Алматы облысындағы ауыл 8 жыл бойы жарықсыз отыр
Алматы облысындағы ауыл 8 жыл бойы жарықсыз отыр
237
оқылды
Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында бір көшенің тұрғындары 8 жыл бойы жарықсыз отыр. Бұл жерге сырттан көшіп келген қандастарымыз қоныс тепкен. Көпбалалы отбасы көп. Тырбанып, тірлік жасап, күн көріп жатыр. Алды 8 жыл бұрын үй салып алған. Ал электр жарығының игілігін жақында көре бастады. Оның өзін уақытша қосып берген. Көкөністі базардан сатып алмай, бау-бақша салғысы келетіндер көп. "Біз талай рет арыз да түсіріп көрдік. Бірақ әкімшілік тарапынан әлі ешкім жұмыс жасамайды. Бақша салу керек еді. Су жоқ. Бәрі қоршалып дайын болмай жатыр. Үкімет көмектесіп жол салып, су құбырын тартып берсе екен дейміз",- деді ауыл тұрғыны Ерлан Сейітақынұлы. Өркениеттің игілігінен жұрдай ауылда балаларға қиын болды. Екі ай бойы жарытып сабақ оқи алмаған. Себебі электр қуаты болмады. Құдықтың ащы суын ішетін халықтың саулығы туралы айту да қиын. Тұрғындар проблемаларын айтып, жергілікті әкімдіктің табалдырығын тоздырған. "Қазір жол жоқ. Қай жатқан өтерімізді ұқпай отырмыз. Балалар әбден қиналды. Не жол жоқ, не су жоқ. Жарық келгелі 2-3 күн болды. Балалар екі айдан бері қиналып, оқи алмай қалды", - деді Зибира Тұшан. Инфрақұрылымы жоқ ауданда кәсіпкерлікті дамыту да мүмкін емес. Қызмет көрсету орындары жоқ. Шелектің шеткі ауданы болған соң, азын-аулақ мал ұстағысы келетіндер бар. Оған да мүмкіндік болмай отыр. Ауыл әкімінің сөзінен байқағанымыз: біраз іс құжат түрінде атқарылып жатыр. "Ол мәселе бойынша тек құжаттар әзірленді. Қазір жобалық институт жолды жасауға жобалық-сметалық құжаттарды жасап жатыр. Келесі жылы сол көшелерге асфальт салынады. Бірінші инфрақұрылымын жасаймыз. Содан соң асфальт салуға көшеміз. Су мәселесі бойынша келесі жылға өтінім жібердік",- деді Шелек ауылдық округінің әкімі Сәкен Әбдіқалиев. Келесі жылы жол салынады. Одан соң су келеді.