Көңіліне желік бітіп, тақтайдай жолда тежеусіз құйғытқан көлік жүргізушісін не тоқтата алады? Әр шақырым сайын полицей қоюға мүмкіндік жоқ. Ішкі істер министрлігі басқа қулыққа басты: жолдардың апаттар жиі болатын учаскелерінде жарқылдауық маягі бар автомашиналардың муляждарын орнатып жатыр.
Бұлардың алғашқылары Ақмола облысында пайда болды. «Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдарда жарақаттану және өлім-жітім деңгейін төмендету мақсатында Полиция департаменті тұрақты негізде республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға тексеру жүргізеді. Мәселен, 2020 жылдың 10 айында Әкімшілік полиция 1 884 тексеру жүргізді. Оның ішінде халықаралық маңызы бар тасжолдарда – 52, республикалық маңыздағы трассаларда – 224, облыстық жолдарда – 248, аудандық жолдарда – 253, шаруашылық маңызы бар тасжолдарда – 15 және қалалар көшелерінде 1 092 тексеру жүргізді. Нәтижесінде, 14 586 шақырым жол қамтылды», – деп хабарлады ІІМ. Оның қорытындысында жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын және инженерлік құрылыстарды тиісті деңгейде ұстамағаны үшін жол-коммуналдық ұйымдардың лауазымды адамдарына 145 әкімшілік материал толтырылды. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларына негізінен жылдамдық режимін бұзу себепші екені анықталды. Әкімшілік полиция басқармасы ҚазАвтоЖолмен бірлесіп, автожолдардың авариялық-қауіпті тұстарына жарқылдауық маягі бар полиция көліктерінің әзірге 5 макетін орнатты. Мысалы, 2-еуі Нұр-Сұлтан – Петропавл жолында тұр. Макеттер – тасымалданбалы, яғни орны ауыстырылып тұрады. Сонымен қатар бұл жолдың кілт бұрылыстарында жарықдиодты жыпылықтайтын катафоттар орнатылған. Полиция бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырады.Айхан ШӘРІП