Болжам бойынша медициналық сақтандыру қорына 1,5 трлн теңге түседі. Қаржының көп бөлігін жұмыс берушілер төлейді. Осыдан мәселе туындайды. Компаниялар қызметкер санын жасырып, қорға қаржы құюдан қашпай ма? Салдарынан жер-жердегі үлкенді-кішілі кәсіпорындар қолма-қол төлемге көшпей ме?
Қазір жұмыс берушілер жұмысшы жалақысының 1,5 пайызын қорға аударады. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәлімдеуінше, медициналық сақтандыру қорына 200 млрд теңге жиналды. Келер жылдан бастап жарна 2 пайызға көтеріледі. Мұның бәрі 1 қаңтардан бастап тегін медициналық қызметті қаржыландыруға пайдаланылады.
Бар міндетті техника атқаратын дәуірге әлі ерте. Сондықтан кез келген компания үшін адам басты капитал. Қызметкердің саулығы маңызды. Медициналық сақтандыру компания экономикасына пайдалы. Өйткені кез келген компанияда тосын жайт орын алуы мүмкін. Мысалы, қызметкер ауыр сырқатқа шалдықты делік. Жұмыс орны нақты параметрлер бойынша көмек көрсетеді. Бұл компанияға белгілі бір мөлшерде шығын. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайында сырқат қызметкерді емдеу, күту және оңалту бойынша шығынды медициналық сақтандыру қоры төлейді. Сондай-ақ компанияның ішкі экономикасына әсер ететін факторға көмектеседі. Мәселен, сырқаттанып қалған қызметкер бірнеше күнге демалыс алады. Бұған компания емделуге ақша төлейді. Мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын 2,6 млн-нан астам қызметкер еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдейді. Сонда жұмысшы орта есеппен күн сайын 12,6 мың теңгеге өнім шығарса, елдегі компаниялардың жыл сайынғы шығыны 370 млрд теңгені құрайды. Медициналық сақтандыру жоғарыдағы шығынды азайтуға үлес қосады.
Шетелде қалай?
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін Франция, Германия, Корея, Жапония сияқты бірқатар ел қолдайды. Экономиканың ілгерілеуіне, өнімнің өсуі мен кәсіпорын табысының артуына септігін тигізеді. Мұнда жұмыс берушілер қызметкердің медициналық сақтандыруын төлеуге міндетті. Мысалы, Оңтүстік Кореяда жұмыс беруші мен қызметкер сақтандыру ақысын тең бөліп (50/50) төлейді. Сәйкесінше, сақтандыру медициналық шығынның 95 пайызын төлеп береді. Егер емделу ақысы тым жоғары болса, науқас өз қалтасынан төлейді. Сондай-ақ Кореяда операция жасатуға көпшіліктен қаржы жинауға болмайды. Елдегі емханалар сақтандыру жарнасын клиниканың дамуы мен жаңа аппараттар алуға жұмсайды.
Бірақ кей елдерде жұмыс берушілер МӘМС-ті қолдамайды. Өйткені олардың арнайы ем қабылдайтын клиникалары бар. Емделу мен профилактикалық тексеруді өздері жүргізеді. Мысалы, Apple компания қызметкерлері мен олардың жақындарына арналған AC Wellness Network желісін құрды. Алғашқы орталық 2018 жылы Санта-Клара қаласында ашылды. Медициналық орталық компания штаб пәтерінің жанында орналасқан. Ол жерде ем-шара қабылдаумен қатар салауатты өмір салтын ұстануға үйретеді. Бұл өз кезегінде компанияға да, қызметкерге де пайдалы. Компания басшылығының айтуынша, жүйе денсаулық сақтауға кететін шығынды қысқартып, емделу сапасын жақсартады. Сондай-ақ Amazon, JPMorgan Chase мен Berkshire Hathawау-дің медициналық сақтандыру бағасына көңілі толмайды. Сондықтан қызметкерлер мен олардың отбасын емдейтін орталыққа жүгінеді. Компания Oasis Medical-мен келісімшартқа отырған. Сонымен бірге белгілі концерннің PillPack пошта арқылы жеткізетін аптекалар желісі бар. Amazon осы жылдың 24 қыркүйегінде Сиэтл штатында виртуалды медициналық көмек көрсететін клиника ашты. Үйде емделіп жатқан компания қызметкерлері Amazon Care арқылы тексерістен өтеді. Жұмысшы пилотты бағдарлама арқылы тұрғылықты жеріне медицина қызметкерін шақырта алады.
