Көне түркінің тарихын зерттеген ғалым
Көне түркінің тарихын зерттеген ғалым
720
оқылды

Құлмат Өміралиевтің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет  етіп, бар саналы ғұмырын қазақ тілі білімінің тың тақырыптарын зерттеуге арналған еңбектерімен бірегей ғалым болғандығын,  айрықша құрметке ие екендігін  отандық түркітанушылардың ғана емес, шетел түркітанушылардың да жоғары бағалаған мақалалары мен әріптестік лебіздерінен аңғаруға болады.

Ғалымды «түркітанушы» деуіміздің себебі тілтанушы ғалымдардың барлығы бара бермейтін көне түркі жазба ескерткіштерінің тілін зерттеді. Көне түркі жазба ескерткіштері мен одан кейінгі дәуірлердегі XV-XIX ғғ. мәтіндерін түгендеуге, оларды тарихи, әдеби және тілдік тұрғыдан талдап, сүбелі ғылыми еңбектер жазуға арнайды. Ғалымның әр дәуірдегі көне, ортағасыр жазба мұраларды зерттеуде өзіндік ғылыми принциптерді ұстанады. Шығарманың түпнұсқасын тану үшін, алдымен, нұсқалар арасындағы мәтіндік салыстыру жұмыстарын жасау қажеттілігін айтады. Және өз еңбектерінде осы бағыт бойынша зерттеу әдістерінің үлгісін көрсетеді. Ғалымның түсіндіруінше, «бізде белгілі бір ақын-жыраулар атымен аталып жүрген өлеңдердің қайсыбіреулері өзге бір жерлерде сол дәуірде жасаған екінші я үшінші бір кісінің атымен аталса, енді бірсыпырасы сол дәуірден екі я үш ғасыр ілгері туған әдеби нұсқаларда я бірер ғасыр кейін жасаған кісілердікі деп танылып жүрген мұралардың ішінде жүреді. ...ешқандай зерттеуші-әдебиетші де, зерттеуші-тілші де осынау мұраларға текстологиялық барлау жасамайынша бұл салада тыңғылықты жұмысқа кірісуге мүмкіндігі есте болмайды». Ғалым-зерттеу нысанына алған  көне түркі жазба ескерткіштері туралы ғылыми тұжырым  жасамастан бұрын мәтін мазмұнын өзге түркі  жазба мұраларындағы тарихи, тілдік деректермен салыстырады. Ғалымның осындай тыңғылықты ғылыми ізденісі «Оғуз қаған эпосының тілі» еңбегінде ерекше байқалады. Еңбекте Оғыз қаған эпосына негіз болған аңыз-әңгімелер мен тарихи деректерді талдайды. Сондай деректердің бірі –   Рашид-аддинннің «Жамиғ-ат тауарихы» және Әбілғазының «Түркі шежіресімен» сәйкес келетін ортақ тұстары мен айырмашылықтарын салыстырып, тұжырымдап отырады. Осы арқылы көне жазбаның  бастапқы кездегі жанрлық, стильдік, композициялық табиғатын ажыратып көрсетеді. Эпостың графикалық, фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік ерекшеліктерін талдайды. Сонымен қатар эпостың баяндау техникасын өзге  эпостық шығармаларға тән тұрақты қалыптасқан сөз үлгілерімен текстологиялық салыстырулар арқылы дәлелдейді. Содан кейін «Оғыз қаған эпосының» көне мәтінін толық қалпына келтіріп, қазақ тіліне аударады. Еңбектің соңында түсіндірме сөздігі мен қосымшалардың тіркесімдер сөздігін де көрсетеді. Ғалымның жан-жақты, кең ауқымда талданған аталмыш еңбегі 2011 жылы фил.ғыл.докторы, профессор М. Мырзахметовтың ұйымдастыруымен «Қазыналы Оңтүстік» деген атаумен  «Нұрлы әлем» баспасынан қайта басылып шығады. Ғалымның  «Көне мұраның түгендеушісі ғана болмайық, түстеп танушысы да болайық» деп,  жалпы түркітанушыларды жазба мұралардың мәтіндерін талдауда өте мұқият болуға шақырады. Яғни,  бұны мәтіндік салыстыру жұмыстарынан кейін,  шығарманың тарихи, прозалық, тілтанымдық тұрғыдан талдаулар жасайтынын еңбектерінен аңғарамыз. Ғалымның түркітану ғылымының дамуына қосқан үлесі бұнымен ғана шектелмейді, тізімді жалғастыра беруге болады.  Қорыта айтқанда, ғалымның көне жазбаларға қатысты кешенді түрде сатылай-сабақтастыра жүргізген талдауларын оқи отырып, бүгінгі зерттеушілерге үлгі боларлық ерекше зерттеу әдістеріне куә боламыз.

Айнұр СЕЙІТБЕКОВА, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл тарихы бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты