Бозжырадан бекер айырылып қалмаймыз ба?
Бозжырадан бекер айырылып қалмаймыз ба?
356
оқылды

7 қараша күні әлеуметтік желіде Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы маңында бірнеше жүк көлігі жүрген, тіпті қоғамдық дәретхана орнатып жатқан сәт таспаланған видео тарады. Желі қолданушылары бірден наразылық танытып, мұндай ерекше жерге қандай да бір құрылыс жұмыстарының жүргені жөн емес деп қарсылық білдірген. Артынша осы жерде жаңа қонақүй бой көтереді деген ақпарат тарады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Жоба қолға алынса, мұны турист тартудың тартымды тәсілі деуге бола ма? Мамандар мен жауапты адамдар не дейді?

Бозжыра – Үстірттегі Бекет ата мешітіне барар жолдағы шатқал. Кейде мұны шоқы деп те атаған дұрыс деген пікір бар. Бірнеше миллион жыл бұрын тау түзілімдерінен пайда болған жыра расында ерекше көрініске ие. Әрі бұл табиғи ескерткіш Қазақстанның киелі жерлерінің тізімінде бар. Биіктігі 200 метрге жететін, бор үйіндісінен көтерілген әктас шыңдарды ел ішінде «азу тіске» ұқ­сатады. Міне, осындай ғажап табиғат тартуын осы күнге дейін көпшілік жабайы туризм арқылы тамашалап келді. Маңғыстауға ат басын тірегендердің осы Бозжыраға  бармауы екіталай. Былай қарасаңыз, турист тартуға болатындай-ақ жер. Дегенмен осы ретте таяқтың екінші ұшы көрінеді. Әдетте мұндай аймаққа инфрақұрылымдарды енгізгенде, асқан сақтықпен, тәптіштеп талқылау арқылы қоспаса, бір сәтте бәрін бүлдіріп алуға да болады. Жұртшылықтың уайымы да – осы. «Миллиондаған жыл бойы табиғат осынау тылсым әрі қайталанбас ландшафтыны жасады. Бозжыра Қазақстанның символ­дарының біріне айналды. Осы жерді бір көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен ту­ристер ағылып келеді. Сондағысы адам сау­сағының ұшы тимеген, теңдессіз табиғат сұлулығын көруді мақсат етеді. Енді осы орынға келіп құрылыс жүргізу жөн емес. Әрине, туризмді дамыту керек. Бірақ мұндай жолмен емес. Бірегей табиғатымыздың көркем орындарына тиісуге болмайды. Олар сол күйі сақталуы тиіс. Сондықтан туристік индустрия шатқалдан тыс жерде салынып, сол жақтан экскурсия жасалғаны дұрыс», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шекенов.  Фотограф-пейзажист Константин Кик­видзе сөз арасында табиғаты ерекше ай­мақтарда қымбат қонақүй салған елдердің мысалын да айтып өтті. «Бірде Намибияға барып, шөл даланың дәл ортасына салынған қымбат қонақүйге тоқтадым. Маған бұл біртүрлі көрінгені рас. Өйткені мұндай жерде лакшери комфорт болғаны қызық екен. Бірақ ландшафтымен сондай әдемі үйлестіре білген, басты ескерткіштерден 30 шақырымдай жерде орналасқан еді. Өз басым қымбат қонақүйлерге қарсы емеспін. Тіпті, туризмдегі қызық сала дер едім. Бірақ сол «Риксосты» неге Бекет ата жаққа салмасқа? Ол жерде инфрақұрылым бар, көріністері де әдемі. Бозжыраға жарты сағатта жетіп баруға болады. Одан да бөлек әдемі локациялар бар. Тәу етіп келген бақуатты туристер қуана-қуана қонақүйге тоқтар еді деп ойлаймын. Құрылыс жүргізуді бастамас бұрын экономикалық тиімділігін, халық наразылығын таразылауға әлі кеш емес», – дейді ол. Бұл әңгіменің ақ-қарасын ажырату үшін Маңғыстау облысы әкімдігіне хабарластық. Баспасөз қызметі желіде тараған видеоға қатысты түсіндірме бере отырып, алдағы жоспар жайлы ақпарат берді. «Бүгінгі таңда «Бозжыра сафари» қонақүйінің жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалау сәулет және қала құрылыс саласындағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізілетін болады. Яғни, жоба дайын болғаннан кейін ғана қоғамдық тыңдауларға ұсынылады. Қазіргі уақытта құрылыс басталған жоқ. Желіде таратылған видеода тек 2 күн мерзімге болашақ объектінің жоспарланған орнына инвестор тобының баруына байланысты уақытша шатыр, мобильді әжетхана және жылжымалы генератор орнатылды. Жо­баны іске асыруды бастаған кезде ұйым­дастырушылар міндетті түрде барлық қажетті қоғамдық, экологиялық тыңдаулар өткізетін болады. Қолданыстағы заңнаманың бар­лық санитарлық-экологиялық, табиғи норма­лары сақталатын болады» делінген баспасөз қызметінің жауабында. Бұдан білгеніміз жобаның соңғы әрі нақты нұсқасы келмеген. Сонымен бірге инвестор тарапынан қай жобаға тоқталатыны талқыланып жатыр.  