Еліктей ерке қыз бір көргеннен оның жүрегін жаулап алды. Толқынды шашы, мөлдір тамшылардай шашырап түскен күлкісі жігіттің күндіз есінен, түнде түсінен кетпей қойған.
Қалай болып еді өзі? Нартай тау баурайындағы ауылдан әсем қалаға қыдырып келген. Ол гүлдестелі салқын саябақта жалғыз серуендеп жүрді. Кенет оны көзі шалып қалды. Бойжеткен де бұған қарағыштағандай. Ойламаған жерден кездескен екеуі бұл ұшырасудың соңы үлкен хикаяға ұласады деп ойлапты ма?
Міне, содан бері екеуінің қалта телефонындағы ыстық жалынға толы жүрекжарды хаттары толастамайтын болған. Алып шаһардағы шаттықты күндерін айтып тауыса алмайды. Сағынысқан жүректер жолығысар аңсарлы сәтті асыға күтеді.
Сағынышпен сарғайып жүрген күндердің бірінде Нартайдың қалта телефоны «дың» ете қалды. Жігіттің асау жүрегі атқақтады. Телефон соғып тұрған сүйіктісі еді. Қыздың дауысы құмығып жеткендей болды. Әлденеге алаңдаулы сыңайлы. Нардай Нартайда тағат қалмады.
– Аға, мені апам күйеуге бергелі жатыр,-деп жылап жіберді бойжеткен.
– Сен соған келісесің бе?
– Келіспегеннен соң ғой, сізге телефон соғып тұрғаным.
– Түсінікті. Жаным, қазір таксимен жетемін.
– Аға!
– Әу!
– Мені алдамайсыз ғой,ә?
– Неге, жаным! Сендей аруды бақытты ете алсам арманым жоқ. Сені сүйемін!
– Мен де. Күтемін,аға! Ауылға келсеңіз, маған қоңырау тастайсыз ғой. Таксилер тұрағына өзім барамын.
– Күт,жаным!
Такси тұрағында жігіттің мойынына асыла кеткен қызды жүргізушілердің барлығы да таныды.
– Боранкүл апамыздың қызы да бойжетіп қалыпты,ә!-деп таңданды бойжеткенді жыға танитын такси жүргізушінің бірі.
– Құлыншақтай құлдыраңдап жүрген қыздың бойжеткенін білмей де қаламыз,-деп күрсінді такси жүргізушілердің бірі.
Тал шыбықтай бұралған бойжеткен тартымды еді. Жүргізушілер мен жолаушылар уыз денелі қыз бен жолы болғыш жігітке қызғана да қызыға қарады. Жарасымды жұп қол ұстасқан күйі таксилердің біріне келіп жайғасты. Сүліктей сұлу жорға кең даланың төсіндегі асфальт жолмен көсіліп бара жатты. Сұлу сіңіп кеткен бозамық далаға такси жүргізушілері ұзақ қарап тұрды.
Олар тау баурайындағы шағын елді мекенге үлкен үміт жетегінде келді. Ғашықтардың жүрек қалтарысындағы алапат арпалысты түсінетін жан табылар ма екен деп жанталасқан. – Сіз қорқақ емеспісіз?- деп сұрады бойжеткен бірде оңашада ой тұңғиығына батып отырып.
Жігіт намыстанып қалды.
– Мен анамнан қорқамын. Оның мені бермек болып жүрген өз адамы бар. Екеуімізді ұстап алса, саған да, маған да жақсы болмайды,-деді сүйіктісінің көзі жәудіреп.
– Оны білемін.
– Білсеңіз бәріне де дайынсыз ба?
– Әрине, жаным! Сені бақытты ете алсам, арманым жоқ.
Нартай қыздан мұндай қайсарлық шығады деп күтпеген еді. Гүлмираның ұсынысымен екеуі мешітке келген. Сол жерде ауыл молдасына некелерін қидырды.
Ал, бұл кезде Боранкүл бүкіл ауданды борандатып жатыр еді. Арыз-шағымдар құзырлы мекемелердің барлығына тапсырылды. Осыны телефон арқылы біліп отырған Гүлмира анасына хат жазды.
«Апа! Мені кешіріңіз! Біз заңды түрде некелестік. Арызыңызды қайтып алыңыз. Күйеу балаңызды ұнатып, өз еркіммен келдім. Бақытты боларыма сенемін» делінген хатты оқып Боранкүлдің боз бораны үдей түсті.
