Нұр-Сұлтанда «Қоғамдық медиация: теория және практика» тақырыбында онлайн семинар-тренинг өтті. Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА қоғамдық және кәсіби медиаторлары, Senim медиация және татуласу орталығының, «Келісім» халықаралық медиация және құқық орталығының өкілдері қатысты.
«Медиация әлеуметтік тұрақтылықты арттырудың құралына айналды. Өйткені медиация жанжалдарды сотқа дейін реттеу үшін жұмыс істейді, осылайша олардың ушығып, дауға айналуына жол бермейді. Медиацияны жаппай енгізу мен оны халқымыздың құқықтық санасына бейімдеу Қазақстандағы азаматтық қоғамды дамытуға серпін береді», – деп атап өтті Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы Нұр-Сұлтан Ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Ләззат Құсайынова. Бүгінгі таңда елордада медиацияның 6 орталығы бар. Олар отбасылық, азаматтық-құқықтық, еңбек, корпоративтік дауларды шешеді. Сарапшылардың пікірінше, көп жағдайда кез келген жанжалда бейбіт жол тауып, келіссөздер жүргізуге болады. Сонымен бірге заңнаманы да қолға алу қажет. «Медиация туралы заң бар. Бірақ әзірге медиациялық институттың әлеуметтік, психологиялық процестерді жүргізуге толық іс-әрекеті регламенттелмеген. Әлі күнге дейін медиация институтын ғылыми тұрғыдан жетілдіруді, мемлекеттік органдардың ашықтығы арқылы ақпараттандыру жұмыстарын күшейту, жергілікті әкімшілік пен омбудсмендерді қатыстыру арқылы медиация саласын дамытып, бейбіт процестерді жүргізуге мүмкіндік тудыра аламыз. Сол кезде олардың беделі артатын болады. Яғни, жүйені жетілдіру қажет», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасы үкіметтік емес сектормен жұмыс бөлімінің басшысы Нұрбек Пұсырманов. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда елордада 2 996 ҮЕҰ, оның ішінде 6 медиациямен айналысатын ұйым және 3 медиация кабинеті бар.Серік ӘЛІМЖАНОВ