқан. А жыл соңына қарай 3000 тұрғын тіл курстарынан өтпек. Бұдан бөлек биыл Қордай ауданында «Тілдерді оқыту» орталығы ашылып отыр. Масанчи, Ауқатты, Сортөбе, Бұлар батыр, Қарасу және Бәйтерек ауылдарында 73 топ құрылса, онда 984 тыңдаушы оқытылған. Сондай-ақ этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді мекендерде қазақ тілінде тілдесуді оңтайландыру мақсатында TedX форматында «SÓILE» клубтары жұмыс істеуде. Есепті кезеңде «SOILE» клубының 55 отырысы өтіп, 1000-нан аса өзге ұлт өкілдері тілдік ортаға тартылған. қазақ тілі Ал жылдың басты жаңалығы – мемлекеттік тілді өз бетінше оңай үйренуге арналған 16 сабақтан тұратын «QazOnline» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Оны тілдерді оқыту орталығы дайындап, қосымшаны кез келген ауыл мен қала тұрғыны «Play Market» арқылы ұялы телефонына жүктеп ала алатындай етіп жасаған. Бұл қосымша арқылы аз уақыттың ішінде күнделікті өмірде қолданылатын ауызша сөйлеу тілі мен сөз тіркестерін меңгеруге, сөйлем құрауға, қарапайым деңгейдегі жазу дағдыларын үйренуге болады. Сондай-ақ қосымшаға өзін-өзі тексеру бөлімі де қосылып, әр сабақты қаншалықты меңгергені жөнінде бағалау жүйесі қарастырылған. Қазіргі уақытта тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері аудандарды аралап, қосымша жұмысын жан-жақты түсіндіруде. Сонымен қатар әлеуметтік жоба аясында тіл жанашырларынан тұратын «Қоғамдық тіл инспекциясы» құрылып, Тараз қаласы мен аудандарда тілді қолдану барысына мониторинг жүргізуде. Бүгінгі таңға дейін 1021 нысан тексеріліп, 538-ден астам қателік анықталған.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы