Инвестсубсидия: трактордың ақшасы шетелге кетіп жатыр
Инвестсубсидия: трактордың ақшасы шетелге кетіп жатыр
254
оқылды

Ауыл шаруашылығы министрлігі – басшы тұрақтамайтын ведомство. Онымен тіпті бапкер ауыстыра беретін Қа­зақстанның ұлттық футбол құрамасы да таласа алмайды. Еліміз тәуелсіздік алған 29 жылға жуық мерзімде 18 ауыл шаруа­шылығы министрі ауысыпты! Оның 8-і орынтағында 1,5 жыл да отыра алмаған. Қазіргі іс басындағы министр былтырғы ақпанда тағайындалды, келер жыл басында отставкаға кетеді. Одан соң қызметін жалғастыру, жалғастырмауы сайлаудан кейін белгілі болады.

Тұрақты қожайыны жоқ сала

Өйткені Ата заңға сәйкес, 2021 жылғы 10 қаңтарда парламенттік сайлау өткен соң, Асқар Маминнің Үкіметі жаңадан сайланған Мәжіліс алдында өз өкілеттігін доғарады. Пре­зидент Парламентке өте алған саяси партиялармен ақылдаса отырып, Үкімет құрамын түбегейлі жаңартып шығуы ғажап емес. Тоқ­таусыз жүретін ауыс-түйісте, алас-күлесте салаға жауапты адамды табу қиын. Министрлік тізгінін ұстай сала тастағандар реформа жасап, оны аяғына жеткізуге уақыты бол­мағанын, алдыңғы басшының бүл­діріп кеткенін, олқылығы мен бы­лығын реттеуге уақыт әзер жет­кенін айтып, ақталады. Содан Мамин Үкіметінің қоры­тындысын шығарып жатқан сарап­шылар айналып келіп, қазіргі ми­нистр Сапархан Омаровты сынауда. Energyprom аналитиктері АШМ сая­саты кесірінен «мембюджеттің миллиардтары алыс шетелдің ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласын субсидиялауға ағып кетіп жатыр» деп айыптады. Әділін айта кету керек, аграршылар қолда бар көлікті жұмылдырып, биылғы мол астықты шашпай-төкпей, қар ас­тында қалдырып шірітпей, жинап алды. Мемлекет астықшылардың тех­никасы сай болуы үшін инвес­тициялық субсидия тетігін қол­данады: олардың жаңадан сатып алған ауыл шаруашылығы машинасы мен құрал-жабдықтары құнының 25%-ын бюджеттен қайтарады. Нәтижесінде, техника жерді емген шаруаға әлдеқайда арзанға түседі. «АӨК-ті мемлекеттік қолдаудың ұқсас шаралары – халықаралық тәжірибе. Алайда АҚШ, Еуропа, Ресей, Украина, Беларусьтен Қа­зақстанның даулы бір айыр­ма­шылығы бар: Үкімет жалғыз отандық өндірушілердің ғана емес, сонымен қатар шетелдік импорт­таушылардың техникасын да мем­лекеттік бюд­жеттен субсидиялайды. Оны аз десеңіз, Қазақстанда им­порттық техникаға отандық ба­ламасына қарағанда әлдеқайда көп субсидия қаражат бөлінеді: қазақстандықпен салыстырғанда, импорттық техника, машина және құрал-жабдыққа субсидияларды есептеу үшін ең жо­ғарғы рұқсат етілетін құн 2-3 есеге дейін асып түседі!», – деді талдау орталығының сарапшылары.

Батыс техникасына «махаббаты» тұрақты

Осылайша, әсіресе, батыстық тракторлар, комбайндар, дес­телегіштер, тұқымсепкіштер, қоп­сытқыштар және басқасы аста-төк субсидия алады. Министр С.Омаров 2020 жылғы 1 тамызда №243 бұйрық қабылдап, «инвестициялық салым­дар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шы­ғыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағи­даларына» өзгеріс енгізді. Бірақ жүйені өзгертпеді, шетелдік техника жеткізушілерді қыруар субсидия алу мүмкіндігінен айырмады. «Елде сұранысқа ие америкалық және еуропалық техниканың өнді­рісін міндетті локализациялауды енгізу жағдайды түзер еді. Мысалы, АҚШ-тың өзі жеткізушілерден соны талап етеді, дегенмен ол өзге елдерде соны ұстануға бейіл емес. Аме­рикалық ауыл шаруашылығы тех­никаларын шығарушылар Қа­зақстанда төл өнімінің өндірісін жолға қоюға асықпайды. Әзірге не­містің Bühler тракторы ғана бізде шығарыла бастады. Енді немістің Claas комбайндарын өзімізде өн­діруге кірісу жоспарланған», – деді сарапшылар. Жалпы, өнімділігі жоғары ба­тыстық техниканы АШМ-ның жо­ғары бағалайтыны рас. Мысалы, қуаты 211-350 ат күшіне жететін, алайда Қазақстанда, ТМД елдерінде және Қытайда жасалған трактор­дың – 45 миллион теңгеге дейінгі, қозғалтқышының қуаты 351 ат күшінен көп болса, 53 миллион теңгеге дейінгі сомасы субсидияға ілігеді. Дәл сондай қуаты бар, Еуро­па мен Америкада шығарылған трак­тордың тиісінше 72 және 102 мил­лион теңгеге дейінгісі мем­қолдау көреді. Айырмашылық – 60% және 92,5%. Азықжем жи­найтын ком­байндар бойынша отандық және жақын шетелдің 43 мил­лион теңгеге дейінгі, ал батыс әлемінің 148 мил­лион теңгеге дейінгі техникасын субсидиямен сатып алуға жол ашық. Айыр­ма­шылығы – 2,5 есе.

Көршілерге тәуелділік те қауіпті

АӨК-ті субсидиялау үшін өті­німдердің электрондық тізілімі – qoldau.kz порталының дерегінше, 2020 жылы «ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу» бағыты бойынша инвестсубсидияға 7,5 мың өтінім қабылданып, бюджеттен 30 миллиард теңгеден астам қаражат төленіпті. Оның қаншасы шетелдік зауыттарға кеткенін нақтыламайды. Ал 2019 жылы жаңа алынған тех­ника мен жабдықтың 74%-ы шетел­ден тасылған. Шамалы, төрттен бір бөлігін отандық өндірушілер қам­тамасыз етіпті. Өткен жылы мем­лекет АШ тех­никасын сатып алуды суб­сидиялауға жалпы көлемі 103,8 миллиард теңге шығындаған.

Ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер қауымдастығы (АШТӨҚ) биыл бұл үлес өзгер­мегенін жеткізді. Қайта алыс ше­телдің импорттаушылары қарқынын арттыруда. Техникасының өнімділігі жоғары екенін байқаған аграршылар соларға көбірек ынта-ықылас білдіруде. Бұл ретте құны көбірек субсидияланатыны да осы шешімге оң ықпал етеді. Қауымдастықтың мәлімдеуінше, пандемияға және жаһандық дағ­дарысқа қарамастан, қазақ­стандық өндірушілер екпінді еңбек етуін жалғастыруда. «Нәтижесінде, биылғы 10 айда былтырғы бүкіл 1 жыл бойғы көр­сеткіштен 70%-ға асатын көлемде трактор мен комбайн жа­салды. Сөйтіп, 2020 жылғы қаңтар-қазан айларында отандық зауыттар конвейерінен 2 730 трактор мен комбайн шықты. Бұл 2019 жылғы он айға қарағанда 2,2 есе көп: өткен жылы 34,2 млрд теңге тұратын 1 мың 615 бірлікті құрастырды. Құрал-жабдықтарын қоса есептесек, биыл жалпы саны 5 мың 153 бірлік қа­зақстандық АШ техникасы өндірілді (2019 жылы – 3 мың 164 бірлік болған)», – деді АШТӨҚ. Бұлардың жалпы құны 78 мил­лиард теңгеге бағаланады (2019 жылы – 37 млрд теңге). Соның ішінде 72,2 миллиарды – комбайн мен тракторға тиесілі. Рас, оның біразы өтпей, қоймада тұр. Сон­дықтан отандық зауыттар бюджет субсидиясының тек Қазақстанда жасалған техникаға ғана берілуін діттеп, сол идеяны ілгерілетуге тырысуда. Сонда қоймадағы бар өнімін сатып, өндірісін де арттыра алар еді. Сарапшылар бұл жолдың қауіпті екенін нұсқайды. Біріншіден, аг­раршылардың күні отандық машина жасаушыларға ғана қарап қалса, олар монополиялық жағ­­дайын пайдаланып, бағасын күрт көтереді. Ондай жағдайда 25 пайыз субси­дияның еш тиімділігі қалмайды. Ұқсас жағдай жеңіл автомобиль саласында болған: меморгандарға және квазимемсекторға шетелдік «темір тұлпарларды» сатып алуға тыйым салынғаны сол екен, отандық автозауыттар өз өнімінің құнын бірнеше миллионға шарықтатып жіберді. Екіншіден, «Қазақстанда жа­салған» деген аты ғана: заты сол баяғы – импорттық: көбіне, Ресей­ден, Беларусьтен және Қытайдан шашып әкеліп, бұрап-сұрап, құрастыра салады. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің, жалпы Үкіметтің қателігі де осында болса керек: айналып келгенде, ауыл бәрібір импорттық техникаға тәуелді. Азаттықтың 3 онжыл­дығында және индустрия­лан­дырудың 3 бесжылдығында то­лығымен отандық болатын тех­никаның өндірісі сол бойы жолға қойылмады.

