Беларусь Қазақстаннан мұнай импорттауға мүдделі. Қазан айының 24 күні Нұр-Сұлтанға ресми сапармен келген Беларусь президенті Александр Лукашенко ұсынысын алдыға сала келді.
Александр Лукашенконың «ұсынысын алдыға сала келді» деуімізге өз сөзі дәлел. Қазақстанға Беларусь басшысының өзінен бұрын сөзі жетті. А.Лукашенко ғаламтор арқылы тараған сөзінде: «Егер Ресей біздің экономикалық одағымыздың (ЕАЭО) дамуына мүдделі болса, бұл келісімге кедергі жасамауы тиіс. Ортақ одағымыз бұғаттала берсе, мен жиі айтып жүргенімдей біз бақытты басқа жақтан іздейтін боламыз» деген.
Беларусь президентінің Қазақстанмен келісімге келер алдында одақтас-әріптес мемлекетке қарата, дабырайта айтып, салмақ сала келетін де жөні бар. Біріншіден, белорус қазақ мұнайын теміржолмен тасыса да, құбыр арқылы жөнелтсе де Ресей территориясы арқылы тасымалданбақ. Басқа жол жоқ. Екіншіден, осы уақытқа дейін Беларусь шикі мұнайдың негізгі бөлігін Ресейден импорттап келді. Кейбір деректерде оның жылдық көрсеткіші 18 млн тоннаға дейін жетіп отырғаны айтылады. Сол себепті де алдымен Мәскеудің «батасын» алуы керек. Әсілі, әлемдік нарықта мұнай жеткізуде үлкен ойыншы Ресей үшін 18 млн тонна деген аса үлкен көрсеткіш емес. Бұл жерде іргесінде отырған тұтыну нарығын бөліске салғысы келмеген мүдде ғана болуы мүмкін. Ал тауар сатып алушы мемлекет Беларусьте арзан өнімге деген таңдау бар. Оның үстіне, белорус тарапы қазақстан мұнайын ресейлік шикізатқа балама емес, қосымша қор деп қарауды ұсынып отыр.
Беларусьтің өз жерінде мұнай көлемі аз. Ресми деректерде барланған шикізат қоры 35 жылға ғана жететіні айтылады. Сондықтан «қара алтынды» сырттан тасуға мәжбүр. Дегенмен елдің мұнай өңдеу зауыты жақсы жұмыс істеп тұр. Беларусь МӨЗ-дің жылына 24 млн тонна мұнай өңдеуге мүмкіндігі бар. Осының есебінен мемлекет шикі мұнайды импорттап, өз ішінде өңдеп, дайын өнімді (жылына 15 млн тонна) сыртқа сатып, пайда табуда. Беларусьтің мұнай өнімдерінің негізгі тұтынушысы – Украина, Нидерланды және Ұлыбритания. Алайда бұдан былай Беларусь бұл пайдадан қағылғалы отыр. Себеп – Ресейдің салық саясатының құбылуы.
Заңгер маман Қанат Қожабековтің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шартқа сәйкес, одаққа мүше мемлекеттер арасындағы өзара саудада кедендік баждар (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар), тарифтік емес реттеу шаралары, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары қолданылмайды. Осы ережеге байланысты Ресей ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге мұнай экспорттаса ешқандай баж ала алмайды. Сондықтан ол басқа елдерге де шығарылатын мұнай экспортына кеден бажын азайтып, бірте-бірте нөлдік ставка әкелу саясатын ұстануда. Есесіне, пайдалы қазбаларды өндіруге салықты көбейтіп, Одақтың бірыңғай экономикалық аумағына және одан тысқары аумаққа шығарған мұнай үшін алмаған бажын салық есебінен өндіріп алады.
Міне, Беларуське салмақ салып, біраздан бері Батьканың ашуына тиген де осы салық саясатының құбылуы. Ресей Қаржы министрлігі таратқан мәлімдемеге сүйенсек, Мәскеу 2024 жылға дейін Минскіні шикізат үшін салынатын жеңілдіктен біртіндеп айыра бастайды. Яғни, мұнайға салынатын салыққа байланысты Беларусь пен Ресейдің салық заңнамаларын біріздендіруге арналған «жол картасы» негізінде жүзеге асуы тиіс. Алайда Минск тарапы мұндай жоба о баста көзделмеген деп уәж айтып жатыр. Беларусь Қаржы министрлігі мәлімдегендей, жоғарыдағы «салық маневрына» байланысты Ресей мұнайының тоннасы жыл сайын 16,4 долларға қымбаттай бермек. Осы жылдың 9 айында ресейлік салық саясатының құбылуынан Беларусь тарапы 240 млн доллар көлемінде қаржы шығындаған. Сарапшылар келесі жылы ол көлем 500 млн долларға, ал 2024 жылы 10 млрд долларға жетуі мүмкін екенін айтады. Сол себепті белорус жұрты өзге балама нарық іздеу керектігіне көз жеткізіп, таңдауы қазақ мұнайы түскен. Жалпы, Лукашенконың ЕАЭО шеңберінде бірыңғай энергетикалық нарық құру туралы бастама көтеріп жүргеніне де біраз уақыт болған. Осы арқылы белорус Қазақстан мұнайына қол жеткізгісі келеді.
