Ауыл шаруашылығы министрлігінің карантин жөніндегі мемлекеттік инспекторлары 60 тоннадан астам қауіпті импорттық дәнді дақылдарды, жидектерді, көкөністер мен жемістерді кері қайтарды.
Өйткені 22 тонна құрма мен мандариннен қауіпті карантиндік зиянкестер – қара цитрустық аққанат (Aleurocanthus woglumi Ashby) және Комсток құрты (Pseudococcus comstocki (Kuwana) анықталған. Бұл тауарлар елімізге Ресей Федерациясынан, Қытай мен Өзбекстан Республикасынан жеткізілген. Кәсіпкерден айла артылмай тұрған заман болды. Айта кету керек, сонымен қатар мемлекеттік инспекторлар қаптама таңбалары жоқ 26 тоннадан астам құрма, 4,4 тонна жүзім, 2,4 тонна қызанақ және 126 келі лимон, фитосанитарлық сертификаты жоқ 5 тонна бидайдың Қазақстан аумағына кіруіне тыйым салған. Өзбекстаннан тыйым салынған өнімді қол жүгі арқылы өткізудің бірнеше оқиғасы да тіркелген. «Бір апта ішінде Түркістан, Қостанай, Ақмола және Алматы облыстарында жоғары фитосанитарлық қаупі жоғары өсімдік өнімдерін заңсыз жеткізудің 15 жағдайы анықталды. Қазақстан аумағына тасымалдауға тыйым салынған өнімдер Өзбекстан Республикасына, Ресей Федерациясына және Қытайға кері қайтарылып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды» дейді мамандар. Еске салсақ, Президент Қ.Тоқаев шекара маңындағы аумақтарда ветеринариялық және фитосанитариялық бақылауды күшейтуге бағытталған «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы заң күшіне енгеннен кейін ветеринария және фитосанитария саласындағы барлық бақылау-қадағалау функциялары Ауыл шаруашылығы министрлігіне беріледі.
Қазіргі таңда тауарды таңбаламай немесе жалған құжатпен айналымға жіберу жұмыстары да әр елдің «бас ауруына» айналған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының таратқан деректеріне қарағанда дүние жүзіндегі сауда айналымының 2,5 пайызын жалған тауарлар құрайтын көрінеді. Және де әлемдік сауда айналымындағы жалған тауарлардың жалпы құны жылына 500 млрд долларға жетеді екен. Түрлі тауарлардың заңсыз көшірмесін жасап сатуға шығаратын елдердің көшін Қытай Халық Республикасы бастап тұр. Бұл ел жалған тауарлардың 63,2 пайызын шығарады. Ал Түркияда мұндай тауарлардың 3,3 пайызы өндіріледі. Одан соң 1,9 пайыз көрсеткішпен Сингапур, 1,6 пайыздық үлеспен Тайланд, барлық жалған тауарлардың 1,2 пайызын шығаратын Үндістан мен 0,6 пайыз үлесі бар Марокко тізімге еніпті.
Бір атап өтетін жайт, жалған тауар өндіру ісі киім-кешек пен парфюмериядан бастап, машина жасау, химия өнеркәсібіне дейін жеткен. Әсіресе, әлемдік брендтердің жасанды көшірмесін жасау кең таралып отыр.
Қазақстандық бизнесмендер де сыртқа заттарын шығару кезінде түрлі заңбұзушылыққа барады. Бір ғана мысал, Батыс Қазақстан облысында заңсыз тауар тасымалына қарсы күрес өтіп, үш айдың ішінде мемлекеттік кірістер департаменті ел аумағынан заңсыз шығарылып жатқан бірнеше жүктің жолын кескен. Жаңа талаптарға сай, енді шекарадан өткізілетін барлық тауарды жіберуші және қабылдаушы тараптардың деректері ақпараттық базада көрсетілуі тиіс. Осылайша, «Сырым» шекара бекетінде тоқтатылған 15 жүк көлігі тауарымен бірге келген жағына кері қайтарылған болатын. Өйткені жүк иелері әлдеқашан жабылып қалған фирмалардың құжатын көрсеткен. Осылайша, олар салық төлемеген. Облыс бойынша 2 мыңнан астам жүк көлігі тоқтатылса, ел аумағындағы көрсеткіш бұдан да көп. Көп жағдайда тауардың қожайындары табылмай жатады. Енді жаңа шешімге сай, тиісті құжаты жоқ тауар шекарадан өткізілмейді. «Үш айда өткізілген тексерісте 6 184 көліктің 2 408-інің иесі жоқ болып шықты. Жүкті жіберушілер мен қабылдап алушылардың тіркеу нөмірлері табылмады әрі тиісті құжаты жоқ. Енді бірі әлдеқашан жабылып қалған кәсіпорындарға жолданыпты. Мемлекеттік кірістер департаменті экспорттауға тыйым салынған тауарды өткізбек болған 74 фактіні әшкерелеген. Оның 69-ы – түсті металл, дизельдік отын, макулатура мен мал терілері. Бұл жүк елдің басқа облыстары арқылы Ресейге жолданған» дейді Кіріс департаменті мамандары.
Иә, заңсыз тауар айналымы немесе адам денсаулығына кері әсері бар заттарды шекара арқылы өткізу бүгінгі күні басты мәселе болып тұр. Ол үшін сырттан кіргізген және экспорттаған тауар талапқа сай болғаны дұрыс. Кез келген кәсіпкер заң аясында жұмыс істеуі керек.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