Елге келіп жатқан қауіпті өнімдер легін тоқтату керек. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Техникалық реттеу» туралы және оған ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Мәжіліс төрағасының байламынша, ол қазақстандық нарықты сапасыз тауарлардан қорғауға бағытталған.
– Ең бастысы, өнім қауіпсіз болуы керек. Басқа мәселелерді, мысалы өнімді таңбалауды кәсіпкерлердің өзі шешуге мүмкіндігі бар. Ол үшін тауарды қайтаруға немесе өткізбеуге жол бермеу керек. Себебі бұл кәсіпкерлерге үлкен шығын келтіреді, – деді Нұрлан Нығматулин. Заңнамалық жаңашылдықтардың біріне сәйкес, мемлекеттік бақылау қазіргідей тек өнімді сату сатысымен шектелмейді, енді өнімге ел аумағына енгізілуі кезінде бақылау жасалмақ. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, өнімді әкелу кезіндегі мембақылаудың енгізілуіне және осы процестің цифрландырылуына байланысты Техникалық реттеу комитеті бақылаушыларының тікелей шекара-кеденде отыруының қажеттілігі болмайтын көрінеді. «Яғни, қосымша ресурстар қажет етілмейді. Бұл да оңды жайт. Мұны тұтынушыларымызды және ішкі нарықты қауіпті өнімдерден қорғауға бағытталған жақсы қадам деп санаймын», – деді ол. Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары ІІ оқылымға дейін пысықтауды талап ететін бірқатар мәселеге Үкімет мүшелерінің назарын аудартты. Бұл өнімді тәркілеу шараларына қатысты: ондай қауіпті заттарды жою, қайта өңдеу немесе шетелге кері апару шараларының шығысын кім көтереді? Бұған қоса, депутаттар заң жобасында техникалық реттеудің ұлттық тізілімінің Еуразиялық одақтың деректер базасымен байланысы жоғын да атап өтті. Сонымен қатар жалпы отырыста ақпарат мәселелеріне қатысты заң жобасы мақұлданды. Құжат телерадио хабарларын тарату, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіруді, сондай-ақ отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін дамытуды көздейді. Заң жобасының басты бір жаңалығы сол, Қазақстанда отандық сыра мен шарапты ақпарат құралдары арқылы жарнамалауға рұқсат етіледі. Яғни, осыған 2004 жылдан бері қойылып келген тыйым жойылады. Мәжіліс депутаттары мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың, әсіресе жергілікті деңгейде орындалу сапасын арттырудың маңызына екпін түсірді. Олардың айтуынша, мемтапсырыс кезінде мемлекеттік бағдарламалар және оларды жүзеге асыру барысы туралы халықты ақпараттандыру – басымдық болуы тиіс. Әйтпесе, «өңір әкімі мемтапсырысты өзінің жеке пиарының құралына айналдырып алды». Құжатта ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті органды айқындау және оның құзыретін бекіту, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындаушыларды – кәсіпкерлік субъектілерін, өзін-өзі реттейтін және үкіметтік емес ұйымдарды ақпарат иеленушілерге жатқызу ұсынылады.Айхан ШӘРІП