Міне, осы күннен бастап Нартайдың басына қара бұлт үйірілді. Түпсіз терең тұңғиыққа батып бара жатқандай сезінді өзің. Расында, қалыптасқан жағдай солай еді. Негізі Боранкүлдің буырқасынды борандары ауыл-аймаққа тегіс белгілі болатын. Талай шерулерде шер тарқатып, шабуылын үдететін осы бір жаннан ұпай есебінен жеңілгендер аз емес-ті. Содан да барып одан аяқ тартатындар жеткілікті. Нартайдың ағасы оның алдына кешірім сұрап барған. Алғашқында райынан қайтқан сыңайлы еді, қай сайтан түртпектегенін кім білсін, артынша-ақ айнып қалыпты. Нартайдың нағашы ағасы Темір алдына тағы бір барғанында «кешірімді» (қыздың қалыңмалы деп түсініңіз) молырақ берсе жабулы қазан жабулы күйінде қалатынын астарлап жеткізген.
Осы екі ортада полиция қызметкерлері де «араағайындық» танытып, 2000 доллар берсе істің қысқартылатынын емеурінмен білдірді. Гүлмираның берген түсінігі бойынша Нартайдың қылмысы дәлелденбей, ол уақытша ұстау орынынан босап шықты.
«Іс осымен бітті-ау» деп отырғанда тағы бір құйын жүріп өткен. Қыз анасы тағы да айнып қалыпты. Гүлмираның жақын бір туысы ішкі істер бөлімінде қызмет істейді екен. Араға сол түскен соң ба, ол арасын кім білген, Нартайға жақпаған күйе қалмаған. Тіпті, оны оқалылар «бұзақы» деп таныпты. Япырау, сонда қыздың өз қолымен жазып берген түсінігі, Нартаймен бірге өткерген күндерінің ескерткіш-суреттері, жазысқан хаттар қайда қалады? Темір тіптен түңіліп отыр. Жақында қыздың жақындарының бірі келіп «Құдағиыңыздың банкте 7 миллион теңге несиесі бар екен, соны жауып берсеңіздер, арызды қайтып алады» деп кеткен. О,тоба!
Шашынан сүйреп үйіне кіргізіп алған қызын Боранкүл «оқытпай» тұра алсын ба? Аз күнде ол да бастапқы сөзінен айнып шықты. Іс қайта қозғалды. Тәртіп сақшылары Нартайдың қолын қайырып, абақтыға сүңгітті. Біздің қоғамның зайырлы Заңына сезікті пікір айта алмаймыз. Бірақ, «қыздың айтқаны-заң» деген қатып қалған қасаң қағиданың сеңін бұзатын күш жоқ сияқты.
Бүгінде екі жастың қол ұстасып таксиге мініп кеткенін көргендер де, неке қиған молда да, үйлерін жалға бергендер де «аш пәледен қаш пәле» деп «бие көрдім,жоқ, түйе көрдім, жоқ» ойынын ойнап отыр. «Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз» екенін олардың миына құйған мықтылар бар екеніне де күмән жоқ. Жан дегенде жалғыз ұлының жазықсыз жазалы болғанын айтып Нартайдың анасы Құттықыздың қақпаған есігі қалмады. Темір қақпалар қабағың түйе қарайды оған.
«Тек жердің астындағыларда үн жоқ. Егер Құдайдың құдіретімен өлілер қайтып оралса, бұл жалғаннан үн-түнсіз, жым-жырт өтуді тірілерге үйретер ме еді... Бір-біріне қатты сөз айтпай, бірінің тыныштығын екіншісі бұзбай, жылқының жусағанындай, бейбіт те берекелі өмір орнатар ма еді, егер әруақтар қайтып оралса...дүниедегі сансыз сұмдықтың бет-пердесі ашылып, біздер ұяттың отына өртеніп кетер едік-ау» деген заманымыздың заңғар жазушыларының бірі Оралхан Бөкейдің ой-түйіні («Сайтанкөпір» романы) осындайда еске түседі. Иә, мына жаһандану деген жалмауыз заманда тарыдай шашылған азғантай халық рухани-адамдық жұтаңдыққа ұшырып, Байлық, Ақша үстемдік құрған әбілет иіріміне жұтылып кетер ме екен? Бұрыңғылар «Ұл бұзылса жұртқа сын, қыз бұзылса ұлтқа сын» деуші еді. Ар-ұятты етекпен бірге түріп тастап, небір зымяндыққа баратын бойжеткендеріміз неге көбейді? Қазір кейбір қалжыңқойлар «Ұят-иманда, қыз-диванда» деген «мақал» ойлап тауыпты. Иә, ата-бабалар салт-дәстүрінен, наным-сенімінен, адамның адамға деген мейірім-шапағатынан айырылып бара жатқан мына соқыр да сараң заманда ұяттың отына өртеніп кетер жан табу да қиын-ау.
Ар,Ұят, Намыс өлген қоғамда сайтандар салтанат құрмақ.