Күні кеше Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің ұйымдастыруымен «Multimedia Journalism School» қашықтан медиа білім беру жобасы аясында «Мультимедиялық сторителлинг» вебинары өтті.
Шараның басты мақсаты білім алушылардың заманауи медиа кеңістікпен танысып, сол əлемде орнығуына, сондай-ақ мультимедиялық тұлғаға айналуына ықпал ету. Сондай-ақ студенттер интернет дереккөздерінен ақпарат алу, оны ой елегінен өткізу жəне оңтайлы пайдалану механизмдерін игеру дағдыларын қалыптастыруды үйренді.Вебинар сабақтың алғашқы күні журналистика факультетінің студентері мен магистранттары белгілі журналист, «Хабар 24» арнасының тілшісі Ғалымжан Қараманұлының дəрісін тыңдады. Арнайы Лондоннан байланысқа қосылған Ғалымжан Қараманұлының қызықты əңгімесі вебинар тыңдаушыларына Лондондағы қала өмірінің атмосферасын сезіндіріп қана қоймай, үлкен тəжірибе алаңына айналды. Студенттер мен ұстаздар тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап беріп, əлем жəне қазақ журналистикасының қазіргі ахуалы жайлы сөз қозғалды. Ғылым мен техниканың қарыштап дамыған кезеңінде мобильді журналистиканың алар орны ерекше. Осы тақырып аясында студенттер қызығушылығын тудырған сұрақтарына жауап ала білді. Вебинар үш күнге созылды. Бұл журналистика саласына қанат қаққан студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Осы салада кəсіби түрде қызмет етіп келе жатқан тұлғалардың ақыл-кеңесін тыңдап, тəжірибе алмасқан студенттер өз алғыстарын білдіріп, осындай іс-шаралардың одан ары қарай жалғасын тапқанын қалайтындарын жеткізді. Іс-шара аяқталған соң белсенді қатысушыларға осы курсты аяқтағанын растайтын сертификаттар табысталды.Онлайн вебинарда жас журналистерге ҚазҰУ-дың журналистика факультеті оқытушылары мен БАҚ редакторларынан құралған топ дəріс берді. Олардың арасында ҚазҰУ журналистика факультеті Баспасөз жəне электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі, «Медиасфера» гуманитарлық зерттеу орталығының директоры Сұлтанбаева Гүлмира, əлеуметтік ғылымдар магистрі, филология жəне əлем тілдері факультеті «Лингвистика» мамандығы докторонтурасын тəмамдаған Санатбек Сейдеханов жəне журналистика факультетінің үздік түлегі Зарина Буенбаева сынды ұстаздар болды.
Алтынай Бауыржанқызы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің 1-курс студенті