Орал қаласында алты сағат бойы әйелін кепілде ұстаған Ерлан Исламғалиев 13 жылға сотталды. Сондай-ақ ол моральдық зиян тигізгені үшін 10 миллион теңге айыппұл төлейді.
2019 жылдың қараша айында Орал қаласының тұрғыны Ерлан Исламғалиев өзінің бұрынғы әйелі Ираида Исламғалиеваны кепілге алған. Оқыс оқиға әйел жұмыс істейтін нотариалдық кеңседе болды. Әйел күйеуінің алты сағат бойы кеңседе ұстап, өлтіремін деп қорқытқанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында ол ұрып-соғып, зорлаған. Кепілге алынған адамды босату үшін полиция келіссөз жүргізген, себебі қаскөй көпқабатты үйді жарып жіберемін деп қорқытқан. Ер адам ұшақ пен ақша талап еткен. Төтенше оқиға орнына облыстың барлық жедел қызметтері жұмылдырылып, көпқабатты үйдің жүзден астам тұрғыны эвакуацияланған. Сотқа дейінгі тергеу «Қаруды қолданумен кепілге алу», «Қорқытып-үркіту», «Бірнеше рет жасалған аса қатыгездікпен зорлау», «Азаптау арқылы қорлау», «Аса ірі көлемде бопсалау» сынды баптар бойынша қаралған. Сот жабық есік жағдайында өтті.М.ХАҚНАЗАР