Заңгер Жангелді Сүлейменов бюджет қаражатын ысырап етуге байланысты тергеуге алынған бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қандай жаза кесілуі мүмкін екенін айтты.
Оның ойынша, Біртановқа қатысты бірнеше сценарийі болуы мүмкін.
"Экс-министр Елжан Біртанов ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі ("Өзіне сеніп тапсырылған біреудің аса ірі көлемдегі мүлкін иемдену немесе ысырап ету") бойынша күдікке ілінді. Бірақ заңдағы алғашқы квалификация деген ұғыммен қылмыстық тергеу органдары оған осы бап бойынша айып тақты, бірақ тергеу барысында басқа бапқа алмастыруы немесе осы бапқа тағы басқасы қосылуы мүмкін.
Егер тағылған айып сотқа дейін өзгермесе, онда Біртановтың қылмыс кезіндегі алған мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін сотталуы мүмкін. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салынады", - деді Сүлейменов.
Тағы бір нұсқа бар.
"Күдікті қылмысты сыбайластарымен бірге жасауы мүмкін. Егер ол расталса, онда 262-баптың 2-бөлігіне сәйкес ("Ұйымдасқан топқа немесе қылмыстық ұйымға қатысу") бабы бойынша тергеледі.Онда 8 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.
Тергеу барысында түрлі эпизод тексеріліп, күдіктінің соларға қатысы бар-жоғы тексеріледі. Мысалға ол ақшаны жұмсауға тікелей қатыспаса да, сыбайластары пара бердік деуі мүмкін. Мұндай жағдайда ҚК 366-бабына сәйкес 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру және параның сегіз есе мөлшерінде айыппұл төлеу қарасытырылған.
Ал егер жұмсау және ұйымдасқан топ, пара алу да дәлелденсе, онда сот жазаларды біріктіре отырып, 20 жылдан аспайтын жаза кесуі мүмкін", - деді сарапшы.
Еске салайық, бұған дейін Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметі Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановты қамауға алғанын жазған болатынбыз.