Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті. «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» тақырыбын арқау еткен жиын жұмысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, өңір әкімдері, ҚХА төрағалары, этномәдени бірлестік өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Татулыққа тірек болған ұйым
Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен, тұғырлы ұлт пен өзге этностар арасындағы достық келісімнің қазақстандық үлгісіне үлесін қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 25 жыл толды. ҚХА қазіргі кезде ұлыстың бір ұйытқысы, мемлекеттік тілді дамытушы орталық, қазақтың қара шаңырағы астында өзге этностардың да дәстүрлерін сақтап, жаңғыртушы ұйым ретінде жұмысын жалғастыруда. Кездесу басында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы мен қалыптасу процесіне тоқталды. – Мерейтойлық меже өткенді бағамдап, атқарылған жұмысты салмақтауға себеп болып отыр. Ассамблея қиын уақытта құрылғаны мәлім. Ол КСРО-ның күйреуі, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының қалыптасуы, тарихи тайталасулар, ертеңгі күнге деген сенімсіздік заманында іргесін көтерді. Соған қарамастан біз дәл сол тұста ұлтаралық татулық басты байлығымыз болуы керегін ұғындық. Сондықтан 1992 жылы 14 желтоқсанда өткен Қазақстан халықтарының форумында мен жұртымыздың келісімі, ұлысымыздың бірлігі, елдігіміздің белгісі болуы тиіс Ассамблеяны құру жөнінде бастама көтердім. Ал 1995 жылы 1 наурызда ҚХА құру туралы Жарлыққа қол қойдым, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Елбасының айтуынша, осы ширек ғасырда Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан – Парламентте өкілдігі бар жалпыұлттық институтқа айналды. – Ол азаматтық қоғамға тән әмбебап құрылымның озық үлгісін көрсете білді. Достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім – қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуына маңызды үлес қосты. Тәуелсіздігіміздің дамуы мен ұлттың қалыптасуы жолында дәл осы құндылықтар негізгі алғышарт қызметін атқарды. Бұл жетістікке бүкіл халқымыздың, әрбір азаматтың арқасында қол жеткіздік, – деді Ассамблея Төрағасы. Оның пайымдауынша, бейбітшілік, келісім және бірлік – мемлекеттік саясаттың шешуші басымдықтары болды, солай болып қала бермек. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тиісті заңдар қабылданғанын, соған сәйкес этносаралық және конфессияаралық келісімге нұқсан келтіретін кез келген әрекет Конституцияға қайшы деп танылатынын атап өтті. – Біз барлық азаматымыздың құқығын қорғаймыз. Қазақстанның бұл саладағы саясаты халықаралық талаптарға толық жауап береді. БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты іргелі ұйымдар еліміздің ұлтаралық қатынастар моделіне және ұлт бірлігін нығайтуға бағытталған күш-жігеріне үнемі жоғары баға беріп келеді, олар оны өзгелерге ұдайы үлгі етеді, – деді Елбасы. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. – Қоғамдық сананы жаңғырту үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолға алдық. Оның мақсаты – жаңа жағдайға сай халқымыздың санасын, ақыл-ойын, өмір салтын өзгерту, жаңғырту. Мұны терең ұғына білгеніміз жөн. Біздер, яғни аға буын өкілдері Кеңес тұсында, бөтен идеологияда өмір сүрдік. Бөлек психологиялық қалыпта, мұрат-мақсатта тәрбиелендік. Енді өмір өзгерді. Қатарымызға тәуелсіздік аясында дүниеге келген жаңа буын өкілдері қосылуда. Ендеше бүгінде бәрін қайта қарап, заман талабына сай келтіруіміз қажет. Сананы, ойлауды, болашаққа деген көзқарасты өзгерту керек, – деді ол.Тіл – текті елдің тұғыры
Тұңғыш Президент мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлі барлық этнос тарапынан қолдау тапқанын баса айтты. Сондай-ақ коронавирус індеті жайлаған пандемия кезінде Ассамблея өкілдерінің халыққа қолдау көрсету бағытында атқарған жұмысына ерекше тоқталды. Мәселен, Елбасы бастамашы болған және Ассамблея ілгерілеткен «Туған жер» бағдарламасы аясында 12 мыңдай меценат кіндік қаны тамған өлкесіне жалпы сомасы 270 миллиард теңге инвестиция салыпты. Нәтижесінде, ауыл-аймақтағы 4 мың 700-ден аса әлеуметтік, мәдени нысан жөндеуден өткен, қайта жаңғырған. Н.Назарбаев бұл ізгі жұмыс ары қарай жалғасын табуы керегін нықтады.Қазақ – мемлекет құрушы ұлт
Отырыс барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы қоғам келісімі мен ел бірлігін нығайту жолындағы негізгі міндеттерге егжей-тегжейлі тоқталды. Елбасы Үкімет тарапынан елдің тұрақты экономикалық дамуына, азаматтардың әлеуметтік жағдайын және жалпы елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар қабылданғанын еске салды. – Кәсіпкерлікті қолдау және экономикалық дамудың елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалары миллиондаған қазақстандықты тұрақты табыспен қамтуға мүмкіндік берді. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл Жолдау ел өмірінің барлық саласындағы реформалардың ауқымды бағдарламасы іспеттес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Этносаралық қатынастарда жаңа, инклюзивті саясатқа деген сұраныс барын айтқан ҚХА Төрағасы қоғамды біріктіру үдерістерін тереңдетуге бағытталған іс-шаралар әзірлеудің маңыздылығын нұсқады. – Бірлік пен келісімнің қазақстандық моделінің интеграциялық әлеуетін тиімді әрі белсенді түрде жүзеге асыруымыз керек. Қазақстанның этностық және мәдени әралуандығын бәсекелік артықшылыққа және елді дамытудың, тәуелсіздікті нығайтудың тиімді тетігіне айналдыру жұмысын жалғастыру қажет. Татулық, келісім мен бірлік – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болып қала береді. Осы құндылықтар арқасында біз өркендейміз, елдің әл-ауқатын арттырамыз, адамдардың өмір сүруі үшін жақсы жағдай жасай аламыз. Бұл – этносаралық қатынастар саласындағы мызғымас ұстаным және ол өзгермейді, – деген Елбасы Ассамблеяға осынау ортақ, қазақстандық құндылықтар айналасында барлық этностарды топтастыруға бағытталған жұмыс жүргізуді жүктеді. Ол елдегі ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту үшін қазақ халқының артып келе жатқан тарихи рөлі мен жауапкершілігін тілге тиек етті. – Қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт деп нық сеніммен айта аламыз! Халқымыздың басым бөлігі – қазақ. Сонымен бірге өзімізді, ұлттық намысымыз бен қадір-қасиетімізді және тілімізді құрметтей отырып, еліміздің дамуына үлесін қосып жатқан басқа да отандастарымызға құрметпен қарауымыз керек. Қазақстанның және оның барлық азаматтарының мықты және тартымды болашағының бейнесін тек бірлесе қалыптастыруға болады, – деді Н. Назарбаев.Этностардың елге үлесі артуы қажет
Елбасы барлық этнос өкілін ел өміріне белсене атсалысуға шақырды. – Халықтың үштен бірі – түрлі этнос өкілі. Қазақстанның жетістіктеріне қосқан олардың үлесі баршаға аян және біз осы әлеуетті одан әрі арттыруға тиіспіз. Әсіресе, бұл этникалық топтар бір аумақта шоғырлана орналасқан жерлерге қатысты. Бір жағынан онда осы этностардың дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтау және дамыту үшін тиісті жағдай жасалған. Ал екінші жағынан осы негізде біз мәдени, лингвистикалық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ашық, оқшауланбаған қоғамдастықтарға қолдау көрсетуіміз керек, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы. Сонымен қатар ол ҚХА-ның ақпараттық-идеологиялық жұмысында жастар арасындағы толеранттылықты күшейтуге және ксенофобияға қарсы күреске ерекше мән беру керегін айтты. – Ассамблея елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің ортақ тілегі мен ұмтылысының арқасында құрылды. Ассамблея – бүкіл халқымыз бірлесіп көтерген ортақ бір шаңырақ. Бәріміз оны қастерлеуіміз керек. Біздің интеграциялық моделіміз – әрі қарай өмір сүріп, дами беретін әлеуметтік-мәдени, өркениетті тірегіміз, – деп түйді ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев. Кеңес отырысы барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының жаңа орынбасарлары таныстырылды: бұл лауазымға Алматы облысындағы Ұйғыр мәдени орталығының төрағасы Закиржан Кузиев және Kazakh TV телеарнасының директоры, ҚХА журналистер клубының төрағасы Мая Бекбаева тағайындалды.2021 жылды тіл үйрету жылы деп жарияласақ
