БҚО-да дүркіретіп той жасаған ауыл әкімі қызметінен босатылады
БҚО-да дүркіретіп той жасаған ауыл әкімі қызметінен босатылады
5,153
оқылды
3 қарашада БҚО аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі штабтың отырысы өтті. Облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданының Ақжол ауылдық округінің әкімі Татжан Өтемісовтің той жасағаны туралы жағдайға ерекше мән беріп, ақпараттың растығына көз жеткізді. БҚО әкімдігі аппарат басшысы Берік Батаев ауыл әкімі кезекті еңбек демалысында (9 қазан мен 9 қараша аралығында – ред.) жүргенін айтты.
«Бұл жайында тексеріс жүргізілді. Қазір Татжан Өтемісов кезекті еңбек демалысында жүр, демалысы 9 қарашада аяқталады. Ол 10 қарашадан бастап қызметінен босатылады. Татжан Өтемісовке карантиндік талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 41 мың теңге айыппұл салынды», - деп хабарлады Берік Батаев.
Еске сала кетейік, 26 қазанда куәгерлер «Мой город» порталына Орал қаласында өткен үйлену тойының видеосын жіберіп, той иесі БҚО Ақжайық ауданының Ақжол ауылдық округінің әкімі екенін айтқан. Хабарламаға сенсек, оның ұлы үйленген.