«Зейнет жасын төмендетуге емес, әл-ауқатты арттыруға назар аудару керек» – экономист Дәурен НҰРМҰХАМБЕТОВ
«Зейнет жасын төмендетуге емес, әл-ауқатты арттыруға назар аудару керек» – экономист Дәурен НҰРМҰХАМБЕТОВ
351
оқылды

– Еліміздегі зейнетақы жүйесі туралы пікір білдіріп жүрсіз, Бірыңғай зейнетақы жинақтау жүйесін қалай бағалайсыз, осы саланың сарапшысы ретінде көңіліңізден шыға ма?

– Өз басым Қазақстандағы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін оң бағалаймын және жалпы алғанда оң дамып келеді деп ойлаймын. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында бүкіл әлемдегі зейнетақы жүйелері белсенді реформа кезеңінен өтті және соның ішінде Қазақстан өзінің қаржылық тәуелсіздігінің қысқа тарихымен, білікті жергілікті кадрлар мен әдістемелік тәжірибенің жетіспеушілігіне байланысты қиын жағдайға тап болғаны рас. Әрине, сол қиындықты еңсеру үшін қателік те болды, шығын да болды, бірақ біз осы қиын кезеңді өте сәтті еңсеріп, зейнетақымен қамсыздандыруды одан әрі дамытуға негіз сала алдық. Табысты алмастыру коэффициентінің төмендігі, зейнетақының аз мөлшері және басқа да мәселер туралы көп айтуға болар еді, бірақ бұл мәселелер қазірдің өзінде макроэкономикамен байланысты және зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігінің шеңберінен тыс. Оның үстіне, Қазақстандағы зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің енгізілгеніне жиырма жылдан енді асты және ол қалыптасу кезеңіне енді ғана еніп отыр. Ендігі күш-жігер зейнетақымен қамсыздандырудың екінші деңгейіне – ынтымақтастыққа, дәлірек айтсақ, оның мұрагеріне бағытталуы қажет. зейнет

– Жуырда зейнетақы салымшыларының өз жинағындағы ақшаның бір бөлігін ипотека арқылы баспана алу үшін бастапқы жарна ретінде төлеуге, ипотекасы барлардың несиесін жабуға мүмкіндік берілетіні айтылды. Әрине, әзірге заңды норма бекітілген жоқ. Бұл бастаманы бірқатар экономистер қолдай қоймады. Ал сіздің ұстанымыңыз қандай?

– Мен зейнетақы жинағын жылжымайтын мүлік сатып алу үшін немесе ипотеканың баспақы жарнасына пайдалану идеясы қоғамды адастырды деп санаймын. Бұл мәселені өте мұқият және жан-жақты талдау керек. Зейнетақы активтерін тұрғын үй құрылысына инвестиция салу үшін пайдалану дұрыс па? Иә, бұл зейнетақы активтерін инвестициялау үшін, оның ішінде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына жұмсау кезінде қолданылатын тәжірибе. Осындай мақсаттар үшін белгілі бір салымшының жинаған ақшасын алу мақсатқа сай ма – жоқ. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің шеңберінде бұл ақылға қонымсыз. Неге? Себебі жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мақсаты – оларды тұрақты ақшалай төлемдерге ауыстыру үшін бюджеттен тыс жинақтаудың қажетті деңгейін қалыптастыру. Одан ақшаны жоғарыдағы мқсатқа босату жинақталған зейнетақы жүйесінің үздіксіз өмір сүруінің бар мағынасын жояды. Бұл мәселедегі ең маңызды проблема – Үкіметтің шартты жинақтаушы компонентті әлі енгізбегендігі және оны енгізуге асықпай отырғаны. Ал ол жүйе тиімді жұмыс істемейінше жинақтаушы зейнетақы жүйесінен ипотеканың бастапқы жарнасына қаржы алу мемлекеттегі зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің күйреуіне алып келуі мүмкін. Ал шартты-жинақтаушы компонент дегеніміз не, ол шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі, яғни зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін мемлекет, қызметкер және жұмыс беруші арасында бөлу арқылы зейнетақымен қамсыздандыру. Шартты-жинақтаушы компонент қызметкердің айлық табысынан 5% мөлшеріндегі жарнаны жұмыс берушінің есебінен төлейтін міндетті зейнетақы жарнасы. Бұл жүйенің мақсаты – әлеуметтік әділдік қағидаттарын ескере отырып, зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін көтеру. Бұл жүйе жалақысы аз адамдар үшін пайдалы болар еді. Бұл біздің елдегі жинақтаушы зейнетақы жүйесінің IV деңгейі саналады. Биыл енгізу жоспарланған еді, алайда кейінге қалдырылды. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін белгілі бір салымшының жеке зейнетақы жинағын пайдалану мүмкін деп санаймын, бірақ жинақталған жүйе шеңберінде емес, үлестіргіш жүйе шеңберінде.

