Алдағы жылдары мемлекет жұмсайтын барлық қаражаттың жартысынан астамы әлеуметтік салаға шығындалады. Бұл ретте, 3 жыл ішінде Ұлттық қордың 8,3 триллион теңгесін «жеп» қоятын болдық. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында сенаторлар 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қарады.
Алдағы 3 жылдық бюджет стратегиялық бағдарламаларды және Президенттің биылғы Жолдауында көрсетілген маңызды әлеуметтік-экономикалық мақсатты іске асыруға арналған. – Сыртқы нарықтағы күрделі жағдайға байланысты дағдарысқа қарсы кешенді іс-шараларды қаржыландыру жалғаса береді. Бюджетте азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге басымдық берілді. Соған сәйкес, 2021 жылы бюджет шығындарының 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға жұмсалады, – деді Мәулен Әшімбаев. Сондай-ақ Сенат Төрағасы экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Президенттің тапсырмасы бойынша бюджетте барлық әлеуметтік міндеттерді орындауға керекті қаржы қарастырылғанын атап өтті. Нәтижесінде, әлеуметтік төлемдер индексацияланады, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы көбейтіледі, халыққа медициналық қызмет көрсетуге күш салынады. Стратегиялық бағыттар қатарында өңірлерді дамыту мәселесі де бар. Келесі 2021 жылы инфрақұрылымды дамыту, газдандыру және ауызсумен қамту жұмыстарына бюджеттен 1,6 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Жиында сенатор Н.Қылышбаев мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау және пандемиямен күрес шараларына байланысты республикалық бюджет қаражатын жұмсау тәсілдерін қайта қарау керегін айтты. «Биыл бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған жайттар анықталды. Үкімет резервіндегі қаржы есебінен отандық өндірушілерден 1 500 өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынды. Алайда 17 өңірдегі денсаулық сақтау мекемелері соның 831-ін ғана қабылдап алған. Ал қалғандары толық жабдықталмаған болып шықты. Мысалы, Жамбыл облысында осындай олқылыққа байланысты 53 аппараттың бірде-біреуі жұмыс істемей тұр! Қазіргідей күрделі кезеңде мұндай жағдайға жол беруге болмайды», – деді сенатор. Бұлан бөлек, Жоғарғы палата депутаттары бизнес пен азаматтарды әлеуметтік қолдауға және өңірлерді дамытуға бөлінетін қаражатты ұлғайтуға байланысты бюджет шығыстарының кейбір бағыттарын қайта қарауды ұсынды. Жан-жақты талқылаудан кейін сенаторлар еліміздің басты қаржы құжатына бірқатар түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды. Бұдан басқа, олар «Ұлттық қордан 2021-2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын да талқыға салды. Құжатқа сәйкес, Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 2021 жылға – 3,7 триллион, 2022 жылға – 2,4 триллион, 2023 жылға – 2,2 триллион теңге алынатын болып бекітілді.Елдос СЕНБАЙ