Жырға айналған жерүсті өткелі

Жырға айналған жерүсті өткелі

Шымкент қаласы – ха­лық саны жылдан жылға кө­бейіп жатқан үлкен мега­по­лис. Жер аумағы да кеңей­ді. Сон­дықтан мұн­да құ­рылыс жұмыс­та­рының, жал­­пы барлық сала бо­йын­ша қарбалас тірлік­тің болуы заңды. Алай­да осын­­­дай кездері кейбі­реу­лер­­дің сапаға емес санға жұ­­мыс істей­тіні де жұрт на­­ра­зылығын туғызып жа­та­­ды.

Рас, соңғы жылдары шаһарда жерасты және жерүсті өткелі көп са­лынды. Көлік қозғалысы кө­бе­йіп кеткендіктен, тұрғындар­дың өмір қауіпсіздігі үшін жаса­лып жатқан бұл игі іс қуантарлық-ақ. Алайда айтпағымыз жерүсті өт­кел­деріне қатысты олқылықтар болмақ.

Үшінші мегаполисте көлік қозғалысы мен жаяу жүргінші көп жүреді деген екі аумаққа жерүсті көпірін орнату жоспарланған. Оның бірі 18 шағын ауданы «Ев­ра­зия» базары маңындағы Рыс­құ­лов көшесінің бойынан орна­тыл­ған көпір. Сметалық құны 129 млн теңгені құрайтын бұл жаяу жүргін­ші­лер өт­келі небәрі бір жылдың көле­мін­­де бітті. Кейін қариялар мен мүмкіндігі шек­теулі жандар үшін лифт қойыл­ды.

Ал одан кейін 1 жылдан соң құры­лысы басталған «Жаңа ша­хар» базары маңындағы Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесі қиылысында салынып жатқан жерүсті көпірі сақалды құрылысқа ай­налған. 4 жылдан бері жыры біт­пей келе жатқан, айналасын құрылыс материалдарына толты­рып, сол маңдағы тұрғындардың ашу-ызасын тудырып жүрген бұл көпірдің тарихы сонау 2013 жылы басталып, жобасы сызылған. Құрылысты 2015 жылы бастап, 2017 жылдың сәуір айында пайда­ла­нуға беру тиіс болатын. Шым­кент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қар­масының мәліметіне сүйен­сек, жобалық құны 214 млн теңге­ні құрайтын осынау көпірге бү­гін­ге дейін 160 млн теңге бөлі­ніп­ті. Құрылыс жұмыстары бастал­ғалы мұнда бірнеше мердігер компания ауысқан. Енді биыл жұмысты аяқтау үшін тағы бір компания мердігер деп танылып, оған қазынадан 54 млн теңге қа­ралыпты. Әрине, мұның бұрын­ғыдай құрғақ уәде болып қаларын, әлде толыққанды шешімін таба­ты­нын ешкім дөп басып айта ал­майды. Себебі жұртшылықтың құрғақ уәделерге құлағы үйренген.          

Иә, қалай болғанда да бастал­ған істің тұрғындарды қанша әу­ре-сарсаңға салса да түбі бітеті­ні белгілі. Дегенмен дәл осы екі ай­маққа да жерүсті көпірін салу қаншалықты тиімді? Осы тұрғы­дан келер болсақ, бүгінде №18 ша­ғынауданда Т.Рысқұлов көше­сі­нің бойына салынған көпірден өтіп жатқан адамды көрмейсіз. Ал мынау Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесі қиылысын­да­ғы сақалды құрылыс атанған жерүсті көпірінің тіпті мүлдем қажеттілігі байқалмайды. Себебі мұнда бағдаршам және жаяу жүр­гінші жолы да бар. Екі көшенің арақашықтығы да оншалықты үлкен емес. Мұндай наразылықты әрі-бері өткен жүргізуші де, жо­лаушы да айтып жатады. «20-30 шаршы метр қашықтықтағы жолдың арғы бетіне өту үшін бас­пал­дақпен 5 метр биіктікке кө­те­рілем дегенше бағдаршам да жана­ды ғой, кім оған мініп, тағы сонша уақыт түсіп жүреді?» дейді жаяу жүргіншілер. Ендеше, бюджетін ары тартса да, бері тартса да жеткізе алмай, әлеумет­тік мәселесі ақсап тұрған Шым­кент қаласы әкімдігінің 214 млн теңгені тиімсіз нәрсеге жұмсауы қаншалықты ақылға қонымды?! Жуырда ғана бұқаралық ақпарат құралдарына өткізген брифингте қала әкімінің орынбасары Е.Са­дыр қазынадағы қаржы жетіс­пеушілігін айтып, салдарынан әлеу­меттік, білім, медицинадан бастап ауыл шаруашылығы, құ­ры­­лыс, коммуналдық саладағы бір­қатар мәселе шешуін таппай тұр­ғанын жеткізген. Әрине, осын­­дай тиімсіз жобалардың бас­та­­лып, бірнеше мердігер ауыс­ты­руы да қала бюджетіне едәуір зиян келтіреді.

Оның қасында егер түбі салы­нуы керек болса қалада жерүсті немесе жерасты көпіріне қажет­ті­лік бүгінде «Автонұр» базары ма­ңында туындап тұр. «Автонұр» қа­зіргі таңда Шымкент қала­сын­дағы халық ең көп баратын, қа­шанда ығы-жығы болып жататын базар. Қаладан келетіндер жол­дың арғы бетіндегі қоғамдық көліктен түскен соң бері өтемін дегенше уақыты өте аз қойылған бағдаршамның жасыл түсі өшіп қалады. Нағыз үлкен жолдың бойындағы бұл маңға жаяу жүр­гіншілер үшін қандай да әрекет керек екені анық. Сондай-ақ «Алаш» және арзан азық-тү­ліктің отаны саналатын «Ак­бар» базар­ла­рының маңы да дәл осын­дай күйде. Көлік нөпірі қа­лың мұнда үнемі кептеліс туын­дап жатқаны. Жоғарыда атап өткен Темірлан тас­жолы мен Мангелдин көше­ле­ріндегі адам қарасы аталған ба­зар­лардың жанында түкке тұр­майды десе де болады.

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы