9 қарашадан бастап Көкшетау қаласының периметрі бойынша блокбекеттер орнатылады
9 қарашадан бастап Көкшетау қаласының периметрі бойынша блокбекеттер орнатылады
164
оқылды
Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы – вице-премьер Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды, - деп хабарлады primeminister.kz. Өңірде тіркелген СOVID-19 фактісі қазан айының қорытындысы бойынша 2,7 есеге артқан. Ведомствоаралық комиссия төрағасы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында 9 қарашадан бастап облыс әкімдігіне бірқатар шектеу шараларын қабылдауды тапсырды, атап айтқанда:
  • Көкшетау қаласының периметрі бойынша блок-бекеттер орнатуды;
  • күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блок-бекеттер орнатуды;
  • Көкшетау-Алматы, Көкшетау-Ақтау бағыттары бойынша әуе қатынасын аптасына 2 рейстен 1 рейске дейін қысқартуды;
  • Көкшетау-Қызылорда бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7 реттен 3 ретке дейін қысқартуды;
  • пойызбен қатынайтын транзиттік жолаушылардың облыс ішінде аялдауына тыйым салуды (облыс әкімдігі белгілеген жерлерді қоспағанда);
  • діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұруды;
  • жұмыс күндері үй-жайлардағы қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысын бір мезгілде 30-дан аспайтын келушілер болған жағдайда, 30-дан кем орындық объектілер үшін есептік орындардың 50%-ынан аспайтын жағдайда сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін, жұмыс режимін қысқарта отырып шектеуді;
  • жұмыс күндері сауда үйлерінің, сауда орталықтарының, көлемі 500 шаршы метрден астам азық-түліктік емес дүкендердің жұмысын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін шектеуді;
  • стратегиялық объектілер мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің өндірістік процесті қамтамасыз ететін жұмыскерлерін қоспағанда, облыс елді мекендерінің аумағы бойынша тұрғындардың қозғалысын сағат 23:00-ден сағат 06:00-ге дейін шектеуді;
  • 65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен шықпауды ұсынуды;
  • қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіруді; офлайн режимде кеңестер өткізуге тыйым салуды тапсырды.