Бар кітапқа бас болған
Бар кітапқа бас болған
362
оқылды

Мектеп табалдырығын аттаған әрбір баланың алғаш қолға ұстайтын кітабы – «Әліппе» әрдайым қымбат. «Барша-барша ғылымың «Әліппеден» басталар!» деп оны қадір тұтамыз. Дегенмен білім реформасы аясында Білім және ғылым министрлігі оны жойып, орнына «Сауат ашу» пәнін енгізген еді. Енді халықтың қарсылығы және табанды талап етуі арқасында «Әліппе» ортаға оралды: БҒМ оның оқу бағдарламасын бекітті.

Келесі 2021-2022 оқу жылында 1-сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. Осы орай­да, тілтанушы ғалымдар, әде­биеттанушылар, әдіскерлер мен педагогтер «Әліппе» оқу бағ­дарламасын әзірлеп шығыпты. Сон­дай-ақ осы бағытта бұрыннан жи­нақталған тәжірибе де іске жа­ратылған: бұрынғы жылдардағы «Әліп­пе» бағдарламалары мен оқу­лықтарының авторлары да жұ­мысқа тартылыпты. Оқу бағдарламасын әзірлеуде алғашқы «Әліппенің» негізін қа­лау­шы, қазақ халқының көр­некті ағартушысы Ахмет Бай­тұрсынұлының әдістемесі негізге алынды. Енді келесі жылғы жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқу­шылары алғашқы 2 тоқсанда «Әліп­пе», ал үшінші және төртінші тоқ­санда «Ана тілін» оқитын бо­лады. «Әліппе» оқу бағдарламасының басты мақсаты – 1-сынып оқу­шысын оқу, жазу, ауызша және жаз­баша сөйлемдер құрастыруға үй­рету. Оқу бағдарламасында әріп­тер мен дыбыстар реті, буындағы дыбыстар мен әріптерді қолдану жиілігі, балалардың жас ерекшеліктері ескерілген. Сараптамадан өткен оқулықтар 2021-2022 жаңа оқу жылында оқу процесіне енгізілетін болады. – Жұмыс тобы ғалымдармен бір­лесіп 20-дан астам отырыс өт­кізді. Процестің әр кезеңін министр А.Аймағамбетов жеке өзі қадағалап отырды. Нәтижесінде, «Әліппе» оқу бағдарламасы бекітілді. Оқулықтар дайындалғаннан кейін қосымша сараптама жүргізіледі. Біз апробация жүргізілетін мек­тептердің тізімін анықтадық. Жал­пы, барлық мектептерде жаңа оқу жылынан бастап 1-сынып оқу­шылары «Әліппені» оқитын бо­лады, – деді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова. Сондай-ақ орыс тілінде білім алатын 1-сынып оқушылары жаңа оқу жылынан бастап алғашқы 2 тоқсанда «Букварь», ал үшінші және төртінші тоқсанда «Обучение грамоте» пәндерін оқитын бола­ды. «Букварь» оқулығын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы да өз жұмысын аяқтап, оқу бағдарламасы бекітілді. Ол оқулық бойынша да сынақ-апробация жүргізіледі.

Айхан ШӘРІП