Компанияларға әсері бар ма?
Білуімізше, Қазақстанда жеке компаниялардың арнайы орталықта емделетіні туралы дерек жоқ. 2020 жылдан бастап елімізде медициналық сақтандыру толық күшіне енеді. Бұл елдегі денсаулық сақтауды қадағалайды. Жұмыс беруші 2017 жылғы 1 шілдеден бастап қызметкерлердің еңбекақы қорынан – 2%, 2018 жылы – 3%, 2019 жылы – 4%, 2020 жылы 5% сақтандыру аударымдарын жүргізеді. Қайта үйлестіру сомалары корпоративтік табыс салығынан (КТС) шегеруге жатады. Бұл өз кезегінде елдегі компаниялардың жеке емделу орталығын ашуға әкелуі мүмкін. Жыл сайын мемлекетке қыруар қаржы аударғысы келмегендер Apple немесе Amazon сияқты клиника ашып, орталықтармен келісімшартқа отыра алады. Немесе жұмысшы санын қағаз жүзінде «қысқарту» басталады. Кей өңірлерде айлықты қолма-қол беру басталуы мүмкін. Медициналық сақтандыру қоры компанияларды, кәсіпорын мен тағы басқаларына тексеріс жүргізе алар ма екен?
Ал АҚШ-тың әрбір азаматында Affordable Care Act болуы шарт. Сізде карта жоқ болса, медициналық шығынды өз қалтаңыздан төлейсіз. Оған қоса, медициналық сақтандыруыңыз болмағандықтан арнайы заң бойынша айыппұл бар. Бірақ сақтандыру бар шығынды көтермейді. Мысалы, сақтандыруыңыз болмаса жедел жәрдем қызметіне 5 мың доллар төлейсіз. Сақтандырумен қызмет ақысы 240 долларға түседі. Америкада белгілі бір концепция бойынша жұмыс беруші медициналық сақтандыруға қаржы аударуға мүдделі емес. Сондықтан өзіңізге төлеуге тура келеді. Сақтандыруды қай тариф бойынша төлейтініңізді таңдай аласыз. Platinum пакеті 90% медициналық шығынды төлеп береді. Соған қарай ай сайынғы салымы жоғары. Gold шығынның 80 пайызын, Silver – 70%, Bronze 60 пайызын төлейді. Айта кетерлігі, Bronze АҚШ-тағы ең танымал сақтандыру пакеті.
Жарнаны қайтаруға бола ма?
Егер жарна төлеуші жыл бойы емханаға жүгінбесе, сақтандыруға салған ақшасын қайтарып ала ма? Бұл еліміздегі медициналық сақтандыруға қатысты жиі қойылатын сұрақ. Медициналық сақтандыру жалпыхалықтық ортақ қор болғандықтан, ақша қайтарылмайды. Ал Германияда мұндай жүйе жоқ екен. Мысалы, сақтандыруға ай сайын ақша төлеген азамат жыл бойы медициналық қызметке жүгінбесе, жалпы соманың белгілі бөлігі қайтарылады. Сондай-ақ темекі шекпей, ай сайын жаттығу залына барғандарға сақтандырудан ақша беріледі. Бұл азаматтарды темекі шекпеуге, денсаулығын күтуге үйретеді. Бұл әдіс мемлекетке үлкен көмек береді. Экономикасына да, экологиясына да әсер етеді.
Бізде әзірге мұндай жеңілдік жоқ. Алдымен медициналық сақтандыруды пайдалану, реттеу жүйесі бір арнаға түсуі тиіс. Халық жаппай медициналық сақтандыруды пайдалана білуі керек. Жұмыс берушілер де жарна жайын анықтап, қызметкердің денсаулығына жауапты екенін білген жөн. МӘМС жүйесін тапса, халық Кореядағыдай жеңілдікпен емделіп, АҚШ-тағыдай түрлі пакеттерге жүгінетін болады.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