- Алдын- ала мәліметтер бойынша оқиға табиғи газдағы пештің түтіндігін орнату ережелерін сақтамаудан болған. Бүгін облыс әкімінің тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін құрамында Жамбыл облысы ТЖ департаментінің, Меркі ауданы әкімдігінің және газ коммуналдық кәсіпорнының өкілдері кіретін арнайы комиссия құрылып, елді мекенге аттанып кетті. Аталған тұрғын үйде үгіт-профилактикалық жұмыс жүргізілген. Биылғы жылдың 15 қыркүйегінде газ және электр аспаптарын пайдалану кезінде тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы жаднама берілген. Алайда сақтық шараларының сақталмау салдарынан бес адам бірдей уланып отыр. Анасы мен қызы оқиға орнында көз жұмса, 3 адам жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Жансақтау бөліміне жатқызылған адамдардың қазір біреуі палатаға ауыстырылса, екіншісі облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Оқиға орнында арнайы комиссия өкілдері жұмыс істеуде. Оқиғаның мән-жайы осы тексерістен кейін тағы анықтала түседі, - деді М.Қосыбаев.Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Сұлтанұлының айтуынша, Плодовоягодное ауылына газ құбыры ертеректе жүргізіліп қойған екен. Алайда газдан уланған үй иелері 2018 жылы тұрғын үйге қосымша бөлме қосып, көгілдір отынды тұтыну ережелерін қатаң бұзған көрінеді.
- Негізі жеке сектордағы газ құрылғыларына тұрғын иелерінің өздері жауапты. Алайда біздің мекеме тарапынан маусымдық тексеру жұмыстары жүргізіледі. Бірақ аталған үйге газ орнатуда ешқандай ақау байқалмаған. Жалпы жыл басынан бері облыста 48 газдан улану оқиғасы тіркелді. Одан 99 адам зардап шегіп, 7 адам қаза тапты. Сондықтан мен тұрғындарды көгілдір отынды қолдануда аса сақ болуға шақырамын, - дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры.Жалпы мамандардың айтуынша ауылдық жерлердегі тұрғын үйлердің газ құрылғыларын жергілікті билік өкілдері тексеруі керек екен. Биыл бұл бағыттағы жұмыстарды оңтайландыру үшін газ-техникалық инспекция құрылып жатқан көрінеді.Алайда аталған жаңа құрылым қашан жұмысына кірісетіні белгісіз. Сондықтан өңір тұрғындарын жылу маусымында көгілдір отынды барынша ұқыпты пайдаланып, сақтық шараларын сақтауға шақырамыз.
Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы