Көш жүре түзеледі
Көш жүре түзеледі
389
оқылды
Әлем білетін әзілкеш Әзиз Несиннің кіндігі кесіліп жарық дүниеге келгеніне 105, бақилық болғанына 25 жыл. Ал әлем әдебиетіне әйгілі түрік ағасының әзіл-оспақтарын аударып, қазақ оқырмандарына тағыстырған Ғаббас Қабышұлы биыл 85 жаста. Әзілкеш Әзиздің езу тартар шығармаларын іріктеп «Әңгіме оқи отырыңыз», «Футбол королі», «Сиқыр айна» деп атап, айдар таққан үш кітабы оқырмандар қолында. Көп жыл бойы саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналын басқарып, бас редактор болған Ғабекеңді бесеуі кем тоқсан жасымен құттықтаймыз!         Бұл оқиға бірпартиялық билік кезінде болған деседі. Болды ма, болмады ма – білмеймін, әйтеуір, шын сияқты. Біздің ішкі істер министріміз бір күні  Н. оязын­дағы бір азаматты дереу алып келуге әмір етіпті. Біздегі «алып келдің» әліпбиін білесіз. Жоғары жақтың әмірі төмен қарай құ­диып, жергі­лікті жандарм учас­тогіне барып жетті де, ондағылар әлгі азаматты бассалып байлап-матап, Анкараға ала жөнелді. Ол азамат кім еді? Ол игі ой тобындағылардың бірі екен де, астанаға алдырғанда оны депутат етпек екен. Сөйтіп, ол депутат болды. Әлдекімдер одан бірде: – Сіздің сөз сөйлегеніңізді ешқашан естімеппіз, ол қалай? – деп сұрады. – Мен беталды сөйлемеймін. Бір рет бір ұсыныс жасап сөйледім, ал   жұрт оны бірауыздан мақұл­дады, – деді ол. – Ол нендей ұсыныс еді? – Зал ысып кеткен соң: «Мыр­залар, терезелерді ашыңыздар­шы!» дедім. Оның олай деген-демегені беймәлім, бірақ  деуі  әбден мүмкін. Әу баста сөз сөйлеудің қиын тиетіні бар. Ал сөйлеуге төселген соң, сөйлемей шыдау да қиын болады. Сөздің көктейтін жері – парламент. Бірде біздің депутат әйел­дердің біреуі жоба ұсынуға тиіс болды. Ұсыну үшін жобаны талдап түсіндіру керектігін білесіздер. Депутат бикешіміз өйте алмады да, ақырында: «Алғаш рет сөйлегенде әрқашан осылай  болады» деп, мінберден түсіп кетті. Оның ол тұжырымын түсін­діре отыралық. Құрметті би­кешіміз депутат болғалы сегіз жыл еді. Сонда оның сөз сөйлеуге шыны­мен бірінші рет шыққаны ма? Ал оның сөзуарлығы баршаға бая­ғыдан мәлім. Демек, ол «ән­шейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастың» дәл өзі болды. Шындыққа жүгінсек, жұрт алдында бірінші рет сөз сөйлеу қиын-ақ. Бір мейрамда біздің мектептің директоры сөз сөйле­мекке балконға шығып: –Мырзалар, бүгін мейрам, – деді. Сәл бөгеліп, жөткірініп алып, сөзін   жалғастырды: – Бү­гін мейрам, мырзалар! (Тағы бөгел­ді, тағы жөткірінді). Мейрам бүгін, мырзалар! (Тағы біраз бөгел­ді). Бүгін, мырзалар, мейрам... Мей­рам бүгін, мыр­залар... Содан бастап ол Мейрам мырза аталып кетті. Сол  бірпартиялық билік дәуірінде тағы біреу мінберге шығып: – Отандастарым, бізде алты жебе* бар... – деді де, бедірейіп біраз тұрды. Содан соң: – Алты жебе, отандастарым... – деді. Берекесі қашқанын өзі де сезді. – Тәңірім бізге жар болса, біз алты жебеден алпыс алты жебе жасаймыз, – деді ол. Сөзін сонымен тәмәмдап, мінберден түсті. Жұрт оған алақандары ауырғанша  қол  шапалақтады. Оған қарағанда әйел депу­татымызға не өкпе бар? Бикештің алпыс алты жебе жасауға уәде берерліктей тым құрыса сыңар жебесі де жоқ болатын. Жоқты жерден шұқып тапсын ба? Рас, оның «үстеме», «қосым­ша» деген сияқты  сөздерді ой­натып, халқына біраз  ой тастауына болатын еді. Мысалы: «Үстемеге үстеме қосып, үстемелеп арт­тырып, сонсоң ол үстемеге тағы біраз үстеме қосамыз», -  деуі керек еді де, мінберден  маңғаздана түсіп, кер маралдай керіліп кете беруі керек еді. Өйтуге оның ақылы жетпеді: «Алғаш рет сөйлегенде әрқашан осылай болады» деп,  шынын  айтып  шатасты. Иә, сөз сөйлеу қиын. Бірінші рет сөйлеу өте қиын, бірақ бір төселіп  алған соң өзіңді өзің тоқтата алмайтын боласың.  

*Алты жебе — халықтық-республикалық партия бағдарламасының мәнін аңғартатын 1937-жылғы Конституцияның алты тармағы.