«Қаланың бас жоспары – кеңестік жүйенің қалдығы» – Асхат Садуов
«Қаланың бас жоспары – кеңестік жүйенің қалдығы» – Асхат Садуов
253
оқылды

Елімізде соңғы уақытта урбанизация деген сөз пайда болды. Елімізде бұл саланың белді өкілі деп урбанист-сәулетші Асхат Садуовты айтуға болады. Көзі қарақты оқырман оны елордада балыққа ұқсатып салынған «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінің және бірнеше керемет жабдықталған парктің авторы ретінде таниды. Ал қысқаша таныстыра кетсек, ол – концептуалист, креатор, қала мәдениеті мен оның сәулеттік ландшафтын дамыту тақырыбындағы дәрістер мен шеберлік сабақтары сериясының авторы. Урбанист маманмен еліміз үшін жаңа бір әлемге есік ашатындай тың сала туралы сұхбаттасқан едік.

– Асхат Кеңесұлы, оқырманға түсінікті болу үшін айта кетсеңіз, урбанизация, соның ішінде урбанизм дегеніміз не? – Урбанизм дегеніміз – ең бірінші кезекте әлеуметтік тех­нология. Қаланың өмірін ұйым­дастыруда қолайлы орта туғызуды басты мақсат етіп алатын сала. Оның ең бірінші бағыты адам мен оның жайлы өмірінің негіздерін айқындау. Ал қала дегеніміз – осы жайлылықтың басы екенін өзіңіз де білетін боларсыз. Ендеше ол пә­терден шыққан бетте  үзіліп қал­мауы үшін қалалық тұрғынның өмір салты жан-жақты зерделенуі қажет. Инфра­құрылым мен көлік қатынасы, әлеуметтік-қоғамдық тағы да басқа құрамдас бөлшектері саралануы тиіс. Бұл – кешенді мәселе. Оларды бір-бірінен бөлек қарастыруға немесе бір-бірінен артық маңыз беруге болмайды. Мұндағы ең бір шешуші фак­тор – қала тұрғындарының осындағы процестер мен талқылауларға тікелей араласуы. Сонда ғана мұнда нақты нәтиже мен ортақ шешімге қол жеткізуге болады. Олардың сыртынан ештеңе шешуге бол­майды. Ал ол үшін тұрғындар да бел­сенділік танытуы қажет. Қазір әлемдегі дамыған қа­лаларда «кеңіс­тікті ізгілендіру» деп аталатын жаңаша үрдіс жүріп жатыр. Мәселен, бұрын бәрін жергілікті атқарушы билік шешетін. Қаланың бас сәулетшісі хирург сияқты болатын. Қаланың бір жерінде бір нәрсені кесіп алып тастап жатса, енді бір жерінде  тігіп жататын. Енді оның қазіргі рөлі психоаналитикке көбірек келеді. Белгілі бір аумақта жаңа жоба жасамас бұрын ол тұрғындар арасында оларды не тол­ған­ды­ратыны жөнінде сауалнама жүргізеді. Біз де астананың урба­нистика орталығында жүрген кезімізде осы үрдістен қалмай, қа­ланың әр жеріндегі кеңістіктерді қалай жақсартуға болатынын талқылауға тұрғын­дарды ара­лас­тыруға тырыстық. Дауыс беру мен сауалнама практикасынан бас тартып, түрлі жоба бойынша үш ай бойы бетпе-бет кездесулер өткіздік. Дұрыс шешім қабыл­дағанымызды түсіну үшін олардың эмо­циясын анықтауға бағытталған экспе­рименттер жасап көрдік. Оларды қала өміріне белсенді қатысуға шақырдық. – Тұрғындардың белсенділігі қандай болды. Әдетте тұрғындар арасынан суырылып алға шыға­тындар тым көп болмайды. Ал сіз­дер оларға  қандай міндет жүк­те­діңіздер? – Қаланың бүгіні мен ертеңіне деген жауапкершілікті сезіну керек. Өзінің қа­ладағы болып жатқан өзгерістерге тікелей қатысы бар екенін түсінуі керек. Ол әкімшілік маған бір нәрсе жасап береді деп күтпеуі керек. Өзі де қаланы көркейтуге байланысты, жайлы­лығына қатысты мәселелерге ара­ласуы қажет. Қала тұрғыны ең бірінші кезекте өзінің құқын білуі керек. Мәселен, мәслихаттың қалай жұмыс істейтінін, қалалық қызметтердің қалай жұмыс іс­тейтінін білуі тиіс. Сонда ғана ол жауапты шенеуніктермен олардың