Қытай өнімі шабуылдауда

Белгілі ауыл кәсіпкері Руслан Ибатов Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Сапархан Омаровқа хатында Қазақстанда құрас­тырылатын қытайдың Lovol-дарына бөлініп отырған миллиондарды азсынады. 2019 жылдың мамырында «Агро­машхолдинг KZ» АҚ ҚХР-дағы серіктестерімен бірге Қостанайда осы аттас тракторлар өндірісін құрды. Соны жинайтын цех ашты. Алайда бүгінде көп өтпей тұрғанға ұқсайды. Кәсіпкер бұған мемлекеттің субсидиялау жүйесін кінәлайды. – Министрдің субсидиялау қағидаларын бекіткен бұйрығында кейбір келеңсіз бөлім кездеседі. Мысалы, ондағы №1 жобасының паспортында 60 ат күшіне дейінгі қуаты бар тракторлардың 4,2 миллион теңгеге дейінгі құны ғана субсидияны есептеу құнына ілігеді. Ал қуаты 35 ат күшіне тең Lovol-354 тракторының нарықтық құны – 4,3 миллион, 60 ат күшіне бара-бар қуатты Lovol-604 тракторы 7,5 миллион теңге тұрады. Бұл дегеніміз, Lovol-604-ке мүлдем сұраныс болмайды деген сөз! Себебі 7,5 миллион теңгенің тракторына мемлекет небары 1 миллиондай теңге субсидия ұсынады», – деп ашуланады кәсіпкер. Ол АШМ басшысынан бұй­рығын өзгертіп, 60 емес, 59 ат күшімен шектеуді ұсынады. Сонда 60 ат күші ғана бар, аты – қа­зақстандық, «еті» мен «сүйегі» қытайлық трактор келесі – 89 а.к.-ға дейінгі тракторлар қатарына көшпек. Субсидиясы да 1,7 миллион теңгеге дейін өседі. АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов бұйрықтағы 4,2 млн теңге деген сияқты «субсидияларды есептеу үшін ең жоғарғы рұқсат етілетін құнның» аспаннан алынбағанын, 3 ірі жеткізушінің прайс-листі негізінде қалып­тастырылғанын жеткізді. АҚШ пен Еуропа өз техникасын қымбатырақ бағалайды, тиісінше, олардың рұқсат етілген жоғары құны жоғары. Бұл құнды одан әрі көбейтуге бюджеттің мүмкіндігі жоқ екен. «Рұқсат етілген құн лимиті жеткізушілерге көбірек субсидия алу үшін өз тауарының құнын жасанды түрде көтеруге мүмкіндік бермейді. Осы бағдарлама бюджеті шектеулі. Сондықтан аграршыларға ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін қажет базалық техникалар тізбесі ғана субсидияланады», – деді А.Сұлтанов. Қалай болғанда да, салада түйткілдер қордалануда. Бүгінде ауылда барлық трактордың 86%-ы ескірген – қолданыс мерзімі 10 жылдан асқан. 152,6 мың трактордың 117 мыңының «жасы» 17 жылдан артқан, яғни көне. Бүкіл ауыл шаруашылығы ма­шиналарының 45%-дан астамы пайдаланудың нормативтік мерзімін түгесіпті. Яғни, үздіксіз жөндеудің арқасында ғана ілбіп жүр. Олардан жоғары өнімділік күтудің өзі ұят. Тағы 30%-ы – қағаз жүзінде бар, бірақ есептен шығарылуы тиіс, сынып қалған техника. Қазақстанда ауыл шаруашылығы трактор­ларының жаңару қарқыны жыл сайын небары 1,2%. Үкімет ауылдың еңбек өнім­ділігін 2,5 есе көтеру міндетін белгіледі. Ескі-құсқы техникамен мұндай мақсатқа жетемін деу – «ұшатын кілеммен ғарышты ба­ғындырамын!» деген қиялға ұқ­сайды.

Елдос СЕНБАЙ