Тоқаев ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына қатысты
Тоқаев ШЫҰ мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына қатысты
202
оқылды
Мемлекет басшысы видеоконференция форматында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына қатысты, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.  Қасым-Жомарт Тоқаев саммитті ұйымдастырғаны үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге ризашылығын білдірді және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды жуырда өткен президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады. Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылғаннан бергі 20 жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарғанын және ең табысты халықаралық ұйымға айналғанын атап өтті. Ұйым құқықтық жағынан ғаламшардағы аумақтың төрттен бірін, Жер бетіндегі халықтың 40 пайызын және әлемдегі ішкі жалпы өнімнің үштен бірін қамтитын кеңістікте ынтымақтастық пен өзара сенімнің тиімді құралы ретінде бағаланады. Бірақ коронавирус пандемиясы әлемдік қоғамдастық үшін қатаң сынақ болып отыр. БҰҰ-ның деректеріне сәйкес әлемдік экономиканың құлдырауы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 4,4 пайызға жетеді, халықаралық туризм деңгейі 70 пайызға төмендейді және тікелей инвестиция тарту көлемі 40 пайызға дейін құлдырайды.
 – Мұндай жағдайда «Азаматтарымыздың мүддесі жолында Шанхай ынтымақтастық ұйымын күрделі жағдайға қалай бейімдейміз?» деген секілді өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолдарын табуға тиіспіз. «Шанхай рухы», сондай-ақ, қазіргі сын-қатерлерге бірлесіп ұтымды жауап іздеудегі мол тәжірибе, түптеп келгенде, осы ауқымды міндетті шешуге мүмкіндік береді. Қазақстан ортақ күш-жігердің «Бәрі де адам үшін» деген ізгі мақсатқа қол жеткізуге бағытталғанын аса маңызды санайды. Осы ретте «ұжымдық иммунитетіміздің» күшеюін пандемия мен басқа да жаһандық сын-қатерлерге қарсы қоюдың кепілі деп білемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, Шанхай ынтымақтастық ұйымы пандемияның теріс салдарын жою жөніндегі күш-жігерді үйлестіру тұрғысынан өз деңгейінің жоғары екенін көрсетті.
– «Дос қиындықта сыналады» деген барлық халық үшін түсінікті мақал осы ауыр індет ушыққан кездегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастық рухын дәл айғақтайды. Өзара гуманитарлық көмек пен эпидемиолог мамандардың жіберілуі елдеріміздегі ахуалды тұрақтандыруға септігін тигізді. Қазақстан жаһандық проблема кезіндегі белсенді әрі жемісті ынтымақтастығы үшін тиісті мемлекеттерге, соның ішінде, Ресей мен Қытайға ризашылығын білдіреді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиында Эпидемия қаупіне қарсы күрес жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың кешенді жоспарының  бекітілуін жоғары балалады, сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аясында Аурулар мен биоқауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру туралы Қазақстан бастамасының маңызды екенін атап өтті.
– Әлемдегі құбылмалы жағдай «үш зұлымдық» – сепаратизм, терроризм және экстремизмнің күшеюіне алып келді. Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге, соның ішінде, Интернет желілеріндегі  қарсы күресте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы жөніндегі бағдарламаның белсенді жүзеге асырылуы біздің ұйымның өршіп келе жатқан қауіп-қатерге беретін тиісті жауабы болар еді. Қоғамдық және экономикалық өмірдегі көптеген саланың онлайн кеңістікке көшуі киберқауіпсіздік мәселесін өзекті ете түседі. Сондықтан Шанхай ынтымақтастық ұйымының Террорға қарсы өңірлік құрылым базасында Ақпараттық қауіпсіздік орталығын жедел құру қажет деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы үшін Ауғанстанды қайта қалпына келтіру мәселесі өзекті болып табылады. Қазақстан Ауғанстанды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан оңалту үшін «ШЫҰ–Ауғанстан» байланыс тобы аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын. Бүгінде «үш зұлымдық» күш қолдану арқылы жеңу мүмкін емес екені айқын болды. Терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге және рухани құндылықтардың құнсыздануына қарсы күресте халықтардың  жасампаздық әлеуетін жұмылдыру үшін ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің бірегей мәдени мұрасын дамыту маңызды. Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымы үшін келесі жылды – ШЫҰ-ның Мәдениет жылы деп жариялағанын қолдады.
