Зейнетақы жинағын баспана сатып алу, емделу және инвестициялау үшін күні бұрын алып қоюға рұқсат ететін заң жобасын Сенат та құптады. Оған сәйкес, дәл жинақты алу кезінде 10 пайыз салық салынбайтын болды. Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста жоғарғы палата депутаттары осы жаңалықты қарастыратын Салық кодексіне түзетулер енгізді.
Енді оған Мәжілістің келісімін күтеді. Құжат содан кейін Президенттің қол қоюына жолданбақ. Жиында сенаторлар Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын қарады. Құжат салық саясатын жетілдіру, бизнес жүргізу тәртібін жеңілдету және Қазақстанға инвестиция тарту мәселелерін қарастырады. Жан-жақты талқылаудан кейін сенаторлар құжатты Мәжіліске кері қайтарды. Түзетулер бірінші кезекте шағын және орта бизнесті қолдауға арналған. Сенаторлардың мәліметінше, пандемия салдарынан кәсіпорындардың 30% жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Тағы бір маңызды түзету зейнетақы жинағындағы қаржының бір бөлігін алған кезде төленетін салықты кейінге шегеруді қарастырады. – Зейнетақы жинағының бір бөлігін алдын ала алған кезде оның 10 пайызын бір реттік салық ретінде төлеу керегі белгілі. Мұны қазіргі қиын кезеңде азаматтар үшін тиімсіз деп есептейміз. Сондықтан аталған салықты зейнетақы жинағын алған кезде емес, тек зейнетке шыққан соң ғана төлеу ұсынылды. Оның өзінде бәрін бірден аудармай, заң жобасына 16 жылдың ішінде бөліп төлеу туралы норма енгізілді, – деді М.Әшімбаев. Заң жобасына Президенттің инвесторларға қолдау көрсетуге арналған бастамаларын іске асыру үшін тиісті нормалар енгізілді. «Инвестицияның көлеміне, мерзіміне және жұмыс істейтін орынға байланысты инвесторлар 10 жылға дейін корпоративті табыс салығынан, жер салығынан, қосылған құн салығынан және мүлік салығынан босатылады. Бұл қадам қазіргідей күрделі кезеңде ел экономикасына инвесторлар тартып, жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін қажет. Бұл түзетулерді сенаторлар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ұсынып отыр», – деп атап өтті Сенат басшысы. Сенат депутаттары ауылды сапалы интернетпен қамту мәселесін де назардан тыс қалдырмады. – Байланыс операторлары радиожелілерді қолданғаны үшін төлейтін төлемнің жылдық мөлшерлемесін 90%-ға төмендету ұсынылды. Мұндай жеңілдікті алу үшін оператор осыдан үнемделген қаржыны ең алдымен, ауылдарды сапалы, кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге жұмсауы керек. Бұл – ел Президентінің аумақтарды теңгерімді дамыту тапсырмасымен байланысты», – деді Мәулен Әшімбаев.Елдос СЕНБАЙ