құзы­ретіне қарай қалай дұрыс сөйлесу керек екенін біледі. Егер тұрғындардың азаматтық бел­сенділігі жоғары болса, қала әкімдігі де бірдеңені дұрыс істе­меуден тартынып тұрады. Өзінің құқын, әрбір процестің толықтай іске асу ретін білетін адамдарды әкімдіктегілер де сырғытпа жауап­пен алдаусырата алмайды. Менің ойымша, қалалық мәслихат де­геніміз оның әрбір ауданынан шыққан, сол ауданның проб­лемасын терең білетін және аза­маттық бастамада қорғап шыға алатын адамдардан тұруы керек. Мәселен, «Встречадан» бір адам, «Евразиядан», «Лесозаводтан», «Көкталдан», «Чугункадан», сол жағалаудан және тағы басқалар. Әр ауданның тұр­ғындары да ол кісіні өз араларынан өздері ұсынып, сайлай алатындай белсенді болуы керек. Урбани­зацияның әлеуметтік бір шарты осындай. Ал архи­тектуралық әлеуетін одан кейінгі кезекте қарастыруға болады. – Қалалардың құрылыстық-сәу­леттік әлеуетіне қатысты сіздің тың ойлар айтып жүргеніңізді білеміз. Жол кептелісіне қа­тысты да ұсы­ныстарыңызбен таныспыз. Осы ретте, бұл ойлардың барлығын алдын ала қаланың бас жос­парында қалай қа­растыруға болады? – Бас жоспар дегеніміз – Кеңес Ода­ғының қалдығы. Мұндай жүйе қазіргі экономика талаптарына жауап беруді әлдеқашан қойған. Бұл картадан қала тұр­ғындарының қазіргі сұранысын көре ал­маймын. Онда айтыл­ғандардың көпшілігі 2050 жылға дейінгі фантастикалық нәрселер. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын қабылданған жоспарда биыл қалада не болу керек екені жазылуы керек емес пе? Мен оны көріп тұрған жоқпын. Мұндай жағдай біздің елдегі барлық қаланың бас жос­парында кездеседі. Сондықтан бұл жүйеден бірте-бірте бас тарту керек. Оның орнына алдағы 5 жылда немесе 10 жылда қандай бағытта қозғалатынымыз айқын­далатын нақты құжат болу керек. Сонда ғана біз, ғылыми тілмен айт­қанда реперлік өл­шемдер жа­сай аламыз. Ол шы­найы жағ­дайға жақын картинаға алып келер еді. Негізі, қала дегеніміз бірінші қа­баттардағы бизнес нысандары мен жүр­гіншілердің қайнаған ортасы болуы тиіс. Ол үшін не істеу керек? – Рас, не істеу керек? Бізде құ­рылыс компаниялары урбанист мамандардың кеңесіне жүгінбей ме? Әлде, урбанистиканы бұл салаға қатысы жоқ ғылым деп ойлай ма? Түсіндіріп беріңізші. – Біздегі құрылыс ком­па­нияларының көпшілігі жеке­меншік. Сондықтан да бізге бас жоспар мен детальдық жоспарлау жобасы (ПДП) арасын жалғап тұратын, мұндағы экономикалық құрамдас бө­ліктерге жауап беретін тетік табу керек. Құрылыс – эконо­миканың локомотиві, даму драй­вері дейміз, ендеше мұндағы жо­балар құрылыс ныса­нының алдағы уақытта қандай да бір эконо­ми­калық ресурс ретінде пайда­ланы­латындай болып жоспарлануы қажет. Әрбір жаңа құрылыс нысаны қалаға табыс әкелуі тиіс. Ың­ғай­лылығы сондай, онда бизнес көп уақыт өтпей өздігінен ашылып жатуы тиіс. Ол нысандар ешқандай өзгерту жасауды, қо­­сымша инфра­құрылым тартуды талап ет­пейтін, күзет жүйесі мен өрт қауіпсіздігіне дейін барлығы қа­растырылған, таза әрленген дайын кәсіпкерлік орын­жай болуы қажет. Сонда ғана ол қазіргідей абаттануы мен күтімі үшін бюд­жеттен ақша соратын кварталдарға айналмайды. Сер­вистік эко­номикаға негізделген көшелер түптеп келгенде шаһар қазы­насына салық құяды. Бұл қаланың дами түсуіне күш қосады. Мен бұл жерде жан-жақты ойлас­тырылған эко­номикалық та­лап­тарға жауап беретін ке­шенді ше­шімдер туралы айтып отырмын. Егер жаңа кварталдар пайда бо­латын болса, олар қала эконо­микасына нәр бере алатындай рет­пен орна­лас­тырылған кө­ше­лердің торынан құралуы керек. Қа­ланың бастапқы сипаты осылай жобалануы қажет. – Бізде қалай жоспарланып жатыр? Сырт көзге қалаларымыз тәуір жоспарланғандай көрінеді ғой. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы... – Ал біздің қазіргі көріп отыр­ғанымыз – кәдуілгі кеңестік жоспарлы экономиканың жалғасы. Оларға тек құрылыс үлкен дүмпумен қарқынды жүріп жатса болды. Яки, мұндағы шешім қабылдайтын адам­дардың тек  «шаршы/метр сана­тымен» ойлай­тынын көріп отырмыз. Оларға белгілі бір уақытта осынша миллион шаршы/метр құрылыс салынса, бірнеше аз қамтылған отбасы баспанамен қамтылса немесе сатуға шығарылса болды. Оның эконо­микалық аспектілеріне үңіліп жатқан ешкім жоқ. Бұл өте қыс­қамерзімді мақсаттар. Бізге кеңірек ойлану қажет. Девлопмент деген бар. Қаланы дамыту қыз­меті. Осы қызмет жаңа­дан тұрғызылып жат­қан нысан­дардың бірінші қабатындағы биз­нестің табыс әкелетініне мүдделі болуы тиіс. Сонда ғана ол жер экономикалық тартымды болады. Бұрын құрылыс салушылар ғима­ратты салғаннан кейін астындағы бос ғи­марат­тарды пәтер иелері коопе­ративтеріне беріп кететін. Қазір оны өздеріне алып қалып, табыс табуға болатынын түсінді. Дев­лопмент қызметін жандандыра бастады. Ғимаратты бас­қарудың тиімділігін арттырған сайын қала эко­номикасы да жандана түседі. Жол кептелісі туралы да ай­тарым – осы. Жергілікті билік бірінші басымдықты бірінші қабат­тардағы бизнес пен жаяу жүргін­шілерге беруі тиіс. Бірақ қазіргі жүйе автомобиль жүр­гізушілеріне тым босаң. Бәлкім, бірте-бірте біз оған де келетін болармыз. – Осы ретте, қаланы шағын­ау­дандарға бөл­­ген дұрыс емес деген пікір айтып жүрсіз. Осыған тоқ­талсақ. – Қаланы шағынаудандар­­ға бөлген дұрыс емес. Ол эконо­ми­калық тиімсіз. Айталық, ол жерге инфрақұрылымдар тартылады, неше қабат нысандар са­лынады, қаншама құрылыс шығындары жұмсалады, ал ақыр аяғында бұл шағын­аудан тұрғындары күнде-күнде мұқ­таждықтары үшін орта­лыққа жосылып барып келуге тура келетін оқшау мекенге айналады. Олай болмауы тиіс. Үздіксіз даму болуы тиіс. Сондықтан да ол қала шағы­н­аудандардан емес, ин­тен­сивті қозғалыстар сипатындағы кварталдардан тұруы керек. Шағынаудан үлгісі бізге Кеңес Ода­ғының құрылыс салу мо­делі­мен келді. Ал қаланы көше­лерге, жолдардың торшасына бөлу патша заманынан бар. Ендеше бұл табиғи сұрыпталып келген модель бола­тын. Айталық, қалаға алыстан керуен келіп, жергілікті көпес­термен сауда жасайды. Олар қа­ланың экономикалық орталығы саналатын бас көшеде орна­ласқан сауда нысандарында заттарын сатады. Осы көшенің бойындағы ғимараттар сауда үйлері мен ба­зарлар оның ажырамас бөлшегі. Осылайша, көшелер қалыптасқан. Біз осы үлгіні дамытуымыз керек. Әр қалада өзінің сәулет мектебі болуы тиіс. Сонда онда сәулеттік дәстүр сақталады. Қаланың  сәу­летшісі дегеніміз дамудағы бас идеолог болуы тиіс. Егер ол беделі бар, қала басшылығының көзін жеткізіп, қалай істеу керек екеніне көндіре алатын болса, қала да­митын болады. Әйтпесе, бар­лығын бизнес өкілдері сатып алады да, олар өздерінше жасайды. Қаланың өзінің даму тәртібі болмайды. Ал билік, бизнес және қоғам өз мүд­делерін мақұлдаса отырып жа­­­сайтын болса, қаланың жайлы­лығы да, эконо­микалық тиімділігі де арта түспек. Сол се­бептен қаладағы әрбір жер телімі сауатты игерілуі қажет. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