Шармен-ақ спутник ұшырды
Шармен-ақ спутник ұшырды
238
оқылды

30 қазан күні елордада 20 қыз гелий шарының көмегімен ең заманауи наноспутникті ғарышқа ұшырды. Рас, зымыран бол­мағандықтан жер серігі алыс орбитаға шыға алмайды. Бірақ стратосфераға еркін енген. 

Бұл қыздардың барлығы – БҰҰ-ның балалар қоры ЮНИСЕФ-тің және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-технологиялық пар­кінің UniSat ата­латын білім беру бағдарламасының қа­тысушылары екен. Бағдарлама аясында Қазақ­станның түрлі өңірлерінен іріктеп алынған 14-35 жас аралығындағы 20 қыз 5 ай бойы технопаркте наноспутник жасау курсында оқы­ды. Олар жасаған ғарыштық ап­парат­тың салмағы 10 келіден аспай­ды. Бү­гінде ондай жер серіктерін әлемнің көп­­теген жетекші уни­верситеті және коммерциялық ұйым­дар әзірлеуде. UniSat жер се­рік­тері білім беру мақсатына ар­налған. Олар бірнеше камерамен жаб­дықталған, біреуі 4K сапасында жер­дің эллиптикалық бейнесін түсіре алады. Ұшырылысымен наноспутник жо­ғары сападағы жердің таңға­жайып суреттерін түсірді. Есеп­тегіш құрылғылар сәулелену, қы­сым, ауырлық, жарық және газ құ­ра­мы туралы мәліметтер жинады. Ал аса салмақты мәліметтер, видео және суреттер бөлек талдануы үшін жер­ге жіберілді.
– UniSat бастамасы қыздар мен әйелдердің ғылым мен техника сала­ларындағы әлеуетін жүзеге асыруды көз­дейді. Бүгін шармен болса да төл наноспутнигін ұшы­ру – қазақстандық нәзік бол­мыс иелерінің бір ірі жетістігі. Бұл, сондай-ақ Қазақстандағы көп­теген қызды ғылым, техника, ма­ши­на жасау және математика са­ла­ларында білім алып, мансап қу­уға шабыттандырады деген үміт­теміз, – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақ­стандағы өкілі Артур ван Дизен.
Жалпы, кейінгі кезде әлем ел­дері шармен стратосфераға кө­терілетін спутниктерге назар ау­даруда. Мысалы, еуропалық ға­лымдардың бастамасы бойынша сон­да жүзіп жүретін «үрілген стра­тосфералық станса» енді спутник рөлін атқара алатын көрінеді. Жер­ді айнала ұшып жүретін мұн­дай спутниктер барлау, бақылау, навигация және байланыс қыз­метін жақсы атқара алады. Strato­bus аталатын стансаның жоба­сын, мысалы Францияның Өнеркәсіп министрлігі New Industrial France бағдарламасы аясында қаржы­ландыруда. Сондықтан бір қарағанда, шар­мен спутник ұшырыпты деген жаңалық күлкілі көрінгенімен, бұл істің болашағы салмақты көрінеді.

Елдос СЕНБАЙ