9 қарашадан бастап Павлодар қаласының аумағы бойынша блокпосттар қойылып, қала карантинге жабылады.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды.
Жұмыс сапары барысында өңірлік медициналық объектілердің коронавирус инфекциясының болуы мүмкін толқынына дайындығын тексерді.
Сондай-ақ вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша кеңес өткізді, жергілікті мемлекеттік органдар мен Полиция департаменті басшылығының қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады.
Премьер-Министрдің орынбасары ауылдық жерлерде ПТР лабораторияларының жоқтығын ескере отырып, бұл қызмет түрінің облыс тұрғындарына қолжетімділігін тез арада шешуді тапсырды.
Ералы Тоғжанов қазан айының қорытындысы бойынша өңірде тіркелген СOVID-19 фактілерінің үш есеге өскенін атап көрсетті. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру қажеттігіне ерекше назар аударды.
Ведомствоаралық комиссияның төрағасы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша облыс әкімдігіне ағымдағы жылдың 9 қарашасынан бастап бірқатар шектеу шараларын қабылдауды, атап айтқанда:
Павлодар қаласының периметрі бойынша блокпосттар орнатуды;
күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блокпосттар орнатуды;
келесі бағыттар бойынша әуе қатынасын қысқартуды:
Павлодар-Алматы аптасына 10-нан 5 рейске дейін;
Павлодар-Нұр-Сұлтан 3 рейстен 1 рейске дейін;
Павлодар-Шымкент аптасына 2-ден 1 рейске дейін;
Павлодар-Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартуды;
жолаушылар теміржол құрамдарының облыс ішінде аялдауына (облыс әкімдігі белгілеген жерлерді қоспағанда) тыйым салуды;
діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұруды;
қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын сағат 20.00-ге дейін шектеуді;
офлайн режимде кеңестер өткізуге тыйым салуды;
қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіруді;
65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен шықпауды ұсынуды;
Демалыс және мереке күндері:
қоғамдық көліктің (трамвайлар, автобустар, маршруттық таксилер) жұмысын тоқтата тұруды;
жабық және ашық азық-түліктік емес және азық-түлік базарларының жұмысын тоқтата тұруды;
моншалардың, сауналардың жұмысын тоқтата тұруды;
қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын тек тапсырыс берушіге жеткізу форматына көшіруді тапсырды.
Сондай-ақ, өңір басшылығына карантиндік режимді сақтау бойынша мониторингтік топтардың қызметін күшейту, тұрғындар арасында карантиндік режимді мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында.