Оңаша бір серуендеп қайтпақ оймен жексенбі күні үйден шықтым. Қалталы мырзалар ғана иемденген Мода жағажайына баруға дәт жоқ болған соң, Патшазада аралына қарай аяңдадым. Стамбұлдың жыртық лашықты Топқапы бөлігінен өтіп, бір алаңқайға шыққан кезімде әлдекім маған:
– Мырза, әу, мырза! – деп дауыстады.
Жан-жағыма қарадым, ешкім жоқ. Бір бақшаның орта тұсында ербиіп қарақшы ғана тұр. Соған қайтадан көз тоқтатып едім, қимылдаған сияқтанды.
Айқастыра шегеленген ағашқа жұлым-жұлым киім кигізіп қойыпты. Бас орнына шұрқ-шұрқ тесілген құлақты шөңкені қондырған.
Менің тіксініп қалғанымды аңғарған қарақшы:
– Қалқам, менен қорықпағын, – деді.
Сасқанымнан аяқ-қолым дірілдеп кетті. Тілім күрмеле жаздап:
– Ассалаумағалейкүм, Қарақшы ата! – деп қалдым.
– Менің туысқандарым не халде?
– Сіздің туысқандарыңыз бар ма еді?
Қарақшының қарқылдап қатты күлгені соншалық, тіпті сегізкөзі сықырлап кетті.
– Әрине... Сен, немене, жоқ деп пе едің?
Абыржығандықтан аузымды аша алмадым.
– Ұлы адамдардың көпшілігі бақша қарақшыларының ұрпағы екенін сен білмеуші ме едің?
– Оллаһи, білмеймін.
– Шырағым, мына біз болмаған күнде тарих та болмайтын еді. Король, паnша, уәзір, министр сияқты мықтылардың көпшілігі – бақша қарақшыларының үрім-бұтағы.
– Мысалы, қай-қайсысы?
– Жо-жоқ... олардың аттарын сен сұрама, мен айтпайын. Не бәрін атау керек, не мүлде атамау керек, әйтпесе бәлеге қаласың.
– Ұлы адамдар – біздің ұрпағымыз дедің. Солай-ақ болсын. Сонда сені мұнда қайсысы қалдырып кетті?
– Бір кезде мен де үлкен ұлық болдым. Астымда аутомобилім, жан-жағымда жағымпаз жандайшаптарым болды.
– Сонсоң?
– Сонсоң ба? Сонсоң мен өзімнің бақша қарақшысы екенімді естен шығарып, кіріспеске кірісіп жүрдім.
– Неменеге кірістің?
– Мысалы, алым-салықты азайтпақшы, етті, кантты арзандатпақшы, халыққа таза сүт бермекші болдым. Басқа да бірталай игі істерді қолға алдым.
– Сонсоң?
– Сонсоң ба? Менің ол істерім жер иеленуші шонжарларымызға ұнамады, оларға тиімді болмады. Сонсоң олар мені осында әкеліп, ербитіп шаншып кетті. «Аузын баққан бай боладыны» кеш ұғып тұрмын, міне.
– Әй, байғұс-ай...