Дайындық барысы пысықталды
Дайындық барысы пысықталды
360
оқылды

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында келер жылдың 10 қаңтарында өтетін сайлауды аймақта сапалы және уақытылы өткізудін дайындық мәселелері қаралды.

Жиында алғы сөз алған об­лыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сайлау науқанының негіз­гі ке­зеңдеріне, сайлау комиссия­ларының сайлауға дайындық пен оны өткізу жөніндегі өкі­леттіктеріне, аумақтық сайлау комиссияларының міндеттеріне жан-жақты  тоқталды. – Мен сіздердің назар­ларыңыз­ды сайлау науқанының негізгі кезеңдеріне аударғым келеді. Дайындық кезеңіне 20 күн, кандидаттарды ұсынуға 25 күн, оларды тіркеуге 31 күн, ал сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарына 29 күн беріледі. Тыныштық күні болып 2021 жылы 9 қаңтарда жарияланады, – деді С.Айдапкелов. Өңір  бойынша 492 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады.  Облыс әкімі аппаратының бас­шысы Қанатбек Мәдібек олардың 94,9  пайызы интернетпен, 77,2 пайызы  бейнекамералармен, 93,5 пайызы  пандустармен қам­тамасыз етілгенін тілге тиек етті. Облыс басшысы барлық учас­кенің жүз пайыздық дайындығын қамтамасыз ете отырып,  аудан әкімдеріне санитарлық-эпи­демиологиялық талаптардың қа­таң сақталуын бақылауды тап­сырды. Сонымен қатар облыс әкімі сайлау науқанын ақпараттық сүйе­мелдеуге айрықша назар ау­дару қажетін ескертті. Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізімдер бойынша өтпек. Сондай-ақ  тұң­ғыш рет заңнамалық деңгейде парламенттік оппозиция секілді ұғым енгізіліп, партиялық тізім­дерде әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота бел­гіленіп  отыр. – Мемлекет басшысы өз үн­деуінде саяси жаңғырту, көп­партиялық жүйені дамыту және еліміздің қоғамдық-саяси өміріне азаматтық қоғамның қатысуын кеңейту бойынша шаралар қа­был­данғанын атап өтті. Біздің міндетіміз – сайлау заңнамасы нормаларының мүл­тіксіз сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың өз консти­туциялық құқықтарын жүзеге асы­руы үшін тиісті жағдайлар жасау. Жамбылдықтарды азаматтық ұстаным танытуға, сайлауға бел­сене қатысуға және  жоғары пат­риотизм үлгісін көрсетуге ша­қырамын. Біз еліміздің баянды бо­лашағы үшін дауыс беруіміз керек, – деп   түйіндеді жиынды  облыс әкімі.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы