«Абай үйі» ашылды
«Абай үйі» ашылды
319
оқылды

Пандемияға қарамастан, қазақтың ұлы ақыны, адамзаттың кемеңгері Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өту ісі халықаралық деңгейде өріс алуда. Неміс елінің астанасында «Абай үйі» ашылды.

Еліміздің Ақпарат және қо­ғам­дық даму, Сыртқы істер ми­нистрліктерінің қолдауымен «Отан­­дастар» қоры және «Дүние­жүзі қазақтары қауымдастығы» халықаралық қоғамдық ұйымы Берлинде «Абай үйі» қазақ мә­дени-іскерлік үйінің тұсаукесер салтанатын өткізді. Бұл нысанда енді Германиядағы қазақ диаспорасының мәдени, іскерлік және білім беру қызметін қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланады деп күтілуде. Жалпы, шетелдегі диас­пора­лардың тарихи Отанға қуатты де­меу мен көмек көрсете алатынын халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Бұған мысалы, еврей және армян диаспораларының іс-қи­мылдары дәлел. Бұған дейін дәл осындай «Абай үйі» мәдени-іскерлік үй­лері Ресейдің Омбысында, Өзбек­стан астанасы Ташкентте және Түркияның бас қаласының бірі Стамбұлда ашылған болатын. Со­нымен бірге «Отандастар» қоры алда өзге де елдерде «Абай үйі» мә­­дени-іскерлік үйлері желісін ашу ісін жалғастыруда. Іс-шараға Ақпарат және қо­ғамдық даму министрлігінің Эт­носаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсімбаев, СІМ Консулдық қызмет департаментінің қа­зақ диаспорасымен жұмыс басқар­ма­сының басшысы Мұхтар Кә­рі­бай, Қазақстанның Германия­дағы елшілігінің мәдениет жө­­­­нін­дегі атташесі Қуаныш Әмір­­­ғазиев, «Отандастар» қоры вице-президенті Мағауия Сар­басов, Германия-Қазақстан  қоғамының директоры Галина Нұртазинова, Қазақстанның Баден-Вюртембергтегі құрметті консулы Доротея Халлер-Лейбле, Германиядағы қазақ қауымының өкілдері және жергілікті жұрт­шылық қатысты.

Елдос СЕНБАЙ