Коронавирустан айыққан адамдардың шашы уыс-уыс болып түседі, тіпті алапес-алопецияға ұшырайды. Кейбір сырқаттың иіс және дәм сезу қабілеті сол бойы қалпына келмеген. Әртүрлі галлюцинация елестейтінді шығарған. Құс ұйқы болғандар көп. Тектен-тек кеудесі қысып ауыратыны жетерлік. КВИ арты диабетке әкеп соқтырған жағдайлар да бар. Бұдан адамның жынданып кетуі ғажап емес. Отандық дәрігерлер COVID-19 індетіне шалдыққан жұртты неврологиялық кеселдер жайлағанын айтып, дабыл қағуда.
Жұпар иісі аңқымас...
Алматылық журналист Әйгерім отбасымен бірге коронавируспен ауырыпты. Ол індеттен жазылғандарына 5 ай өтсе де, оның отбасындағы 3 адамның әлі күнге иіс пен дәм сезбейтінін айтады. «Енді олар өмір бойы иіс пен дәм сезуден қала ма?» деп қорқады әріптесіміз. Адам айналадағы жұпар иісті құшырлана жұта алмаса, алдағы жеңсік астың дәмін сезбесе, өмірден де мән кетеді. Отандық дәрігерлер мен ғалымдар осындай кесапатқа кезіккен сырқаттарды мазалаған сұрақтарға нақты жауап тапқан жоқ. Әзірге бұл бағытта ғылыми-зерттеулер жүргізіліп жатқанына сілтейді. Әлемді ен жайлаған қауіпті вирустың салдары жаман. Мичиган университетінің доценті Филип Влисидес жетекшілік еткен АҚШ-тың медицина мамандары COVID-19 науқастарының төрттен бірінде немесе шамамен 24%-ында ақыл-естің бұзылуы (делирия немесе помрачение сознания), қызу сандырағы (горячечный бред) айыққаннан кейін де сақталып қалғанын анықтады. Ал кейбірі алжасып кеткен. MedRxiv жариялаған зерттеуде ақыл-санадағы бұзылушылықтардан пациенттердің бір бөлігі бірнеше айдан бері зардап шегетіні айтылады: «КВИ сырқаттары арасында делирия, ақыл-естің бұзылуы – ең кең таралған симптом. Бақылаулар көрсеткендей, олардың шамамен 24%-ында делирия сауығып шыққаннан кейін де сақталып қала береді». SARS-CoV-2 коронавирусы ағзаға түскенде адам иіс сезу мүмкіндігінен айырылады. Тамақ атаулы дәмсіз көрінеді. Сырқаттардың бірі мойындағандай, «базбір сабын жеп отырған сияқтысың». Мұндай проблемалар бүкіл COVID-19 науқастарына тән. Содан адамның тәбеті құриды, ас ішуге зауқы соқпайды. Соның салдарынан қатты азады, организм қажетті дәрумендерден қағылады. Жақында ғалымдар бұл құбылыстың ықтимал себебін айқындады: вирус миға ену және жүйке жүйесіне таралу үшін мұрынның шырышты қабығындағы иіс сезу рецепторларын «қақпа» есебінде пайдаланады: осы рецепторлар мұрынға келген иісті тікелей миға жеткізуге жауап беретіні мәлім. Енді сонымен бірге вирус та миға жол тартады. Ал британдық ғалымдар COVID-19 науқастардың бір бөлігі сөйлемнің, сөздің мағынасын түсінуге қиналатынын анықтады. Оның үстіне, КВИ ми тамырларының жұмысын бұзады, оның жұмысында салмақты ақаулар туындайды, ол алжасуға және делирияға әкелуі ықтимал.Сырқаттар саңырау болып қалады
«Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы, медицина ғылымдарының докторы Махаббат Бекбосынованың түсіндіруінше, індет салдарларынан туындайтын кесел-құбылыстарды «постковидтік синдром» деп атайды. Аталған орталықта осындай синдромы бар 70 адам емделуде. ДСМ-де бүкіл Қазақстанға қатысты статистика жоқ. – Бұл – қазіргі кезде аса өзекті мәселе. Өйткені Қазақстанда күн өткен сайын коронавирус жұқтырғандар саны қайта өсуде. Жазылып шыққандары бізге әртүрлі шағым айтып жүгінеді. Тәжірибемнен бір мысал келтірейін. Таяуда қабылдауымызға жас әйел кірді, ол өзін не алаңдататынын түсіндіре алмайтынын хабарлады: «Мен КВИ-мен ауырдым, содан бері бұрынғы қалыпты, сапалы өмір салтына орала алар емеспін», – деді ол. Пациенттердің біразы өз ахуалын түсіндіре алмайды, демалса да кетпейтін беймәлім шаршау, өмірге енжарлық пайда болған. Олар бұрынғыдай физикалық, ақыл-ой жүктемесін еркін еңсере алмайды. Командамызда психотерапевт бар, ол осындай сырқаттармен жұмыс істеп, проблемаларын анықтайды, – дейді Махаббат Сансызбайқызы. COVID-19 бастапқыда өкпе ауруы ретінде қабылданды. Шынында бәрі басқаша. ҰКҒО басшысының мәліметінше, бүгінде КВИ – бүкіл организмді бүлдіретін көп жүйелі ауру (мультисистемное заболевание) ретінде танылды. Ол жүйке жүйесіне де зақым келтіреді. «Бізге келген сырқаттар орталық жүйке жүйесіне, есте сақтау қабілетінің төмендегеніне, басы ауыратынына, тіпті есту қабілетінің нашарлағанына өте көп шағымданады. Бірер күн бұрын өзім қабылдаған науқас КВИ-ге шалдыққанын, дерттің өткір фазасы артта қалғанына 3 ай өткенде кенет құлағы естімей қалғанын жеткізді. Қазір бақылауымызда 4 пациент бар, оларда тосыннан қант диабеті пайда болған. Өйткені вирус адамның өт жолдарына соққы жасайды. Жүрек-қан тамыр аурулары барлар коронавирус жұқтырса, артериалды гипертониясы қатерлі сипат алады, бұған дейін қабылдап келген дәрілік терапия ары қарай нәтиже бермейді. Қорқыныштысы сол, кейде коронавируспен ауырған адамның бойынан «постковидтік синдромның» барлық көрінісі табылады: жүйке жүйесі де, жүрегі де, бүйрегі де, бауыры да зақымданған», – дейді ол.Бұл синдромды қалай емдейді?
Қазақстандық дәрігерлер постковидтік синдромды емдеуде бір тәсілді ұстанады екен. Біріншіден, науқасқа симптоматикалық терапия қолданылады, яғни әрбір органына зақым келтірген әртүрлі кеселін жеке-жеке емдейді. Екіншіден, барлық сырқаттарға витаминдер кешенін (әсіресе В, С), магний, мырыш және басқа да микроэлементтер сатып алып, ішуге кеңес береді. Далада суық түскелі тұмау, ЖРВИ тарау қаупі күшейді. Дәрумендер осындай вирустарға қарсы тиімді қорғаныш саналады. Әрі иммунитет көтереді. Үшіншіден, саламатты өмір салтын ұстану маңызды. Мысалы, толыққанды ұйықтау, уақытылы тынығу, дұрыс тамақтану керек. – Жеңіл қорытылатын сіңімді тамақ ішу қажет. Пациенттер менен жиі сұрайды, өткенде «коронавирустан қойдың құйрық майы құтқарады екен» деген қауесет тарады ғой деп. Қой майынан жасалған ыстық сорпаны аптасына бір рет ішуге болады. Алайда біздің адамдар оны таңғы, түскі және кешкі асқа ішеді. Мұндай адамдар артынан бізге триглицеридтерімен, яғни қанында