– Протекционизмнің күшеюі және тауар тасымалдауға қатысты халықаралық тізбектің үзілуі Ұйымымыздың экономикалық әлеуетін жедел айқындау қажеттігін көрсетіп отыр. ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимылдар жоспарының бекітілуі өзара сауда-саттықты қалпына келтіруге және арттыруға септігін тигізеді деп үміттенеміз. Аталған міндеттің шешілуі жобалық іс-әрекеттердің қаржыландырылу тетігін қалыптастыру жөніндегі келіссөздерді тездетуді талап етеді. Өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың рөлін біртіндеп арттыру, сондай-ақ, Еуразиялық қаржыландыру, кеңес беру механизмін қалыптастыру жөніндегі Жол картасы сияқты шаралардың қабылдануы бұл жұмысқа тың серпін берер еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан тарапының Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы ұсынысын тағы бір мәрте еске салып, Технопарктер пулы жөніндегі тұжырымдамасын келісу жұмыстарын жеделдету керек екенін айтты. Сонымен қатар Цифрлық дәуір кезеңіндегі шалғай және ауылдық аймақтарды дамыту жөніндегі ынтымақтастық тұжырымдамасына қол қойылғанын құптады. Президент өз сөзінде елдеріміз арасындағы сауда-саттықты кеңейту мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше және бақылаушы мемлекеттердің инфрақұрылымдық дамуының ұлттық бағдарламаларының синергиясын қамтамасыз ету үшін өзара көлік-логистикалық іс-қимылды нығайту қажеттігін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу, бір жол» мегажобасының дамуы ортақ күш-жігерді біріктіретініне сенімді. Қазақстан инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларды бірлесіп атқару мақсатында қажетті шараның барлығын қабылдайды. Бұл біздің экономикамыз үшін пайдалы болмақ. Сондай-ақ, Президенттің пікірінше, экология мәселелерін де назардан тыс қалдыруға болмайды.
– Біз экологиялық проблемаларды және оның мемлекеттеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысындағы теріс салдарын назарда ұстауға міндеттіміз. Сондықтан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің тиісті ведомстволары аталған проблема бойынша өзара іс-әрекетін күшейтуі аса маңызды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Экологиялық проблемаларының реестрін жасау бұл бағыттағы жұмыстардың жай-күйін тұтас көруге мүмкіндік берер еді. Бұл – шұғыл ұжымдық шешімді талап ететін мәселе, – деді Мемлекет басшысы.
Биылғы жыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына және БҰҰ-ның құрылғанына 75 жыл аясында өтіп жатыр. Келесі жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына 20 жыл толады. Президент осынау тарихи кезеңдерді өңірлік және жаһандық проблемаларды шешу үшін таптырмас тәсіл ретінде қолданудың айрықша маңызды екеніне сенімді. Сыртқы ашықтық пен Халықаралық әріптестік аясын кеңейтуге ұмтылу – ұйым тиімділігінің кепілі. Сондықтан Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының өзге де халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою туралы шешімін құптайды.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойы – бұл оның елеулі жетістіктерін атап өтуге ғана емес, сондай-ақ, осал тұстарымызды анықтап, «әттеген-ай» дейтін жерлерімізді ой елегінен өткізіп, одан пайдалы сабақ алу үшін жақсы мүмкіндік. Сондықтан хатшылыққа ұйымның тетіктері мен органдарының қызметін жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар енгізе отырып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына жан-жақты талдау дайындауды тапсыруды ұсынамын. Біздің халықтарымыз Шанхай ынтымақтастық ұйымына үлкен үміт артады. Олар біздің Ұйым шеңберінде ымыраласу және өзара мүдделерді ескеру негізінде жемісті ынтымақтастық орнатып, сол арқылы бүгінгі сынақтар мен алдағы сын-қатерлерге абыроймен төтеп беріп, азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік болады деп санайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің көшбасшыларын ортақ міндеттерді шешу және «Шанхай рухын» нығайту жолында бірігуге шақырды. Саммит қорытындысы бойынша төмендегідей құжаттар қабылданып, қол қойылды: 1.      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Мәскеу декларациясы. 2.      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асырудың 2021-2025 жылдар аралығындағы іс-қимыл жоспарын бекіту туралы шешімі. 3.      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің цифрлық дәуір кезіндегі шалғай және ауылдық аймақтарды дамыту жөніндегі Тұжырымдамасының шешімі. 4.      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер аймағындағы эпидемиялық қауіп-қатерге қарсы іс-қимылдың бірлескен кешенді жоспары. 5.      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығымен және Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия-Тынық мұхиты аймағы үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы хатшылығымен өзара түсіністік жөніндегі меморандумына қол қою туралы шешімі. 6.      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығымен және Еуразия экономикалық комиссиясымен өзара түсіністік жөніндегі меморандумына қол қою туралы шешімі. 7.      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығымен және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен өзара түсіністік жөніндегі меморандумына қол қою туралы шешімі. 8.      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының Мәдени интеграциялық орталығы туралы шешімі. 9.      Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы Бас хатшысының Шанхай ынтымақтастық ұйымының өткен жылғы қызметі жөніндегі баяндамасы туралы шешімі. 10.    Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық антитеррористік құрылымының 2019 жылғы қызметі жөніндегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық антитеррористік құрылымы кеңесінің баяндамасы туралы шешімі. 11.    Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына байланысты мәлімдемесі. 12.    Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің террористік, сепаратистік және экстремистік идеологияны, оның ішінде, Интернет жүйесінде таратуға қарсы іс-қимыл туралы мәлімдемесі. 13.    Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесі. 14.    Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің есірткі қаупіне қарсы іс-қимыл туралы мәлімдемесі. 15.    Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің жаңа коронавирус инфекциясына қарсы бірлескен іс-қимыл туралы мәлімдемесі. 16.    Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесі.