Мультипликация – нәзік те күрделі жанр. Қылқаламмен сурет салу бір бөлек те, салған суретті экранда сөйлету – бір бөлек. Өзге елдерде анимация саласына көптеп көңіл бөлінеді, ал бізде керісінше, ең кенжелеп қалған өнердің бірі саналады. Олай деуіміздің де бірнеше себебі бар.
Осыдан бірер жыл бұрын «Мұзбалақ» мультфильмінің авторы Тұрдыбек Майданұлы «бізде анимация саласының жүйелі түрде жолға қойылмағанын, бұл салаға әлі де баланың ермегі деп қарайтынын айтып» қамыққан еді. Одан бері де бұл салада ештеңе өзгермеген секілді. Нұр-Сұлтан қаласында жақында Халықаралық Á MEN Animation film festivalі өткен. Оған Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Татарстан және Башқұртстан өкілдері қатысты. Фестивальдің ашылу салтанатына орай отандық мультипликация саласына жауапты құрылымдар мен анимация мамандары қатысқан «Қазақ анимациясының көкейкесті мәселелері» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелде Тұрдыбек Майданұлы айтқан мәселе тағы да алдымыздан шықты.
Á MEN Animation film festival-інің президенті Мақпал Жұмабай бастаған топ анимация саласындағы өзекті мәселені ортаға салды. Әмен Қайдаровтың ізбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәкен Дәненов: «Бізде анимациялық фильмдерді көрсететін балаларға арналған бірнеше телеарна бар. Олардың көпшілігі – орыстілді. Қазақ отбасы болса да балалары орыс тілінде мультфильм көруге мәжбүр. Оның ішінде біреуі ғана өздері түсіруі мүмкін, көпшілігі шетелдік мультфильмдерді аударып береді. Мемлекеттік тіл алдыңғы кезекке шықсын десек, балаларға арналған телеарналар (Қазақстан аумағында таралатын) өз өнімдерін қазақ тіліне аударып көрсету мәселесін қолға алуы керек. Бала өмірінде анимацияның алатын орны ерекше. Анимация саласын жеке нарық жолына жіберу дұрыс емес. Оны мемлекет өз қолына алып, қолдау көрсеткені дұрыс. Әйтпесе, елімізде дарынды аниматорлар жетерлік», – дейді.
Анимация саласындағы ең өзекті мәселенің бірі – нақты жүйенің жоқтығы. Екіншіден, кәсіби мамандар жетіспейді. Аниматор мамандар «жылына пәлен уақыт анимация өндіріске шығуы керек» деген жоспар жоқ екенін алға тартады. Мәселен, Қытайда жылына 3 000 сағат эфир дайындалса, Ресей 200 сағат анимациялық өнім ұсынады екен. «Қазақстанда жылына неше сағат өнім ұсынады?» деген сауалға келгенде мүдіріп қалатынымыз рас.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ анимациялық студиясының басшысы Адай Әбділда: «Ең үлкен мәселе – кәсіби мамандардың аздығы. Анимация, режиссура деп оқыта салады. Өндірісте бір ғана маман жұмыс істемейді, онда бірнеше маман бірлесіп атқарады. Графикалық анимация, режиссуралық анимация, қоюшы-суретшісі бөлек-бөлек үйретілуі тиіс. Сол себепті анимациялық білім беру жұмысын модернизациялау керек» деген ұсыныс айтып отыр.
Елімізде аниматор мамандарды дайындайтын екі-ақ оқу орны бар. Оның бірі – Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы. Екіншісі – Қазақ ұлттық өнер университеті. Екі оқу орнын бітірген мамандар жекеменшік студия ашып, өз күнін өзі көріп жүр.
«Жекеменшік студиялар жанынан арнайы білім беретін курс ашылған. Қазір солар өндірісте жүр. Бізде арнайы факультет жоқ. Екінші бір мәселе, мамандардың кәсібилігін арттыру үшін теория мен практиканы қатар алып жүретін бағдарлама әзірлеу қажет. Үшіншіден, анимация саласын оқытатын қазақ тілінде жазылған оқулықтар жоқтың қасы. Олардың көпшілігі Кеңес дәуірінде жазылған болса, екіншісі – ағылшын-жапон оқулықтары. Оның өзі орыс тілінде шыққан. Оның бәрі қазақшаға аударылуы тиіс. Ол үшін мемлекеттік бағдарлама түзілуі керек. Студенттердің көкжиегін кеңейту үшін шетелдерден тәжірибе алмасу қажет. Мұның да берері мол. Қазір студенттер интернет кеңістігі арқылы мәліметтер алады. Ол көзбен көріп, тәжірибе алмасқандай болмайды», – дейді Адай Әбділда.
Аниматор мамандардың көпшілігі – тапсырысқа зәру. Кейбір жекеменшік студиялар Balapan арнасымен бірігіп жұмыс істейді. Телеарна соңғы 10 жылда 74 анимациялық фильм шығарған екен. Бұл дегеніміз – отандық нарықтағы анимациялық жобалардың 90 пайызға жуығы Balapan-ға тиесілі деген сөз.
Телеарна бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы балалар арнасының мультипликация саласын дамытуға қосып жатқан үлесі зор екенін, эфир көрсеткішінің 80 пайызы анимациядан тұратынын айтады. «Balapan телеарнасының бірнеше туындысы АҚШ, Испания, Канада, Латын Америкасына сатылды. Яғни, біздің жобалар енді ағылшын, испан тілінде сөйлейтін шетелдегі балаларға көрсетілетін болады», – дейді бас продюсер.
«Сақ» киностудиясы директоры, продюсер Нұриддин Паттеев: «Анимация саласында бұрынғыдай емес, ептеп болса да даму бар. 2001 жылдары қазақ анимациясының жай-күйі қандай болғанын жақсы білеміз. Қазір жекеменшік анимациялық студиялар көбейген. Алайда Қытай мен Ресейге салыстырғанда, біздің еліміз әлі де кенже қалып отыр. Анимация саласы мемлекеттік қолдауға зәру. Қазір анимация саласына бөлініп отырған қаржы-қаражат жеткіліксіз. Ресеймен салыстыратын болсақ, олар жыл сайын арнайы грант пен субсидия бөліп отырады. Мәселен, Ресейде 2018 жылы 4 млрд қаржы анимация саласына бөлінген. 2025 жылға 300 млн долларға жеткіземіз деп отыр. Кореяда да мемлекет қаржылай көмектесіп отырады. Бізде де анимация саласында тапсырыстар, қаржылай қолдау болса дейміз. Облыстан, аймақтардан тапсырыс түссе, анимацияны дамытуға мүмкіндік туар еді», – дейді.
Тағы бір өзекті мәселе – грант саны аздығы. Жыл сайын аниматор мамандығына 7-8 грант бөлінеді. Бұл анимация саласын дамытуға аздық етеді. Одан бөлек, жекеменшік компаниялар арнайы курс ашып, бала оқытуға мәжбүр. Ол курсты бітірген мамандар толыққанды кәсіби тұлға болып шықпасы белгілі. Екіншіден, жақсы мамандар шетелге кетуге тырысады. Өйткені ол жақта тапсырыс бар, жұмыс істеуге де мүмкіндік туады. Мамандарды алаңдатып отырған мәселе – осы.
Гүлзина БЕКТАС