қалқыған майлармен келеді. Бұлай асыра сілтеуге болмайды. Егер адам тыныстау гимнастикасымен, спортпен айналысса, саламатты өмір салтын ұстанса, өкпе тез сауығады. Жарты жылдан кейін адамның ауырғанынан із де қалмайды. Ал құйрық майы, зімбір, сарымсақ және басқасын мөлшерімен, аздап қана жеу керек. Олар үлкен мөлшерде ағзаға ауыртпалық түсіреді, – деді медицина ғылымдарының докторы Махаббат Бекбосынова. Ол иіс және дәм сезу қабілетінен айырылған азаматтарға профилактикалық клиникаларда тексеруден өтіп, иммундық жүйені түзетуді ұсынды. Бірақ коронавирустың бұл көрінісін емдейтін ортақ дәрі жоқ көрінеді. Зерттеулер аяқталмаған. Невролог-эпилептолог дәрігер, реабилитолог, Медициналық оңалтуды реформалау жобалық офисінің басшысы Лейла Дайырбаева КВИ-дің түрлі неврологиялық бұзылуға әкеліп соқтыратынын растады. – Бүгінде дүниежүзінде COVID-19 індетінің неврологиялық салдарына арналған көптеген зерттеу жүргізілуде. Неврологиялық көріністер коронавирус сырқаттарының үштен бірінен табылып отыр. Бұл қатарға үнемі бас айналу, бас ауыру, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, он пайызында – сананың күңгірттенуі, алжасу және басқасы жатады. Маған қаралатын сырқаттар өз ахуалын: «басымды, миымды тұман басып тұрған сияқты» деп сипаттайды. Ойларын жеткізе алмай қиналады. КВИ инсультке, энцефалитке – мидың қабынуына соқтырады. Бұдан бөлек, адамдардың есту, дәм сезу және көру қабілеті нашарлайды. Ұйқысыздыққа ұшырайды. Осындай симптомдары бар адамдар өзін мазалаған дертке қарай бейінді дәрігерлерге көрінгені жөн. Көп күш түсірмей, тынығуы, дұрыс тамақтануы қажет. Кем дегенде 8 сағат ұйықтауға тырысуы керек, – деді Лейла Оралғазықызы. Сарапшы тағы бір жайтқа назар аударды: елде жылыту маусымы басталды. Ауылдағы ағайын пеш жағып жатыр. Осы кезеңде иіс сезу қабілетінен айырылған адамдар өзінің және отбасы мүшелерінің өмірін сақтау, баспанасын қауіпсіз ету үшін түтін мен көміртек қышқылына (угарный газ) қарсы датчиктер орнатқаны абзал. Сарапшылардың байламынша, Қазақстан коронавирусқа қарсы майданның келесі кезеңіне аяқ басты. Бірақ мемлекет осы «соғыс» салған жараларды және оның «санадағы ізін» қазірден бастап емдеуге, елді сауықтыруға белсене кіріскені жөн. P.S. Мамандардың әңгімесінен ұққанымыз: «постковидтік синдромды» емдеу бағдарламасы жоқ, білікті дәрігерлер өзара тәжірибе алмасу, жеке жобаларын қолға алу арқылы онымен өз бетінше күресуге тырысуда. Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 және пневмониямен ауырған пациенттерге медициналық сақтандыру (АМСҚ) есебінен оңалту қызметтерін көрсетпек ниетте. Медоңалту ережесіне тиісті толықтырулар енгізілді. Әйтсе де, қарапайым сырқат оны алу үшін «бюрократиялық тұзақтар» тезінен сүрінбей өтуі шарт. Мысалы, «мультидисциплинарлы топтың бағалауынан өтуі тиіс». Онсыз да санасы күңгірттеніп тұрған жанды осындай сынаққа салу – тек біздің шенеуніктердің қолынан келеді.Айхан ШӘРІП