«Президентінің тапсырмасымен Мәскеуге барып, әріптесім Новак мырзамен бірқатар мәселе бойынша келіссөз жүргіздім және оған да іс жүзінде Беларусьпен уағдаластыққа қол жеткізгенімді айттым. Енді Белмұнайхим компаниясы біздің компаниялармен келіссөздер жүргізуі қажет. Әзірше жылына 1 миллионнан 3,5 млн тоннаға дейін мұнай және мұнай өнімдерін жеткіземіз. Ресей тарапы бұл келісімді мақұлдап отыр» деді Қ.Бозымбаев.
Заңгер Қанат Қожабеков Ресейдің мұндай салық саясаты – ЕАЭО-қа мүше мемлекеттердің Ресей мұнайын кері экспорттауының алдын алуды көздейтінін айтады. «Ал Қазақстанның Беларусь Республикасына мұнай экспорттауына келер болсақ, ЕАЭО-ның ішкі нарығы одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық кеңістігін қамтып, ЕАЭО туралы шарттың 28-бабына сәйкес бұл кеңістікте тауарлардың, қызметтердің, капиталдың еркін қозғалысы қамтамасыз етіледі. Тек тасымалдайтын құбыр ресейлік болғандықтан, құбыр «бітеліп» немесе «тесіліп» қалмаса болғаны» дейді ол.
Десек те, ресми Мәскеу мұнай саудасындағы монополистік мүддесін тізгіндеп, Минскінің ұсынысын мақұлдамасқа амалы да жоқ. Газ дауынан кейін Украинамен арасы алшақтап кеткен Ресей үшін мұнай мәселесінде тағы бір «ағайын» мемлекеттен айырылу ауыр тимек. Батька да бұл жерде базынасының өтетінін жақсы білетіні анық. Әйтеуір, салықпен «қинағанымен», Беларусьтің қазақ мұнайын импорттауына кедергі жасамайтын сыңайлы. Ал Қазақстан тарапы Беларуське 3,5 млн тонна мұнай және мұнай өнімдерін экспорттауға мүмкіндігі барын ашық айтып отыр. Бұл тұрғыдағы сауда-саттықта басымыз ашық. Одақ ішіндегі қабылданған заңдар бойынша жұмыс істелмек, қосымша нарық Қазақстанға артық емес. Одан бөлек, Ресейдің «Транснефти» компаниясы да біздің территория арқылы Қытайға мұнай жеткізіп отырғанын естен шығармауымыз керек. Демек, шикізат сатуда Қазақстан мен Ресейдің мүддесі тоқайласуы тиіс.
Таяуда осы тақырыпта өткен Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Беларусь тарапымен мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу және толықтай алғанда осы саладағы ынтымақтастық туралы келісім жасалғанын жеткізді. «Президентінің тапсырмасымен Мәскеуге барып, әріптесім Новак мырзамен бірқатар мәселе бойынша келіссөз жүргіздім және оған да іс жүзінде Беларусьпен уағдаластыққа қол жеткізгенімді айттым. Енді Белмұнайхим компаниясы біздің компаниялармен келіссөздер жүргізуі қажет. Әзірше жылына 1 миллионнан 3,5 млн тоннаға дейін мұнай және мұнай өнімдерін жеткіземіз. Ресей тарапы бұл келісімді мақұлдап отыр» деді Қ.Бозымбаев.
Ендігі қалғаны – шикі мұнайды жеткізу. Теміржол арқылы қажетті көлемді беруге жер шалғай әрі тасымал шығынын қосқанда Қазақстан мұнайының бағасы Ресей бағасынан айырмасы болмайды. Сондықтан тиімдісі – мұнайды құбыр арқылы «айдау». Қазақстан мұнайы белорустің «құда түсуінсіз-ақ» әлемдік нарыққа 1 380 шақырымдық «Атырау – Самара» мұнай құбыры арқылы ресейдің «Дружба» құбырына жеткізіліп келді. Ал «Дружба» құбыры Беларуссия шекарасына жеткенде, екіге айырылады. Яғни, іргесіне келіп тұрған құбырдан келісімді көлемді алып қалу белоруске тиімді.
Осылайша, Александр Лукашенко Қазақстанға келген сапарынан көңілі тоғайып қайтты десек, қателеспеспіз. Ал біз үшін бір Одақтағы мемлекетке шикізат сату – қосымша нарық. Жалпы, ЕАЭО аясында Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда байланысы жаман емес. Статистика мәліметіне сүйенсек, былтыр екі ел сауда айналымы 900 млн долларға жеткен. Бұл 2017 жылғы көрсеткіш деңгейінен 30%-ға жоғары. Қазақстанға белорус – сүт және сүт өнімдерін, трактор, жиһаз, жүк көлігі, дәрі-дәрмек және мұздатылған ет сатса, біз оларға мұнай өнімдерін, тас көмір, рельс, мақта талшығы, пияз, сарымсақ саудалаймыз.