Кейінгі уақытта балалардың түнгі уақытта көше кезуі көбейіп кеткен. Соның салдарынан қылмыс жасау, ішімдік ішу, темекі, наша шегу, психотропты заттарды пайдалану азаймай тұр. Бұған кім кінәлі?
Негізі біз бір келеңсіз жағдай орын алса, «заман кінәлі» деп уақытқа сілтей саламыз. Бірақ сол аталарымыз өмір сүрген уақытта қиыншылықтар болмады ма? Олар алапат соғысты да, қудалауды да, ашаршылықты да көрді. Сонда да бала тәрбиесі жоғары тұрды. Өйткені олар ұрпақтың санасына құндылықтарды дарыту арқылы ұлтын сақтап қалатынын білді, сақтап та қалды.
Ал қазір болса жеткіншектердің қылмысқа бару мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ананың, мектептің, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың бас ауруы болып тұр. Психологтардың айтуынша, баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның жанұяда, мектеп қабырғасында, көшеде көрген өнегесі ерекше орын алады. Оны айтасыз, Ішкі істер министрлігі 2007 жылдан бастап орта білім беретін оқу ордаларының жанынан оқушылардың тәртібін қадағалайтын мектеп инспекторлары тобын құрып та тастады. Сол уақыттан бері он екі жыл мұғдары болса да, жас жеткіншектер арасындағы қылмысты азайту қиын болып тұр. Сонымен бірге түнде жортқан жеткіншектер де үлкен мәселеге айналды. Нақты дәлелге көшейік. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында «Қайыршылық» жедел алдын алу шарасы өткізілген болатын. Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, үш күнде түнгі уақытта 155 жасөспірімнің қараусыз жүргені анықталған. Басқа қаладан келген 4 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Қоғамдық орындарда қайыршылық жасағаны үшін 7 адам анықталған.
Ал Шымкент қаласы Еңбекші ауданы аумағында 28 қазан мен 2 қараша аралығында полиция қызметкерлері жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылық жасауына жол бермеу, құқықтық ақпараттандыру, саламатты өмір салтын насихаттау және қадағалаусыз балаларды, сондай-ақ қоғамға қауіпті іс-әрекеттер жасайтын және құқықбұзушылық жасауға бейім кәмелетке толмағандарды анықтау, балаларды тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін орындамайтын ата-аналарды жауапкершілікке тарту мақсатында өткен шарада полиция бөлімшесіне 32 кәмелетке толмаған жеткіншек жеткізілсе, оның ішіндегі 6-уы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған. Ең сорақысы, «жасы он сегізге толмаған жасөспірімдердің қоғамдық орынға мас күйде келуі» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.
Ішкі істер министрлігі мәліметінше, жыл сайын әртүрлі құқықбұзушылықтар жасағаны үшін полиция органдарына шамамен 100 мың кәмелетке толмаған балалар жеткізілетін көрінеді. 2019 жылдың бастапқы сегіз айында жүргізілген жұмыстың нәтижесінде түнгі уақытта тұрғын үй-жайлардан тыс жерлерде 46 мың қадағалаусыз жүрген балалар анықталған.
Мамандар көбіне жасөспірімдерді қылмыс жасауға «Отбасындағы қолайсыз жағдай, сабаққа бармау, оқу орындарында тәрбиелік жұмысты аз жүргізу, өздерінің құқығын дұрыс білмеуінен» деген факторлар итермелейді деп тұжырымдайды.
Айта кету керек, қазір қазақ бесікті ұмытып барады. Әженің әлдиі емес, ұялы телефондағы шетелдік музыкамен ұйықтайтын, қазақтың анимациясы емес, басқаның шүлдірлеген тілімен жасалған мультфильмдерді тамашалайтын ұрпақ өсіп келеді. «Жыламаса болды» деп туғанынан қолына планшет пен «сотка» ұстатқан сәбиіміздің өсе келе сол интернеттің құлы болатынына мән бермейміз. Мамандардың айтуынша, әртүрлі атыс-шабыс, виртуалды адам өлтіру ойындары балаларды ызақор қылады екен. Мысалы, сол компьютердегі ойында жеңіліп қалған бала ашуға мінеді. Шынайы өмірді ұмытады. Бірте-бірте өз әлеміне кіре береді. Түптің-түбінде адам өлтіру, басқа адамды ұру немесе ұрлық жасау мен тонауға шімірікпей баратын «зомби» өсіп шығады. Осыны ұмытпауымыз керек. Айғақ керек пе? Міне, 2018 жылы АҚШ-тың Калифорния штатындағы Палмдейлдегі «Хайлэндте» оқитын 14 жастағы оқушы мектепке қаруланып келіп, өзінің сыныптасын атыпты. Құдай сақтап, жарақат алған оқушының өміріне қауіп төнбеген. Сол жылы Флоридада мектептегі атыс кезінде он жеті адам қаза тапқан. Осының алдында 2014 жылы Эстонияда елді дүрліктірген қылмыс болды. Вильянди қалашығында 15 жастағы оқушы 56 жастағы мұғалімін мектептегі сабақ кезінде атып тастаған.
Бүгінде өрімдей жастардың қылмыс жасауы көз үйренген көрініске айналып, елді елең қылуда. Тәртібі қиын бала есейген сайын қылмыстың ауыр түрлерін жасауға бейімі арта беретінін ескерсек, бұл аса өткір мәселе екенін мойындауға мәжбүрміз. Қазақстанда қылмыстық жауапқа 16 жастан бастап тартылады. Дегенмен аса ауыр қылмыс жасағандар 14 жастан жазаланады. Оларды тәрбиелеп жөнге салатын орындар үшеу. Әкімшілік құқықбұзушылық жасаған балалар жіберілетін арнайы білім беру ұйымының саны жетеу болса, онда 150-ден аса жеткіншек бар. Ал арнайы режимде ұстайтын білім беру ұйымына 14 жасқа толмай қылмыс жасағандар барады. Ондағы бала саны – 15. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар қамалатын бір колония бар. Осыған қарап-ақ біз елімізде балалар арасындағы қылмыстың азаймай тұрғанына көз жеткіземіз.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Сондықтан қазақ өз баласын тәртіпті, кішіпейіл, білімді, шебер, еңбекқор, келешекте үлгілі отбасы иесі болсын деп тәрбиелеген. Балаларды патриоттық сезімге баулып, салт-дәстүрді сақтай отыра, мәдени-рухани құндылықтарды бойына дарытуымыз керек. Сонда ғана жеткіншектердің қылмысына балта шаба аламыз.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