Петропавлда жолаушылар отырған автобус бағанға соғылды
Петропавлда жолаушылар отырған автобус бағанға соғылды
135
оқылды

Жол-көлік оқиғасының бейнеролигі әлеуметтік желіде тарады.

Одан бағыттық автобус жүргізушісінің бетпе-бет келген екінші автобустан қашып электр сымдарының бағанына соғылғанын көруге болады. Салдарынан баған жол шетінде тұрған автокөліктердің арасына құлайды. Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «MAN 202» маркалі №7 автобусты 59 жастағы жүргізуші басқарған. Ол қарсы бағытқа шығып кетіп, апаттық жағдай тудырған. Жолдың екінші бетінде келе жатқан «Shaolin» маркалі №4 автобустың 44 жастағы жүргізушісі қақтығыстан қашып, электр бағанына соғылған. Зардап шеккендер жоқ. Автобусқа механикалық зақым келді. Полицейлердің айтуынша, № 7 автобустың жүргізушісіне екі бап - «Жол қозғалысы қауіпсіздігі ережесін бұзу салдарынан көлік құралына немесе басқа мүлікке зақым келу» және «Жол-көлік апатына байланысты жүргізушінің өз міндеттерін орындамауы» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.