Ал табиғатты аялауға тікелей жауапты министрлік болса еліміздің табиғатын сақтауға мүдделі екенін айтып отыр. «Бозжырада құрылыс нысанын салуға қатысты қоғамдық тыңдау өтуі керек. Тиісті мемлекеттік органдар экологиялық экспертиза жасауы қажет. Соның ішінде еліміздің заңнамасына сәйкес, қоршаған ортаға әсеріне қатысты бағалау міндетті. Мына жағдайда құрылыс ережелерінің сақталуына және экспертиза жасалуына жергілікті органдар, атап айтқанда әкімдік жауапты болып жүргізіп жатыр», – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі. Сонымен қатар қазір Бозжыра маңында қонақүй салу мәселесі тұрған жоқ деседі. Туристердің қонуға қала алатындай жерлерін салу жоспарланып отыр екен. Бозжыра жергілікті деңгейдегі «Жа­бай­ұшқан» заказнигінде орналасқан. «Жа­байұшқан» заказнигі Маңғыстау облысы әкімінің 2012 жылғы 31 шілдедегі №182 қаулысына сәйкес құрылған. Маңғыстау облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне қарайды.  Аумағы – 316 141 гектар, Маңғыстау об­лысының Қарақия ауданы аумағында ор­наласқан. Бозжыра «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңның 69-бабына сәйкес, ерек­ше қорғалатын табиғи аумақтар тер­риториясындағы шаруашылық қызмет Паспортпен реттеледі. Паспортта табиғи ресурстарды орнықты пайдалануды қам­тамасыз ететін, экологиялық жүйеге кері әсерін тигізбейтін дәстүрлі шаруашылық қыз­меттің негізгі түрлеріне рұқсат беріледі. Ту­ристік және рекреациялық қызмет пен жер учаскелерін туристер тоқтайтын орын әзір­леуге пайдалануға, сирек кездесетін немесе  жоғалып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар түрлерін қолдан көбейту, өсіру мақсатында питомниктер құруға, заказник қызметкерлері тұратын үйлер, яғни «кордондар» салуға, оларға шаруашылық үшін жер теліміне беруге болады. Ал за­казниктің экологиялық жүйесіне кері әсе­рін тигізетін табиғат пайдалану және ша­руашылық қызмет түрлеріне тыйым са­лынады немесе шектеу қойылады. Эколог Орденбек Мазбаев бұл маңнан ешқандай құрылыс нысаны бой көтермеуі керек деген пікірде. Салған жағдайда, бірегейлігінен айырыламыз деседі. «Бізде қазір бизнесмендер бәрінен ақша табуға тырысады. Бірақ дәл осы тұрғыда қонақүй салу арқылы қаражат тапқан дұрыс емес. Одан гөрі Бозжыра-Тұзбайыр маршруттарын жасап, жаз айында маусымдық демалыс ұйымдастыруға болады. Өйткені жаздан басқа кезде ол жерге адам бармайды. Жаздың өзі өте ыстық. Сөйтіп, маусым кезінде уақытша орналастыратын жерлер жасау керек. Ол дегеніміз – қазақы үйлер, әскери шатырлар. Соларды орнатасың, туристер сол жерге жатады, биодәретхана қоясың, су тартасың, қызмет көрсетесің де соңында артыңды тазалап, тап-тұйнақтай етіп кетесің. Бозжыра жақтарға тікұшақпен тамашалату арқылы да турист тартуға болады. Сондай турлар жасауға не кедергі? Одан қалса, караванинг деген бар. Мысалы, Қытайда автомобильдің ішінде жүріп саяхаттау дамыған. Оны «көлік ішіндегі үй» деуге де болады. Ақыры Бозжыра жаққа жұрт экс­тремал туризм үшін барады. Ал егер бұл жерде бірдеңе салынар болса, олардан айырылдық дей беріңіз», – дейді маман. Антарктидаға барар болсаңыз, алдымен келісімшартқа қол қоясыз. Ол жерде жа­нуарларға мүлдем бармау керек және бір тасты болсын алып кетуге болмайтыны ту­ралы анық айтылған. Мазбаевтың айтуынша, бізге де осындай ережелер қажет-ақ. «Маң­ғыстау облысы әкімдігі, соның ішінде ту­ризмге жауапты бөлім осыны ескерсе жөн болады. Мысалы, Тұзбайырға төрт рет бардым. Сонда көргенім – келушілер қолына шапқы, балға алып, керегін шауып алып кетіп жатыр. Бұлай ете берсек, не қалады? Жалпы алғанда, осы күнге дейін Бозжыраның қалпы бұзылмағаны елді мекендерден қашық жатуына байланысты. Әрі Ақтаудан 300 шақырым, ең жақын жер Жаңаөзеннен 150 шақырым жердегі қонақүйге турист арнайы бара қоймас. Сол себепті ең дұрысы турлар ұйымдастыру деп ойлаймын», – дейді Мазбаев. Қалай десек те, бұл мәселе халықтың назарына ілікті. Көпшілік алда бұл мәселенің мән-жайы не боп жатқанын жіті бақылап отыратыны анық. Әрі қоғамдық талқылауға қатысуға да ниеттілер көбейеді. Ендеше ел пікіріне, мамандар ұсынысына көңіл ау­дарып, екі жаққа да қолайлы шешім қа­был­данады деп сенеміз.

Жадыра АҚҚАЙЫР