– Солтүстік Қазақстанның тұрғындары қазақша сөйлемейді деген стереотип қалыптасқан. Олай емес, әрине. Бұған СҚО тұрғыны – мен дәлелмін. 10 жыл бойы орыс мектебінде оқыдым. Мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігімді ауылдағы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Жанар Құсайынова оятты. Ол кісі сабақ үстінде «Қазақстанның болашағы – қазақтілінде» деген сөзіңізді жиі қайталап айтатын. Кішкентай кезімнен Елбасы алдында қазақша сөйлесем деп армандаушы едім, сол арманым орындалды. Бұған дейін қазақ тілінде көсіліп сөйлейтін Надежда Лушникова, Татьяна Бурмистрова, Асылы Осман сияқты тек санаулы апаларымызды жұртшылық білетін. Енді мен сияқты қазақтілді жастар мыңдап саналады. Президент Қ.Тоқаевтың: «Қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру» тапсырмасын мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос жастары күнделікті жүзеге асырып жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумын бір жыл ішінде 4 мәрте өткізді. Ал жақында Алматы қаласында Ассамблеяның Қазақ тілін меңгеру жөніндегі бірінші конгресі өтті. Осы орайда, ұсынысым бар: келер жылды «Қазақ тілін үйретуші еріктілер жылы» деп жарияласақ. Тіл мәселесін тек мемлекетке жүктеп отырмай, оған барлық азаматты атсалысуға шақырамын. Қазір кейбір жас жайлы жерді шетелден іздейді. 2014 жылы менің туған ағам да Ресейге көшіп кетті. Мен мектепті бітірген кезде қасына алғысы келіп, Томскіге оқуға шақырды. Алайда бармадым. Өйткені менің туған жерім – Қазақстан! Өз Отанымда тұлға ретінде қалыптасып, еліме титтей болса да пайдамды тигізгім келеді.Өзге ұлттар паспортына «қазақ» деп жазса
–Жамбыл облысындағы Жалпақ төбе ауылының көпұлтты отбасында тәрбиелендім. Әкем – дүнген, анам – ұйғыр. Арғы аталарым – орыс, өзбек, татар және басқа да бірнеше ұлттан тарайды. Олай болса, менің бойымда бүкіл Ассамблеяның қаны бар деп айтуға болады. Қазіргі уақытта Қазақстанда бойында 7-8 этностың қаны бар мен сияқты жүздеген мың адам тұрады. Мүмкін, осындай азаматтар төлқұжатына «қазақ» деп жазатын уақыт келген шығар? Бейбітшілік, бірлік, ынтымақ ұғымдарының өте қастерлі екенін соңғы бір-екі айда Беларусь, Қырғызстандағы оқиғалар, Әзербайжан-Армения қақтығысы айқын көрсетті. Осының өзі татулығымызға мұқият болуымыз керегін тағы да дәлелдеп берді. Елбасының терең, кемел саясаты бізге бейбіт өмір сыйлады. Одан айырылып қалуға біз ешқашан жол бермейміз. Қордайдағы оқиғалар жанымызға қатты батты. Елбасы мен Президент қиын сәтте Қордайға келіп, халыққа қолдау білдірді. Бұл болашағымызға сенім ұялатты. Сол кезде біз «бір халық, бір – тағдыр, бір – ел» екенімізді тағы бір мәрте сезіндік. Қазақстанда өшпенділік жоқ, болмайды да, оған кепіл – Елбасымыздың ақ батасы мен қазақтың дарқан жүрегі. Бүгінде Жамбыл облысында аралас мектептерде мемлекеттік тілде білім беретін бірінші сыныптар көбейе бастады. Мектеп директоры ретінде өз ұсынысымды жеткізгім келеді. Егер республикамыздың әр өңірінде аралас мектептерді кезең-кезеңімен тек мемлекеттік тілде білім беруге көшіргеніміз жөн. Бұл шешім барлық қазақстандық баланы кішкентай күнінен ешқандай бөлінуге жол бермей, қазақ тілін жетік меңгеруге нақты қадам болар еді! Бізде бір ғана ортақ мемлекеттік тіліміз, бір ғана ұлтымыз, бір ғана Отанымыз болуы тиіс!4 балама тегіс қазақы ат қойдым