– 2013 жылдан бастап зейнетақы жасын ұлғайту басталғанын білесіз. Бірақ жуырда зейнетке шығу жасын 60 жасқа дейін төмендету қажет деген ұсыныс жасалды. Бұған қалай қарайсыз?

– Қазіргі таңда елімізде ер адамдар зейнетке 63 жаста, әйелдер 59,5 жаста шығады. Бұл жас нақты белгіленген шек емес: жыл сайын, 2027 жылға дейін алты айға өсіп тұрады. Сонда 2027 жылы ер адамдар зейнетке 66,5 жаста, ал әйелдер 63 жаста шығады. Бұдан бөлек ер адамдар 55 жастан, әйелдер 51 жарым жастан зейнетке шығуға мүмкіндік беретін норма бар. Ол үшін әрбір қазақстандық азаматқа зейнетақы аннуитеті құқын пайдалануға мүмкіндік беріледі. Бірақ ол үшін БЖЗҚ-дағы шотында әйелдердің 10,5 млн және ер адамдарда 14 миллион теңге болуы керек. Еңбек министрлігінің есептеуінше, жұмыс істейтін азаматтарда мұндай жинақтаудың жеткілікті деңгейі жоқ, бұл зейнетақы аннуитетін сатып алуды айтпағанда, тұрғын үй сатып алу үшін де қажет. Менің пікірімше, ерте зейнетке шығу проблемасы нақты жаста емес, зейнетке шыққанға дейінгі табыстың күрт төмендеуінде. Егер адам жақсы ақша тапса және оның жинақтары болса, онда ол зейнетақыға мүлдем тәуелді болмауы мүмкін. Зейнеткерлікке дейінгі кірістің өте төмен болуы немесе болмауы қоғамда зейнеткерлік жасты қысқарту қажет деген ой туғызады. Теорияда жасты төмендетуге болады, бірақ бұл демографиялық тенденцияларға, экономикалық мақсатқа және ақылға қайшы келеді. Мысалы, Грекия үкіметінің жомарттық жасаймыз деген шешімінің соңы өмір деңгейінің төмендеуіне әкелді. Сондықтан зейнет жасын төмендетуге емес, зейнеткерлердің әл-ауқатын арттыруға назар аударуымыз керек. Бұған зейнетақы жүйесінің қазіргі кезде бюджеттен қаржыландырылатын базалық және ынтымақтастық бөлігін терең реформалау арқылы қол жеткізуге болады. Менің білуімше, бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасуда. Енді зейнеткерлікке дейінгі және зейнеткерлік жастағы адамдарды медициналық-әлеуметтік сақтандыру, біліктілігін арттыру, білім беру, кәсіптік даярлау және қайта даярлау жүйелеріне тарту мәселесіне көп көңіл бөлу қажет.

– Елімізде төтенше жағдайлардан мүлікті міндетті сақтандыру жүйесі енгізілмек. Бүгіндері халықтың табысы онша көп емес. Сақтандырудың бұл түрі бізге қажет деп ойлайсыз ба? Халықты міндеттей бермей, таңдау жасауға неге мүмкіндік бермейді?

– Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған төтенше жағдайлардан мүлікті міндетті сақтандыру жүйесінің енуі екіталай деп ойлаймын. Себебі министрліктің ұсыныс декларативті сипатта. Мұндай маңызды қадамға әдістемелік негіз, реттеуші орта және мемлекеттің өзі дайын емес. Ал, жалпы алғанда, төтенше жағдайлардан болатын шығындардан қаржылық тұрғыдан қорғану үшін сақтандыру қағидаттарын қолдануға әбден болады деп санаймын.

Сұхбаттасқан Халима БҰҚАРҚЫЗЫ