Атырау облысына жұмыс сапарымен келген «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» директоры Диляра Қайдарова Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың қатысуымен өткен үйлестіру кеңесі отырысында Атырауда соңғы төрт жылда онкологиялық аурудың тіркелу динамикасында бәсеңдеу барын атап өтті.
«Оң көрсеткіш соңғы жылдары саланың 26 кадрмен толығуына да байланысты. Бұрын науқастар ем алу үшін Алматыға келіп қаралатын болса, қазіргі уақытта онкологиялық ауруға шалдыққан емделушілерге жоғары сапалы көмек жергілікті медициналық орындарда да көрсетіліп отыр. Атыраудың медициналық мекемелері соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Және хирургиялық күрделі ота жасауға да мүмкіндіктер бар» деп атап өтті ол. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Байдуалиевтің айтуынша, Атырауда сүт безі, өкпе обыры, асқазанның қатерлі ісігі аурулары жиі кездеседі. Дегенмен Атырауда қатерлі ісіктерді жасанды интеллект көмегімен анықтауға мүмкіндік жасалған. Бұл аймақ медицинасы үшін тың жаңалық. «Жасанды интеллект қатерлі ісіктерді мейлінше ерте мерзімде анықтауға мүмкіндік береді. Біз обырға шалдыққан науқастың өмір сүру ұзақтығын кемінде 5-6 жылға соза алсақ, мұның өзі үлкен жетістік» деп нақтылады Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Байдуалиев. Қазақстанның бас онколог дәрігері Диляра Қайдарованың айтуынша, онкологиялық ауруларды анықтаудың ең тиімді жолы – медициналық скрининг. Қатерлі ісік ерте анықталған жағдайда мамандар науқасқа 70-80 пайызға дейін көмек көрсете алады. Атырау облысында онкологиялық есепте 4 500 науқас тұр. Соңғы бір жылда қатерлі ісік 1 150 адамнан анықталған.Жәнібек ҒАЛЫМҰЛЫ, Атырау облысы