– Шат-шадыман ел болдық, асусыз асқар бел болдық. Осы нәтиже Елбасы саясатының және барша халықтың істеп жатқан еңбегінің арқасы. Біз, қазақ елін мекен еткен түрлі ұлттың өкілдері, біртұтас тату халық болып, еліміздің дамуына зор үлес қосамыз. Келесі жылы егемен еліміздің 30 жылдық мерейтойын тойлаймыз. Еліміздің бар жақсылығы әлі алда! Әлем мың құбылып тұрғанда біздің тыныштығымыз – басымыздағы үлкен бағымыз. «Кімнің жерін жерлесең, соның жырын жырларсың» дейді қазақ. Менің ныспым орыс болса да, «Қазақпын» деп айтуды мақтан етемін. Бұған дәлел ретінде мен төрт балама қазақша, мұсылманша ат қойдым. Сәфия, Мұхаммед, Адам және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік мерекесі күні дүниеге келген кенже баламды «желтоқсан» сөзінің мағынасын беретін Жәди есімімен атадым. Алда – сайлау науқаны. Мәжіліс депутаттығына ҚХА-дан 9 адам сайланады. Ал Ассамблеяның әрбір депутаты өз ұлтының пайдасын емес, бүкіл Қазақстан халқының мүддесін қорғауы тиіс екенін ұмытпауы керек. «Туырлығын тілгілеп, тоқым етсем деп едім» дейтіндер қаншама, қазіргі уақытта. Ұлтаралық қатынастарға қатысты әлеуметтік желіде айтылып жатқан арандатушы сөздерден аулақ болмасақ, бұл жақсылыққа әкелмес. Әрбір азаматтың, әсіресе жастардың сабырлық және әдептілік танытқаны абзал. Осы саланы нақты реттейтін заңдардың қатаң орындалуын қамтамасыз етудің, керек болса, оларды жетілдірудің уақыты келді деп санаймын.Ата-анамның Қазақстанды таңдағанына ризамын
– Мен қазақтың сал-серілері дүниеге келген киелі мекенде туып-өстім. Әкем жағындағы орыс ұлтынан тараған аталарым ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарында Манчжуриядан Солтүстік Қазақстанға қашқан екен. Соғыс басталған кезде оларға – «кең далаға қашыңдар, сол жерде қазақ халқы көмектеседі» депті. Олар тура солай жасады. Ал анамның жағындағы мордвиндер бұл жерге білім алуға келіп, елімізге ғашық болып, өмір-бақи осында тұрақтап қалды. Сондықтан туған Қазақстанға деген сүйіспеншілік – бұл менің ата-анамның саналы таңдауы және сол үшін оларға мәңгі ризамын. Мен – мұғаліммін. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – біздің, яғни ұстаздардың қолында. Пандемияның қиын кезеңінде жаңа технологияларды меңгеріп жатырмыз. Әлем өзгерді, біз балаларды да жаңа өзгерістерге бейімделуге үйретудеміз. Қашықтан оқыту – бәріміз үшін сынақ. Енді бұрынғыдай өмір болмайтынын жақсы түсінеміз. Менің мектебімде 17 этностың балалары оқиды. Олар үшін білімнің салтанаты, сананың ашықтығы, прагматизм, ұлттық код – жай сөздер емес. Елбасының «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев Зияткерлік мектептері, Назарбаев университеті біздің балаларымыз үшін құнды тұғырнама болды. Мен мұғалім ретінде Назарбаев университетінің базасында республикадағы барлық мектептегі дарынды балалармен қашықтан жұмыс істеу бағдарламасын енгізу туралы ұсынысымды айтқым келеді. Бұл мыңдаған дарынды оқушымыз, әсіресе шалғай ауылдарда тұратын балалар үшін өте қажет.«Біз біргеміз!» – аударманы қажет етпейтін ұғым
– Егер менен: «өмірдегі ең маңызды нәрсе не?» деп сұраса, мен: «Ең бастысы – Қазақстанда дүниеге келдім!» деп жауап беремін. Қазақстан – түрлі этностың миллиондаған өкілі үшін қамқор әрі мейірімді Отан-ана. Бұл – ашық мүмкіндіктер мен алға ілгерілеудің, бейбітшілік пен достықтың елі. Біз мақтан ететін Қазақстанды Елбасы өз қолымен жасады. Менің ұлтым – ұйғыр. Ұйғыр халқының басынан өткерген қиын тарихы мәлім. Қазақ халқына алғысымыз айрықша зор! Қазақстандағы ұйғырлар еш алаңсыз өмір сүруге және балаларын тыныштықта өсіруге мүмкіндік алды. Бүгінде ұйғырлардың жүрегі басқа емес, «Қазақстан» деп соғуда. Менің қазақ халқы алдындағы жеке парызым – Отанымыздың гүлденуі жолында күш-жігер салып, өмірді пида етуге дайынмын. Орталық Азия мен Қазақстанда жалғыз Жаркент крахмал-сірне зауытымыз жүгерінің терең өңделуі есебінен 29-дан астам өнім түрін өндіреді, олардың 65%-ы Орталық Азия мен Еуропа елдеріне экспортталады. Бұл міндеттерді шағын және орта кәсіпкерлік иелері асыра орындап отыр, ал ол – тұрақтылық пен бірліктің негізі. Жыл басынан бері Қазақстанның ұйғыр этномәдени орталығы 120 млн теңгеге қайырымдылық іс-шараны жүзеге асырды. Жалпы, Ассамблея биыл ел азаматтарына 1,5 миллиард теңгеге көмек көрсетті, 335 тонна гуманитарлық жүк жіберді, 2 миллионнан астам медициналық бетперде таратты. Еріктілер жылында «Біз біргеміз!» ұраны әр қазақстандық еріктінің ұранына айналды. Бұл ұғым аударманы қажет етпейді.Айхан ШӘРІП