Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының шенеуніктері күдікке ілінді. Оларға коронавирусқа қарсы күрес үшін бөлінген қаржыны «жеп қойды» деген айып тағылуы мүмкін. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров мәлімдеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қазір аталған іс бойынша тергеуді бастады. Агенттік таратқан деректерге қарағанда, шенеуніктер ақша жымқырудың өзгеше тәсіліне жүгінген. Олар пандемиямен күреске бөлінген қаржыны медициналық құрал-жабдықтарды нарықтағыдан жоғары бағаға сатып алу арқылы қолды еткенге ұқсайды. Әзірге осы схеманың кесірінен бюджетке 8 млн 730 мың теңге зиян келгені айтылды. Тергеу жалғасып жатыр.А.СҰЛТАН