АҚШ-тағы сайлау: Америка жаһандық абыройсыздыққа ұшырады
АҚШ-тағы сайлау: Америка жаһандық абыройсыздыққа ұшырады
370
оқылды

Өзін «демократияның тірегі» санайтын АҚШ алапат дағдарысқа килігуде: сайлауда миллиондаған жалған дауыс табылды, дауыс санауда қаптаған қателік пен жаңылысуға, бұзушылық пен бұрмалауға жол берілген. Американың қазіргі президенті қарсыласы жеңісіке жетсе де, оны мойындамайтынын мәлімдеді.

Америкалықтардың сайлау жүйесіне деген сенімі барған сайын төмендеуде. Соның кесірінен, басты екі кандидаттың жақтаушылары арасында қақтығыстар жиілеген. Наразы халық санақ нәтижелеріне қарсылығын білдіріп, көшеге шеруге шығып жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар, тәуелсіз зерттеу орталықтары сайлауға қатысты жарияланып жатқан ресми деректердің үйлеспейтінін анықтауда. Мәселен, зерттеу барысында мамандар электораттың екі миллионға жуық дауысы бұрмаланғанын әшкереледі. АҚШ-тың 29 штатының 353 округінде белгі соғылған бюллетендер саны соларда тұратын және дауыс беру құқығы бар тұрғындар санынан 1,8 миллионға асып кеткен. Жекелеген штаттарда мұндай айырмашылық екі есеге дейін барады. Айталық, Техаста әрбір 100 сайлаушыға шаққанда 187, Нью-Мексикода – 177, Оңтүстік Дакотада – 171 бюллетеннен тіркелген. Сайлауға қатысты тау басынан құлаған қар жентегіндей барған сайын ұлғайған дау-жанжал АҚШ сот жүйесін де дағдарысқа ұшыратуы мүмкін. Тарихи алапат ауқымдағы сот тайталастары жүреді деп күтілуде. Ол ұзаққа созылуы және әлемдік нарыққа, биржаға, доллар бағамына, экономикаға және басқасына теріс ықпал етуі ықтимал. Екі кандидат та бір-бірін мойындамаса, АҚШ Жоғарғы соты дауыс беруге қатысты әділетті шешім қабылдай ала ма, жоқ па, ол да беймәлім. Мысалы, Құрама Штаттардың іс басындағы президенті Дональд Трамп бірнеше штаттағы сайлау нәтижелерін сотта даулайтынын хабарлады: «Егер тек заңды дауыстарды ғана есептесе, мен үлкен айырмашылықпен жеңіске жеттім! Алайда демократтар заңсыз бюллетендерді қосып, жеңісімізді ұрлап алуға талаптануы мүмкін. Мен көптеген шешуші штаттарда сенімді түрде жеңдім. Сотта дауласатын боламыз. Себебі, сайлауда алдау мен көзбояушылық деректері жетерлік. Біз мұндай ұрлыққа жол бере алмаймыз», – деді Д.Трамп. Бұған қоса, интернетте бюллетендерді бума-бумамен лақтырудың нақты фактілері туралы деректер тарауда. Сайлау комиссиялары дауыстарды қайта есептеуге кірісті және оның барысында әлгі фактілер расталған. Мұны байқап-көріп отырған қарапайым халықтың тек сайлауға ғана емес, сонымен қатар мемлекет пен билікке деген сеніміне селкеу түсті. Байқаушылар мен БАҚ Мичигандағы сорақы жайтқа назар аударды. Онда Трамптың нәтижелері өзгеріссіз қалғаны, ал Байденді қолдаған дауыстардың бірден 138 мыңға күрт көбейіп шыға келгені тіркелді. Қоғамда үлкен шу мен дүрбелең көтерілген соң сайлау комиссиясы нәтижелерді түзетті. Ақпарат құралдары Висконсин штатында да бюллетендердің жасанды өсірілгені туралы деректер таратуда. Америка АҚШ сарапшылары дауыс санау кезінде заңның бұзылғанын айтып отыр. Сот байқаушылары қауымдастығының президенті Том Фиттонның байламынша, сайлау өтіп кеткеннен кейін поштамен келген бюллетендерді есептеу – федералдық заңға қайшы. Алайда бюллетені бар хаттар әлі күнге қабылдануда. Бұл ретте тек хатта және пошта маркасында сайлау күні – 3 қарашада жіберілгені көрсетілсе, жеткілікті екен. Дауыстарға қатысты фальсификациялаулар, манипуляциялау ауқымды наразылық акциялары мен шерулерге әкелді. Бұл бизнеске және іскерлік белсенділікке теріс әсер етуде. Өз дауысының ұрланғанына ашынған ел жұмысын тастап, көшеге шыққан. Олардың ашу үстінде жолындағысын қирататынын түсінген қымбат бутиктер, тіпті ірі компаниялардың кеңселері шыны қабырғаларын, сыртқы витриналарын тұрпайы, бірақ берік материалдармен қаптауға мәжбүр. Шынында әр штатта бейберекетсіздіктер басталып та кеткен. Ал кейбір бизнес нысандары жабылып қалды. Осылайша, экономикаға нұқсан келді, кәсіпкерлік шығын шекті. Ең бастысы, сүйекке дақ салғандай, демократия ұстыны ретіндегі АҚШ-тың беделіне нұқсан келді. Ұзақ жылдар бойы Америка өзге мемлекеттерге сайлауды қалай адал өткізу керегі жөнінде ақыл үйретіп, жөн-жосық көрсетуге тырысты. АҚШ қаржыландыратын қорлар мен ақпарат құралдары әр елді демократияға үйретуге күш салды. Сайлау қорытындысын бұрмалады деген сылтаумен өзіне ұнамайтын биліктерді тақтан тайдырып, түрлі-түсті төңкерістер ұйымдастырды. Ал бүгінде болып жатқан оқиғалар Американың өзінде сайлау жүйесі бұрмалаушылыққа еш тосқауыл қоймайтынын, қайта соған дем беретінін паш етті. АҚШ сарапшыларының өзі америкалық демократияның шірігеніне, «демократия денесін паразиттер басқанына» назар аудартады.
Қорыта айтқанда, Америка Құрама Штаттары алдағы уақытта тұрақсыздық дәуіріне аяқ басатынға ұқсайды. Егер 77-жастағы Байден жеңсе, онда 74 жастағы Трамп үлкен Буштан кейін бір-ақ рет президент болған тұлғаға айналмақ. Себебі, әдетте америкалықтар іс басындағы мемлекет басшысына екінші рет сайланып, бастаған ісін аяқтауға мүмкіндік беретін. Бұған Д.Трамптың бүкіл әлемге кесірін тигізген, өзгелерді кемсіткен, жаһандық сауда соғысының басталуына соқтырған кереғар шешімдері ықпал етпек. Алайда осындай даумен күмәнді жеңіске жетсе, Байден де орынтағында ұзақ отыра алмас. Ендеше АҚШ-тың 18-ші президенті Улисс Грант заманынан бері, яғни кейінгі 150 жылда алғаш рет қатарынан екі президент екінші мерзіміне сайлана алмай қалатын түрі бар.