Біреу есіктің қоңырауын басты, сол екен, Сәкеннің өңі қашты. Тәпішкесін тырп-тырп басып, еріне желкесін қасып, есікті ашып еді, ешкім көрінбеді. Есікті қайта жаба берген, біреу қыстырылып қалды. Төмен қараса, шашы жалбыраған, қолдары қалтыраған, бірақ екі беті албыраған, жердің құртындай қыз екен, есікті тартып тұрған, ай – шай жоқ, ішке кіріп кетті,
– Сіз кімсіз? – деп сұрады Сәкен Әбдірахманов. Конгресс Холдың басшысы.
– Шайтаныңызбын.
– Қалай, шайтаныңызбын?
– Солай, шайтаныңызбын.
– Не керек сізге?
– Сіз Конгресс-холдың директорысыз ғой?
– Ия.
– Ия болса, мия. Ай қарап жүрсіз бе? Не жедіңіз?
– Кеше колбаса.
– Мұның бәрі далбаса.
– Сонда не жеуім керек?
– Миллиардтарды жеуіңіз керек!
Сәкен шайтанды шашынан ұстап алып, ары‒бері айналдырды да, қабырғаға қарай былш еткізе лақтырып жіберді. Шайтанның беті ағып түсіп, еденде сұлап жатты. Тіпті, иығы селкілдеп, жылап жатты. Бірақ өлген жоқ. Орнынан сүметіле түрып, Сәкенді азғыра бастады, тағы бір сықсима сұрақтардан тастады.
– Шынымен ақша жегіңіз келмейді ме? Бүгінде анау да жейді, мынау да жейді. Сіз солардан кемсіз бе? Жоқ әлде, сіздің бір ноқатыңыз кем бе?
– Қорқам.
– Неден ойбай?
– Қайтып құсамын ба деп, болмаса, мұрттай ұшамын ба деп.
– Құспаңыз, мұрттай ұшпаңыз. Сыбайласыңыз, сыбырласыңыз, жыбырласыңыз...
– Шайтаны азғырды деп жатушы еді. Сен мені азғырып тұрсың ба?
– Жоқ, жаным ашып тұр, жей алсаң, көңілім тасып тұр. Мен сіздің ғана шайтаныңызбын!
Сәкен шайтанды шашынан ұстап, әуелете айналдырды да, есікке қарай лақтырып кеп жіберген еді, ішке кіріп келе жатқан әйелінің басына сарт ете қалды. Сарт еткені құрысын, кескен теректей, жалп ете қалды. Шайтаға да жан керек, сықылықтай күліп, қашып кеп берсін. Ол артынан тұра қуды, Көше‒көшені аралап, арық-атызды жағалап, шайтаны қашты «мамалап!» Бір жерлерге келгенде, қуыршақтай шайтан қыз шашын тарап, айнаға қарап, өзіне келе бастады. Сәкен де әудем жерде ентігіп, тізесін ұстай, еңкейіп, алқынып тұрды.
– Сен мені азғыруыңды қоясың ба, жоқ па?
– Жеңіз! Жеген жақсы.
– Жемеймін!
– Жейсіз!
– Мені бұзба!
– Сіз мені тыңдаңыз! Бәрі жақсы болады, ‒деді шайтаны шашын тарап жатып.
– Болмайды!
– Болады.
– Айтқаның миға қонады ғой?
– Қонады!
– Еңіреп жыламаймын ба?
– Жыламайсыз!
– Кешіре гөр деп Құдайдан көмек сұрамаймын ба?
– Сұрамайсыз!
«Шайтан азғырды» деген осы, күндердің күнінде Конгресс‒холдың экс‒ басшысы Сәкен Әбдірахманов бюджет қаржысына қол сұғуға әбден дайындалды. Қарамағындағы қызметкерлерден сыбаайлас топ құрып, ақырында 1миллиард 800 мың теңгені талан‒таражға салды. Не деген көзсіз «батырлық» десеңізші? Бүгінде басшының басы айналып, құсқысы, керек десең, абақтыдан бостандыққа ұшқысы келіп отыр. Қасында шайтаны, сықылықтап күледі дейсіз...